1 қазан – Қарттар күні
Мақсаты: оқушы бойына халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіру, үлкенді сыйлау, өз ата-бабасын ұмытпай сақтау үшін және салт-дәстүрден нәр алып өсуіне, инабаттылыққа, жақсы мен жаманды ажырата білуге, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу.
Жоспар: І. Кіріспе
ІІ. «Мен – атам мен әжемнің жалғасымын» монтаж
ІІІ. Көрініс: «Тоқта балам, атаң келер артыңда»
ІV. Аталар сөзі – ақылдың көзі: Аталы сөздер айту.
Оқушылардың сұрақтар беру арқылы пікірлесуі.
І жүргізуші:
Хош келіпсіз, ақ жаулықты аналар,
Ақыл кенін арқалаған аталар.
Алдарыңда жауқазындай құлпырған,
Біз – алаңсыз, балғын шақты балалар
Армысыз, ауылымның асылдары,
Жайнасын көңілдердің жасыл бағы.
Сіздер үшін ән мен күй, өлең мен би,
Сіздер үшін мереке шашулары.
ІІ жүргізуші: Қымбатты, ақылдың кенін арқалаған айбынды аталар! Ақ жаулықты аналар! Шынайы да ізгі сезімдерді, білімнің алтын діңгегін сыйлаушы ұстаздар қауымы! Барлықтарыңызды қазан айының алғашқы мерекелері қарттар, ұстаздар мерекесі тоғысқан күнімен құттықтаймыз.
Аппақ шашың күн сайын қылаңдаған,
Зейнет емес бейнеттен арылмаған.
Тәңірімдей табынып өтем мәңгі,
Қариялар өзіңді ел сыйлаған.
І жүргізуші:
Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептейміз. Міне, енді қарттар күні – саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын аға-апаларымыздың төл мерекесі. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына. Қарттар – біздің асыл қазынамыз. Олай болса, осында отырған аталарымыз бен апаларымыздың мейрамы құтты болсын! (қарттарды музыкамен ортаға шақырамыз).
І жүргізуші: Өміріңіз ұрпаққа өнеге мың,
Тілейміз қуанышқа бөленгенін.
Жүзге келіп, марқайып отырыңыздар
Қылығына қуанып шөберенің-деп, ортаға Телман ата мен Зәуре әжені шақырамыз.
Аман болсын бастарыңыз,
Ағармасын шаштарыңыз.
Шөбере сүйіп әлі де,
Жүзге жетсін жастарыңыз, – деп, ортаға Райхан ата мен Раушан әжені шақырамыз.
І жүргізуші: Абырой амандығың арта берсін
Бақ-дәулет қызығымен қатар берсін.
Ұрпағың жақсы көрген жиі келіп,
Таусылмас дәм-тұзыңды тата берсін, — дей отырып, Орынбек ата мен Әсия әжені ортаға шақырамыз.
Өздерің болсаң жанында Ел іші жомарт, еңселі Дән исі сіңген қанында Даламның бір-бір бөлшегі, — деп, ортаға Кашан ата мен Салимаш әжені ортаға шақырамыз. Қарттар жүрсін ортада Өткенді көрген шежіре Аман-сау болсын әрқашан Сыйлаған бақыт біздерге, — деп ортаға Ақлима әжені шақырамыз.
ІІ жүргізуші: Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізінен ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, бір қауымға бас-көз бола білген ауыл қарттарының орны ерекше. Біздің халқымыздың ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асу. Қазақ қарты жасына лайық ауызы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, ойы терең ақылы телегей теңіз болып келеді. Міне, осындай теңеуге лайық қарияларды жылына бір рет келетін 1 қазан Қарттар күнімен құттықтай отырып, кешімізге хош келдіңіздер демекпіз!
І жүргізуші:
Дүниеге келер бір рет
Құрыштан құйған құдірет
Балалар, ол кім?
Әрине, қарттарымыз.
Олай болса, бүгінгі кешімізді орындауындағы «Туған жер» әнімен ашамыз.
ІІ Жүргізуші: Халқымыздың тәлім-тәрбиесі ананың ақ сүтімен, әже өнегесімен, аталар ақылымен берісіп, өзіндік қасиетімізді қалыптастыру көзделген. Ендеше, «Мен атам мен әжемнің жалғасымын» бөліміне құлақ түрелік. Монтаж
ІІ жүргізуші:
Қарттар жүрсін ортада, Өткенді көрген шежіре. Аман-сау болсын әрқашан, Сыйлаған бақыт біздерге, — деп, Октябрь ауданының ІІ аудандық патриоттық ән байқауының ІІ дәрежелі диплом иегері. 3 «В»сынып оқушысы Қайролла Рауан, Ән: «Жақсы көрем атамды»
І жүргізуші:
Өн бойың тұнған ақыл, ұлағат
Ешкімге жасамайтын қиянат.
Жайлап қана ақылменен түзейсің,
Болып қалса ұғына алмай бір сағат.
Ниеті ақ, көңілі кең дариядай,
Аман болшы, кең дария қарттарым!!
ІІІ. Көрініс: «Тоқта балам, атаң келер артыңда». Қарттар үйінен көрініс: Қарттар үйі. Күңгірт бөлме, бөлмеде жалғыз Ана отыр. Ескі совет үкіметі кезінен келе жатқан үстел үстіне ананың жүрегіндей апақ қағаз. Еріндері қозғалып, жанары жасаурап баласына хат жазып отыр: «Балам сені сағындым, сарғайдым… Қашан келесің?… Немерелерімнің жүзін бір көруге зар болдым… Сұмдық бұл заман не боп барады? Не істеп қойдым, иә Раббым, кеше гөр! Өзім кінәлімін, тәрбиемнен шала кетті, бекер-ай! Балам қашан келеді? Мына сұм жер! Бәрі де орыстар, жат адамдар. Күнім тек күтумен өтеді…» — деп хатын жаңа аяқтай бергенде, көзінен мөлдіреп жас аға берді. Ана көзілдірігін шешіп, бұрынғы баласы сыйлаған орамалмен бетінен тап бір бұлақтай аққан жасын сүртеді..
Сол жерде ата «Қара шал» өлеңінің әні естіліді.
ІІ жүргізуші:
Қарттарым, сіздерге Алла саулық берсін,
Денсаулық ауыз-бірлік бола берсін!
Тап-таза абыройлы болғаныңды
Қазіргі ел билеген жастар көрсін! –деп, кішкентайынан әлпештеп өсірген жалғыз ұлының анасы мен әкесіне деген ризашылығы осы ма? Мұндай жаманшылықты көрсетпеуге мына отырған ұрпағың жауап береді деп ойлаймыз!!
Ән: «Қазақтай ел қайда» — Ақжол.
І жүргізуші: Ата – ардақты тұлға. «Әкеден ұл тусайшы, ата жолын қусайшы» деп халық ұрпаққа атаның мұрасын жалғастыруды уағыздайды. Ата ұрпағының, қайырымды, мейірімді, ақылды іскер болуын тілеп сол үшін қамқорлық іс-әрекеттерін жерге жеткенше дамыта береді, өнеге көрсетеді, өсиет айтады.
Ортаға 3 «В» сынып оқушысы Жанайдарова Амина мен Баянбекова Нұрсәуле поэзия алыбы Мұқағали өлеңімен.
Мұқағали Мақатаев «Мен қарапайым қарттарды сүйем». Азайып бара жатыр. Ән: «Ақ тілек», орындайтын – Қабышева Аружан.
ІІ жүргізуші:
Той деп бүгін халқым шашу шашады, Той деп бүгін әлем сырын ашады. Қарттар күні мейрамына арналған, Бишілер өнерлерін шашады. Би — «Қазақ биі».
ІV. Аталар сөзі, ақылдың көзі: Аталы сөздер айту.
- Оқушылардың сұрақтар беру арқылы пікірлесуі.
І жүргізуші:
Көп жасаған қария
Ақылы теңіз дария.
Көп өнеге сөзі бар,
Сөзі – соқпақ, сөзі – нәр.
Ата салты ардақты,
Әрбір сөзі салмақты, —деп, кездесуіміздің тағы бір бөлімі «Аталар сөзі – ақылдың көзін» ұсына отырып, аталарымызға өздерінің көкейде жүрген сұрақтарын жолдау кезегін оқушыларға ұсынамыз.
1-сұрақ: Қиын-қыстау кезеңдердегі қимас достық, жолдастық туралы не айтар едіңіздер?
2-сұрақ: Естен кетпес оқиғалар мен болашақ мына біздерге қандай аманат айтар едіңіздер?
3сұрақ: Қазіргі заманғы қазақи тәрбие туралы не айтар едіңіз?
Ардагерлер ардақты асыл жандар Немеремен мерейі тасығандар Білімнің сәулесі мол нұр көшінде
Шуақ боп, шапағат боп шашылғандар, –
І жүргізуші: Бүгінгі ұрпақ үшін жасаған бар жақсылықтарыңыз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Сіздерге зор денсаулық, көтеріңкі көңіл — күй, отбасыларыңыз бен замандастарыңыз арасында атап өтетін мереке күндері көп болсын деп тілейміз. Егде тартқан жастарыңыз еңселеріңізді түсірмей, өмірлік күш — қуаттарыңыз ұзағынан болғай! Жүректен шыққан ізгі тілектерімізді қабыл алыңыздар.
ІІ жүргізуші: Ел президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Қазақстанда ардагерлерге қамқорлық жасауда ауқымды шаралар іске асырылуда. Біз, сіздердің балаларыңыз бен немерелеріңіз, тәлімді тәрбие, сапалы білім беріп өсіргендіктеріңіз үшін, өмірдің небір қиындықтарын қайыспай жеңе білуге және жеңістерге шаттана білуге үйреткендеріңіз үшін терең алғысымызды білдіреміз. Баршаңызға мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл күй, ұзақ ғұмыр тілей отырып келесі әнді өздеріңізге арналады Ән: «Нұр аға» — 3 «В» сынып оқушысы Сағындық Ерасыл.
1-жүргізуші
Қарттар жүрсін ортада Өткенді көрген шежіре Аман-сау болсын әрқашан Сыйлаған бақыт біздерге,
Аса құрметті қариялар мен ұстаздар, сіздер қандай да сый-құрметке болса да лайық жансыздар. Сіздердің өнегелі өмір жолдарыңыз бүгінгі ұрпаққа қайталанбас үлгі. Олай болатын болса, бүгінгі кешіміздің естен кетпес бір салтанатты сәті, келешек мына ұрпақтарыңыздан кішкене сыйлықтарымызды тарту етуге рұқсат етіңіздер (сыйлықтар тарату, суретке түсу).
Ахмет Гүлбақша Төлегенқызы
Әлихан Бөкейхан атындағы №76 ЖББОМ
бастауыш сынып мұғалімі
Қарағанды қаласы