Ықылым заманнан бері ұстаз атаулының шоқтығы қашан да биік. Ұстазға құрмет көрсету- білімге құрмет көрсету. Адамның адамшылығы- жақсы ұстаздан» деп Абай атамыз айтқандай, біз бүгін Қарағанды шахарындағы № 102 мектеп- гимназиясының басшысы, үздік ұстаздарының бірі де бірегейі, білім ордасының шоқтығы, абыройын биіктеткен- ұлы ұстаз Мусина Айман Оразовна жайлы сөз етпекпіз. Мектептің оқушыларына дейін үлгі алып, құрмет көрсететін биік тұлға деп білеміз. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім- тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай жүретініне сенімді Айман Оразқызы оқушыларына білім, ілім үйретерде тәрбиеден бастау керек екенін алға қойған. Ұстаз болу- жүректің батырлығы екені шүбәсіз. Әр оқушыға әсерлі ой қалдыру, қызығушылығын ояту- үлкен махаббат пен мамандыққа деген қызығушылықтың жемісі.
Айман Оразқызы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында 1963 жылдың 4 қаңтарында дүниеге келген. 1982-1987 жылдар аралығында Қазақтың Мемлекеттік Әйелдер педагогикалық институтын бітіріп, бірден педагог жолын Алматы қаласындағы 65 орта мектебінде қазақ тілі мұғалімі ретінде бастаған. Әр мекемеде өзіндік орны бар Айман Мусина көптеген білім ордаларында қызмет жасаған. 30 жыл педогика саласында еңбек етіп келе жатқан тәжірибесі мол, ұстаздардың ұстазы болған да жайы бар.
2011 жылы Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл мерекелік медалімен наградталды. Сондай- ақ, 2013 жылы Білім беру ісінің құрметті қызметкері атағымен, 2013, 2014 жылы Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу- әдістемелік орталығының Алғыс хатын алған болатын. Қарағанды қаласының білім бөлімінің құрмет грамотасын 2013 жылы, Кеншілер мәдениет сарайы директорының Алғыс хатына 2014 жылы қол жеткізген. 2015 жылы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім Академиясының Құрмет грамотасына бұйырды. Көптеген наградаларға қол жеткізіп, білікті де білімді маман екенін дәлелдеген Айман Оразқызы педагогика әлемінде өзіндік ұстанымын қалыптастырған деп айтуға әбден болады.
5 жылда 1 шығатын Үздік ұстаздар кітабында Айман Оразқызы жайлы мақала жазылған. 100 үздік білім бөлімінің басшылары республикалық көлемді газетінде аты аталған. Тағы бір мәрте өзін дәлелдеген ұстаз ана Тәуелсіздікке 25 жыл толуына орай медальмен марапатталған. Қазіргі таңда, Айман Оразқызы жайлы көптеген мақалалар шығып үлгерді. Аяулы ұстаздан білім алған шәкірттер қазір шет ел асып, білім- ғылым жолында өздерін көрсетуде. Ұстаз ана ерекше сезіммен айтты бұл жайында. Германия, Түркия, Великобритания, Қытай елдерінде оқу оқып, жұмыс жасап жатқан түлектерімен ерекше мақтанатыны ұстаздың көзіндегі нұрдан көрініп тұрды. Қашан да нағыз ұстаз ең алдымен, шәкіртін ойлап, білім жолын қуғанын қалайды деген рас екен. Көптеген Гран-при иегерлері атанған оқушылары жайлы әңгіме айтып, марқайып қалғаны тағы бар.
Және мектептің жетістігіне зор үлес қосқаны жайлы айта кетпеуге болмас. 2010 жылы енгізілген e- leining бағдарламасын жүзеге асырып, Республика бойынша 41 мектептің қатарына, Қарағанды қаласы бойынша алғаш рет Электронды оқыту, компьютерлік құралдарды жетік меңгерген мектептер қатарына кірген екен. Облыс бойынша мұғалімдерге, әкімшіліктерге үйретіп, заманауи мектеп екенімізді көрсеттік дейді. Алматы, Астана қалаларында Деңгейлік оқыту кешенін тәмамдап келіп, тәжірибесімен әріптестерімен бөлісіп жатқандығы айқын. Сонымен қатар, елордамыздағы басшылар курсынан да өтіп, квалификациясын жоғарылатқан. Заман болса жаһандану кезеңінде тұр. Бұндай кезеңдерде қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті — ұстаздардың қолында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» – деген еді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан келе бермейтінін айтқымыз келді.
Наргиза ШОТБАЙ
Қарағанды облысы бойынша
Республикалық «Білім айнасы» газеті
мен bilimainasy.kz сайтының тілшісі