Қазақ қашанда «Қарты бар үйдің қазынасы бар» — деп қарттарын құрметтеп, ұлыларын ұлықтаған халық емес пе. Қаймағы бұзылмаған ұлттық тәрбиені жас ұрпақтың бойына саналы тәрбие мен сапалы білім арқылы сіңіріп өсуіне өзіндік үлесін қосып жүрген ел дәстүрін ұлықтаған Төрешова Ақмарал Қарғынбайқызы басқаратын Қызылорда қаласындағы «Сыйқырлы әлем» балабақшасында рухани жаңғыру бағытында дәстүрлі жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді.
Соның бір айғағы «Қарттарым- асыл қазынам» атты қарттар күніне арналған кездесу кеші. Жас балғындармен жүздесуге тыл ардагері И. Ереже, зейнеткер С. Дүйсенбай және зейнеткер М.Еспанова әжей келді. Кездесу барысында қарттар өз өмірлерінен сыр шертіп, естеліктерімен бөліссе, бөбектер қарттарға арнап бірі жырдан шашу шашса, бірі әуелете ән салды. Бүлдіршіндердің, ұжымның игілігі мол істерін көріп қарттар ақ баталарын берді.
Жалпы «Сыйқырлы әлем» балабақшасында әрдайым тағылымы мол шаралар кеңінен өткізіліп тұрады. Қазіргі таңда балабақша білім беру қызметінде озық шет елдік және отандық технологиялармен қатар үштілді терең меңгеруге арналған жабдықтармен толық жабдықталған. Күн сайын балалар бақшада үш тілде ән салып, би билеп, тақпақ жаттап ой-танымдарын дамытуда. Бұған ата-аналар риза.
Балғындарды жарқын болашақа жетелейтін балабақшамыздың болғаны мен үшін үлкен мақтаныш. Келешектің кілті- білімді ұрпақ.
Гүлзада Нұрмағамбетова
«Сыйқырлы әлем» балабақшасының
ән-әуез жетекшісі
Қызылорда қаласы