Home » Білім және тұлға » Қарағандылық ұстаздың ерекшелігі

Қарағандылық ұстаздың ерекшелігі

«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» – демей ме бабаларымыз?!  Мінекей, бүгін де анасының ұстаздық жолын  жалғап келе жатқан Қарағанды қаласындағы №66 мектебінің тарих пәнінің ұстазы Қарлығаш Мұратқанқызы жайында сөз қозғамақшымын.

Қарлығаш Мұратқанқызы 1974 жылы желтоқсан айының 5-ші жұлдызында Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Нүркен совхозында дүниеге келген.  Анасы 30 жыл мектеп қабырғасында қазақ тілі мен әдебиет пәнінен ұстаздық еткен жайы бар. Бойына анасының ақ сүтімен дарыған бұл қасиет, бүгін де өзін жетелеп келе жатқанын мақтана айтады.

1992 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, 1997 жылы тәмәмдап шықты. Сол жылдан бастап бүгінгі таңға дейін осы салада жүргеніне 20 жылдың жүзінен асып та кеткен екен.

«Еңбек жолымды Нүркен колхозындағы №10 мектептен бастап, 8 жыл қызмет атқардым. Содан кейін бір жарым жылдың көлемінде Сартировка станциясында жұмыс жасап, бүгінде Қарағанды қаласының №66 мектебінің ұстазымын. Содан бері 10 жыл да өтіп кеткен екен» – деп жайғана жылы жымиып қойды.

Қарлығаш Мұратқанқызы қазіргі уақытта осы мектеп ішінде тарих бірлестігінің әдістемелік жетекшісі. Жоғарғы санаттағы ұстаз. «Қазақстан тарихы», «Дүние жүзі тарихы», «Құқық» пәндерінің оқытушысы болып қызмет атқарады. Сонымен қатар 10 Ә сыныбына жетекшілік те етеді.

Оқушылардың бойына білім нәрін сусындатып,  тарих пәніне деген қызығушылығын арттыра білген үздік ұстаздың да еңбегі еленбей қалған емес. Қалалық және облыстық білім бөлімі тарапынан да бірнеше мақтау қағаздарымен марапатталған. Былтырғы жылы Республикалық «Тағылым» журналы «100 үздік мақала» – деген байқау жариялаған болатын. Сол додада  Қарлығаш Мұратқанқызының мақаласы  «100 үздік мақаланың» біреуі болып кітапқа еніп, бір қуантып тастаған болатын. Қалалық олимпиадаларда әділқазылар мүшесінің құрамында жетінші жыл қатарынан көрініп келеді. Сонымен қатар «ұлттық тестілеу орталығының» шақыртуымен бір жұма бұрын Астана қаласына барып, мұғалімдерге арналған сұрақтарға экспертиза жасап қайтты. Жылда өтетін ұлттық бірыңғай тесттің аппеляция мүшесі болып келгеніне 5 жылдың жүзі болып та қалыпты. Әрине, осындай жауапты істерді білімі жоғарғы, дәрежелі, қырағы ұстаздарға тапсырмайды ма?!

«Менің жеке принципім – әр бір оқушымен жеке жұмыс жасау. Өмірдегі ең басты жетістігім – оқушыларға сапалы білім беріп жатқанымда. «Қазақстан тарихы» пәні бойынша ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде мектебіміз жылда ең жоғарғы көрсеткіштерді көрсетіп келе жатыр. Бұл біз үшін, мектебіміз үшін өте үлкен жетістік. Мен оқушыларымның жетістігімен мақтанамын» – деп өз пейілін білдірді Қарлығаш ұстаз.

Осы уақытқа дейін Қарлығаш Оспанова дайындаған оқушылар легі додалардан ешбір жүлдесіз қайтқан емес. Солардың бірі Жансая Бақытжанова. 10 сынып оқушысы қазақстандық интернет олимпияда КИО бойынша облыстық кезеңнен 2-ші орын және республика бойынша 3-ші орындарды қанжығасына байлаған. Қалалық «Тұлға тану» ғылыми практикалық конференциясынан Бөдеева Ақгүлім 3-ші орынды еншіледі. Дәл осы конференцияда былтырғы жылы Алтынбек Рысбек өзінің отбасы жайлы жұмысын қорғап шығып, «Отбасым – мақтаныштар парағы» номинация бойынша 1-ші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар Дарибаев Марғұлан облыстық қазақстан тарихы пәнінен өткен олимпиядалар мен конференцияларда бес жыл қатарынан қатысып, жүлдесіз қайтқан емес.  Былтырғы жылы қалалық олимпиядада Әліби Тоқтаров 3-ші орынды еншілеп қайтты және т.с.с.

«Мектептің жанары – мұғалім. Мұғалім қандай болса – мектеп те сондай болмақ. Яғни, мұғалім білімді болса, балалар көбірек білім алып шығады» – дейді орыс жазушысы Л.Толстой. Шәкірттері додалардан топ жарып, жетістіктерге жете білсе – ұстазының білімділігі емес пе?!   Шыңдарды бағындырып, елінің қамын ойлайтын біртуар азамат, азаматшалар болары шүбәсіз. Себебі, сіздей ұстаздың тәлім-тәрбиесін алып өскен ұрпақ бақытты деп білемін!

 

                                            Ербол ЕРБОЛАТ
Қарағанды облысы бойынша Республикалық «Білім айнасы» газеті
 мен bilimainasy.kz сайтының тілшісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.