Home » Жаңалықтар » Қарты бар үйдің қазынасы бар…

Қарты бар үйдің қазынасы бар…

Тағлымы мол қазақ халқы «баланы жастан» деп, сәби кезінен тәрбиемен тәлімдеген. Дүние есігін ашқан сәттен бастап  ана  әлдиін  естіп,  одан  өсе  келе  әженің  қызықты  ертегілерімен  құмарланып,  данышпан даралардың еңбектерін  оқып  өскен.  «Үлкенге  құрмет,  кішіге  ізет»  дегендей, ұлтымыздың өскелең ұрпағы әркез үлкенге  құрмет көрсетіп, кішіге үлгі болу керек  екенін  естен шығармаған.Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында Атыраудағы Назарбаев  Зияткерлік мектебінде «Үш ізгі іс» атты қайырымдылық жобасы жүзеге асты. Жобаның басты мақсаты — оқушылардың бойында рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы, олардың бойында адами қасиеттерді қалыптастыру, болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбиенің негізін сіңіру.

Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 «А» сынып оқушылары жалғыз басты ана, еңбек ардагері, Мориц Роза Оскаровнаға қол ұшын созды. Олар көмек ретінде бір жолғы азық-түлікті апарып, қарияның пәтерінде тазалық жұмыстарын ұйымдастырды. Оқушылар Роза әжейдің бір күндік тірлігінің қалай өтетіндігіне көз жеткізіп, қартайғанда жалғыздықтың зардабын өз көзімен көрді. Қарияның көңілін аулап, жүрегіне жылулық сыйлауға асыққан зияткер оқушылар кейіпкердің әңгімесіне қанықты.

Роза Оскаровна — балық өндірісінде ұзақ жылдар тынымсыз еңбек еткен тыл ардагері. Балалық шағы зұлмат соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген ол, қиын-қыстау жылдардың өтпелі кезеңін жиі еске алады. Әсіресе сегіз жасар ерке қыздің тіреніші болған әкесі мен қорғанышы болған ағасынан ерте айрылғаны кейіпкердің жүрегінде мәңгілік сызат қалдырған. Роза әже сұрапыл соғыс кезінде болған бұл оқиғаларды ой елегінен өткізіп, бүгінгі бейіт Тәуелсіз күнге жеткені үшін шүкіршілік етті. Соғыс аяқталғаннан кейін арман қуып, білім алған ол жалынды жастық шақтың қадірін қартайғанда білетінін айтады. Кезінде А.С.Пушкин, Л.Толстой секілді ұлы орыс ақындарының шығармаларын  оқығанын, қолы қалт етсе қусырып отырмағандығын айтады. Сөз соңында ол болашақ жас ұрпаққа шын ниетпен тілегін білдіріп, алғысын жаудырды.

 

9 «А»сынып оқушылары:

Дайранова Қамарсұлу, Қапидолла Балбөбек

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.