Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген «Қасиетті домбыра» атты педагогтар арасында өткізілген сайыс сценарийі
Мақсаты: Мәдени сауатты, қазақтың аспаптық музыкасын терең түсінетін, құрметтейтін, өресі биік, халқымыздың ұлттық аспабы домбыраны қастерлейтін ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосу. Педагогтарды өнерге бейімдеу арқылы әсемдік әлемін таныту, өнерге деген сүйіспеншілігін, ынта — ықыласын арттыру.
Көрнекілігі: Сахнаның ортасында «Қасиетті домбыра» жазуы, суреті,
домбыра және қазақ өнері туралы өнер зерттеушілерінің нақыл сөздері; слайдтар.
Жүргізуші:
Домбырам жүрегіммен үндес едің,
Сенімен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұрам сен болмасаң,
Өнердің не екенін білмес едім.
Домбыра түсінгенге мұң айтады,
Жаныңа жайлы тиер сыр айтады.
Жүректе қайғы менен нала болса,
Данадай демеу болған тыңайтады,- деп ақын ағамыз жырлағандай домбыраның үлкен бір дастанға өзек боларлық сыр-сипаты бар.
Ұлтымыздың асыл қасиеттерін болашақ ұрпаққа дәріптей білуіміз қажет. Осы бағытта Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған еліміздің мәдениеті мен рухани жетістіктерін насихаттау жолында көптеген игілікті істер қолға алынып жатыр.
Қасиетті қоңыр үн. Елдің мұңын мұңдаған, жүректің үнін тыңдаған, намысты қайрап шыңдаған, ерлік пен елдікті жырлаған қайран күмбірге толы домбыра үні!
Қазақтың бүкіл болмысы жыр мен әнде көрінді, тұрмыс-салттық дәстүрі өлеңмен бірге өрілді, қуанышы мен қайғысы күмбірлеген күй боп бірге төгілді. Сондықтан да қазақ домбыраны кие тұтты, оны үйдің төріне іліп қойып қастерледі. Он саусағынан өнер тамған, бүлкілдеген көмейі жырға толған талай арқалы ақындар мен аруақты жыршылар сөз киесі арқылы дүйім жұртты аузына қаратты, ұрпақты ұлттық дәстүрмен тәрбиеледі. Ел қорғау ісінде жыршы-жыраулар сарбаздардың рухын көтеретін ұранына да айналды, рухты тәрбиелеу жолында шариғат заңдарын толғау мен терме арқылы ұғындыратын құралына да айнала білді.Ғасырдан ғасырға ұласқан бабалар дәстүрі қазіргі кезде де өз жалғасын тауып келеді.
Биылғы жылдың 12 маусым күні Елбасы «Ұлттық домбыра күнін» атап өту туралы Жарлыққа қол қойғаны мәлім. Осылайша, 1-шілде – «Ұлттық домбыра күні» болып белгіленді. Жер-жерде бұл ұлы дәстүрді жаңғырту жолында көптеген іс-шаралар ұйымдастыру қолға алынды. Соның бірі сіздермен бірге өткізілгелі отырған бүгінгі шара.
Олай болса, «Қасиетті домбыра» атты сайсымызды бастайық.
Сайысқа қатысушы педагогтар топқа бөліну үшін үстел үстінен карточка алуларын өтінемін (екі түрлі домбыраның суреттері –бірі шертпе күйдің қалақ домбырасы, екіншісі төкпе күйдің домбырасы)
1.«Құрманғазы» тобы
2.«Тәттімбет» тобы
Әділқазылармен таныстыру.
Домбыра – қазақ халқының кең тараған екі шекті, көп пернелі музыкалық аспабы! Ол қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданған. Домбыра кейін аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуында ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтың фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады.
Домбыраны самырсын, шырша, қарағай, т.б. ағаштан жасайды. Ал домбыраның ішегін, пернесін қойдың ішегінен жасаған.
Домбыраның шығу тарихы.
Өзбекәли Жәнібеков «Аңыз әңгіме» туралы еңбегінде, домбыраның шығу тарихы туралы былай деп жазған: Ертеде бір хан қызының кедей жігітпен көңіл жарастырғанын сезіп қалады да, жігітті дереу дараға астырады. Жігіт өлгеннен кейін қыз одан егіз бала босанады. Оны аңдыған мыстан кемпір егіз баланы көз көрмес, құлақ естімес, алыс жерге апарып, жап- жасыл үлкен бәйтеректің басына ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып іліп кетеді. Сәбилердің көз жасы тамған бәйтерек солады, жүрегі тоқтаған нәрестелермен бірге ағаш та қуарады. Қаңқу әңгіме ел арасында жата ма, оны естіген ана егізін іздеп жолға шығады. Жолдан шаршаған ана ағаш түбіне келіп демалады. Құлағына күмбірлеген сарын естіледі. Қайдан шығатын әуен екенін естігісі келіп ағаш үстіне шығып тыңдаса, жаңағы бәйтерек сынып кетеді. Ағаш басынан түбіне дейін қуыс екенін көреді. Екі шек самал желмен тербеліп әуен шығады екен. «Егіз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар» деп сол ағаштан аспап жасап алады. Батысқа қараған ішек бостау, шығысқа қараған ішегін қаттылау керілген екен. «Астыңғы ішек жіңішке дауысты Зарлық қызым, ал үстіңгі ішек Мұңлық ұлым болсын» деп ат қойып, домбырасын тартып, күй шығарып, кеткен екен дейді.
Сайыс 5 бөлімнен тұрады:
1.Күйші, композиторды білеміз бе?( Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедьяров, Айгүл Үлкенбаева, Асылбек Еңсепов)
2.Кімнің күйі, қалай аталады? (Ұяшықтарды таңдап,үнтаспадан тыңдаған күйімізді қай күй, кімнің күйі ажыратып айтуымыз керек)
Құрманғазы «Адай» күйі, Нұрғиса Тілендиев «Аққу» күйі, Секен Тұрысбеков «Көңіл толқыны», Әбдімомын Желдібаев «Ерке сылқым»
Құрманғазы Сағырбайұлы «Балбырауын», Нұрғиса Тілендиев «Ата толғауы» күйлерін тыңдату, видеодан көрсету, күйдің шығу тарихы жөнінде әңгімелеу
3.Домбыра туралы ертегі, аңыз-әңгіме айту
4.Домбырамен ән салып, күй тартамын. (Домбырамен өнер көрсету)
5.«Қасиетті домбыра» (топтың постер қорғауы, домбыра туралы білетіндерін, білгендерін ортаға салу)
Домбыра мұнша шешен болдың неге
Күй толған көкірегің шежіре ме
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесін
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе, –– деп Қасым Аманжолов жырлағандай қазақ халқының басқа халықтардан ерекшеліктерінің бірі ол өзінің ұлттық музыкасының болуы. Атадан балаға жеткен, қадірлеп көзінің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналды. Қаймағы бұзылмай жеткен бұл өнердің бір шыңы домбыра күйлері. Бұл мұра ғасырдан ғасырға іріктеліп, түрленіп жеткен халықтың өзімен бірге дамып, қалыптасып отырған. Байырғы кезде қазақ үйінің төрінде әрдайым домбыра ілулі тұрған немесе үй-ішінің біреуі домбырада күй шертпейтін отбасы қазақ арасында кемде-кем болған.
Сайысымыздың 1бөлімі:
1.Күйші, композиторды білеміз бе? Слайд.
( Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедьяров, Айгүл Үлкенбаева, Асылбек Еңсепов)
2.Күй әлемі – адамзат мәдениетінің байлығы ішіндегі мұхиттай шексіз, ғажайып дүние. Күйде адамның асқақ, асыл ойлары, арман мақсаты, ізгі тілектері, қуанышы, қайғы қасіреті мен әр түрлі сезім иірімдері бейнеленеді. Күйдің адамның жан дүниесіне тигізетін әсері орасан, сондықтан оны шынайы ықыласпен қабылдау арқылы ғана түсінуге болады.
Кімнің күйі, қалай аталады? (Үнтаспадан тыңдаған күйімізді қай күй, кімнің күйі ажыратып айтуымыз керек)
Құрманғазы «Адай» күйі, Нұрғиса Тілендиев «Аққу» күйі, Секен Тұрысбеков «Көңіл толқыны», Әбдімомын Желдібаев «Ерке сылқым», Құрманғазы «Балбырауын», Н.Тілендиев «Ата толғауы» күйлерін тыңдату, (тапқаннан кейін орындаушыны видеодан көрсету, күйдің шығу тарихы жөнінде әңгімелеймін).
3.Домбыра, сенде мін бар ма?
Мінсіз болсаң- тіл бар ма?
Тіл жоқ деуге бола ма,
Тілден артық үн бар да.
Домбыраның күші мол
Көмейінде күй бар да –
– дегендей “Күй – біздің музыкалық тілімізде ертеден келе жатқан сөз. Ежелде “күй” сөзі музыкалық және вокалдық ұғымды біріктірген болуы керек”. Күйді шығарушы көбінесе домбырада орындаушы адам. Домбыра – елдің қуанышы мен мұңын естірткен. Ендеше біз домбыра туралы қандай ертегі, аңыз-әңгіме білеміз?
Домбыра туралы ертегі, аңыз-әңгіме айту
4.Домбырамен ән салып, күй тартамын. (Домбырамен өнер көрсету)
5.«Қасиетті домбыра» (топтың постер қорғауы, домбыра туралы білетіндерін, білгендерін ортаға салуы)
Сайыс қорытындысымен таныстыру үшін сөзді әділ — қазылар алқасына береміз. (Қазылар алқасы жеңімпаздарды мақтау қағаздарымен марапаттайды)
Домбырадай шежіре жыр болмаған
Даламыздың тарихтарын толғаған.
Армандарын, армандарын, армандарын халқымның
Аманат қып ұрпағына жолдаған – дей отырып, бүгінгі шарамызды аяқтаймыз.
Құрметті педагогтар сіздерге рахметімді айта отырып, қазағымыздың киелі домбырасы мәңгі жасай берсін, өнерлеріңіз өрге жүзсін, – деп сайысымызды аяқтаймыз! Көп-көп рахмет!
Избаганбетова Куляй Жалғасқызы,
Атырау облысы, Атырау қаласы.
жоғары санатты музыка пәні мұғалімі