Home » Мақалалар » Қарттарым – асыл қазынам

Қарттарым – асыл қазынам

Уақыт – ешкім тоқтата алмайтын алып кеме. Сол кеменің жүрісімен өмір толқындарымен араласа, арпалыса, балғын балалық шағыңа қол бұлғап, адамзат өмірінің мағыналық шағына келіп жеткен жандар бар. Олар – біздің бүгінгі нұрлы өміріміздің, алаңсыз күлкі, тәтті ұйқымыздың да бейбіт сақшысы бола білген, самайларын қырау шалып, жүздерін уақыт әжімі торлаған данагөй қарияларымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз емес пе? «Ауылыңның маңында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең. Ауылында ақылгөй қария болса жазып қойған хатпен тең». Иә, өткенімізді қарияларсыз елестету мүмкін емес…

Мұқағали жырына арқау болған ақылы дария қарияларымыздың халықаралық мерекесі елімізде тойлануда. Қарттар күнін атап өтудегі басты мақсат – аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға, жалғызбасты қарт зейнеткерлер мен қарт мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және де басқа да көмек түрлерін көрсету болып табылады.

Жетісу ауданына қарасты №108 жалпы білім беретін мектепте осы мерекеге орай «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» тақырыбында айлықтың ашылуы салтанатты түрде өткізілді. «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбында сурет көрмесі, 6-сынып оқушыларының қатысуымен «Менің сүйікті әжем» тақырыбында шығармалар сайысы, «Қарттарым, аман-сау жүрші» деп аталатын мерекелік кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуге жылдар бойы мектебімізде ұстаздық еткен ардагер-ұстаздар шақырылып, оқушылар қошеметіне бөленді. Кездесуге математика пәнінің мұғалімі зейнеткер-ұстаз Сәлімгерей Мұхамбетұлы мен Сәлида Әнешқызының айтқан естелік-әңгімелері оқушылар көңілінен шықты. 7 «В» сыныбының жетекшісі С. Бейсенбаеваның «Асыл қария – ағып жатқан қария» атты тәрбие сағаты ата-әже мен немерелер арасындағы тәрбиелі байланыстың куәсіндей. Осы мерекелік іс-шараның соңында 8-сынып оқушылары сынып жетекшілерінің ұйымдастыруымен қаладағы қарттар үйіне барып, ән шырқап, өлең оқып, би билеп, қамқөңіл жандардың көңілдеріне шаттық сыйлап қайтты.

Мектебімізде қазыналы қарттар күніне орай өткізілген іс-шаралардың жастар бойына ұлттық ұлағатты қасиеттерді сіңіріп, имандылыққа, мейірімділікке тәрбиелеп, оралы сөздерден өнеге алуға баулуда атқаратын рөлі ерекше екені сөзсіз.

Мектеп басшысы Р.Б. Әлдіғазы бастаған мерекелік іс-шараға мектеп мұғалімдері мен оқушылар өз үлесін қосып, бір кісідей ат салысты.

 

Г.Е. Бертилеуова

108 жалпы білім беретін мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.