Оқушылардың білімін дәстүрлі түрде бағалау көп жағдайда объективті көрсеткіштерге негізделмей, тек мұғалімнің субъективтік көзқарасы мен ұйғарымдарынан тұратындығы бәріміздің есімізде. Мұнда ұстаз сыныптың орта деңгейін негізгі көрсеткіш ретінде тандап оқушылардың білімін осы шәкілмен бағалайды. Көбіне көп талаптар оқулық мазмұны мен мұғалімнің айтқанын неғұрлым түпнұсқаға жақын қайталаумен байланысты. Егер бағалауды оқушының үйрену деңгейін анықтап оны дамытатын бағыт мен мазмұнды айқындау деп түсінсек онда дәстүрлі бағалауды оқушының қателерді жіберу/жібермеуін қадағалап дұрыс/бұрыс жауаптардың санын ескеретін жүйе деп атау керек. Бағалаудың мақсаты – баға қою.
Сабақ барысында қадағалау мен бағалауды үздіксіз түрде жүзеге асыру мүмкіндігі мұғалімдерде көп емес. Шындығында да мұғалімдер үшін 40 минут ішінде оқушылардың барлығының да қалайша үйреніп жатқандығын, олардың әрқайсысының түсінігі қандай дәрежеде екендігін білу – қиын шаруа. Бағалауды мұндайда қалайша жүзеге асыруға болады? Әрине, егер бұл жұмысқа мұғалім өзі ғана қатысатын болса, онда оның уақыты да жетпес, мүмкіндіктері де шектеулі болады.Сол себептен бағалауға оқушылар да белсенді түрде қатысуы керек. Бұл арқылы оқушылар өзін-өзі және бір-бірінің білімдері қандай дәрежеде екендігін анықтап, үйренуге қандай өзгерістер енгізу керектігін айқындайды. Осылайша оқушылар талдау және рефлексиялау дағдыларын қалыптастырады, өзіне өзі есеп беру арқылы үйренудің нәтижелерін бағалайды: «Не үйрендім? Қалай үйрендім? Не үйренгім келеді? Үйренуімді қалайша жақсарта аламын?» деген сұрақтарға жауап береді, өз жұмысы мен үйрену деңгейін басқалардың әрекеттері мен үйренгенімен салыстырады.
Сонымен бүгінде бағалау тек мұғалім тарапынан жүзеге асырылмай, оқушылардың өзін-өзі және бірін-бірі бағалау жағына ойысқан. Әр сабақта оқушылар өзінің және өзгелердің әрекеттері мен білім деңгейіне талдау жасап оларға баға беріп отырады. Алайда оқушы олардың жақсы болған/болмағанын қайдан біледі? Сондықтан да бағалау жасау үшін оқушы өз жұмыстары мен білімін қандай да бір үлгі эталонлармен салыстыруы керек. Ал салыстыру жасау үшін осындай эталдондар туралы хабардар болуы керек. Оны қайдан білуі керек?Әрине ол үшін мұндай эталондарды анықтап, оларды жан-жақты сипаттап, олардың қандай болуын тәптіштеу керек. Басқаша сөзбен айтқанда, эталондардың критерийлерін нақты көрсету керек. Бұл мүмкіншілікті критериалды бағалау береді.
Шынтуайтқа келгенде , әр мұғалім әр оқушының біліміне, оның үйренуіне мүдделі болғаны шарт. Ұстаздың есіл-дерті “Оқушылар жақсылап ұғынса екен, көптеп білсе екен! Олар оқуда қандай қиыншылықтарға кезігеді екен? Ол қиыншылықтарды қалайша жеңуге болады? Оқушылардың білімін қалайша толықтыруға болады?” деген ойдың маңайында болуы қажет. Сонда шәкірттерінің білімі мен үйренуіне ыстық ықылас танытатын мұғалім оқушыларын білім игеруге ынталандырып, жігерлендіріп, оларды әр сабақта қолдап, қолпаштап, жәрдем-көмегін аямай, оларға қолғабыс тигізіп отырады. Шәкірттерінің білімге деген уәж, ықыласын дамытып, оларды талаптандырады, шабыттандырады. «Ең жақсы ұстаз – шабыттандыратын ұстаз» (Дж. Уорд) деп бекер айтылмаған да болар. Бұған қоса әр оқушы өзінің қалай оқып-үйреніп жатқандығын, қай деңгейде екендігін, өз білім-біліктерін, машық-дағдыларын, құзырлықтарын қалайша өсіруге дамытуға, тереңдетуге болатындығын айқындайды. Бұл үшін шәкірт өз білімін белгілі бір өлшемдермен, талап-критерийлермен, үлгі-эталондармен салыстырып, өзін-өзі бағалайды
Оқушылардың бағалау критерийлерін білуі мен түсінуі:
- Критерийлерді құрастыру бағалауды барлық оқушылар үшін ашық қылып, түсінікті жасайды.
- Критерийлерді бірлесе құрастыру бағалауға деген позитивті көзқарасты қалыптастырады.
- Критерийлер негізінде бағалау білігі адамның өмір бойғы дағдысына айналады.
- Критерийлерді құрастыру бағалауды барлық оқушылар үшін ашық қылып, түсінікті жасайды.
- Критерийлерді бірлесе құрастыру бағалауға деген позитивті көзқарасты қалыптастырады.
- Критерийлер негізінде бағалау білігі адамның өмір бойғы дағдысына айналады.
Әсілі мұғалім мен оқушы бірлесе отырып, екі жақтап оқушының оқуы мен білімін жақсарту мақсатында оның қалай оқып жатқандығы туралы аралық кезеңдерде ақпарат жинақтап, оны талдап, шешім мен қорытынды жасағаны дұрыс, өйткені екеуі де оқудың қомақты нәтижелеріне қол жеткізуге мүдделі. Сол себепті екеуі де одақтас іспеттес, екеуінің де «илеп жүргені – бір терінің пұшпағы».
Мұндай бағалауда ең маңызды мәселе екеу: 1)Оқушы қалай оқып/үйренуде? 2) Оқушының оқып/үйренуін қалай жақсартуға болады? Басқаша сөзбен айтқанда, бағалау оқушының білім мақсаттарын қаншалықты сәтті түрде жүзеге асырып жатқандығын айқындап, мұғалімге қалай оқыту/үйрету керектігін әу бастан түзеу және жақсарту мүмкіндігін береді. Бұл оқушының өз біліміне деген жауапкершілігін арттырып, мұғалім мен оқушыны оқу/үйрену нәтижелерін жоғарылатуға мүдделі жасайды.
Формативті бағалауды «үйрену/оқу үшін бағалау» деп атайды. Шынтуайтқа келгенде оны «оқуды, үйренуді жақсартатын бағалау» деп атаған орынды болар.
Бағалаудың оқушы жетістіктері мен прогресін анықтау, бақылау және жақсарту мақсатында жасалған мұндай түрін қалыптастырушы (немесе формативтік) бағалау деп атайды. Мұнда салмақ оқушының қандай жетістіктерге қол жеткізгендігіне емес, оқу мен үйренуді жақсартуға түседі.
Қалыптастырушы бағалаудың мынандай ерекшеліктерін атау қажет:
- Әр сабақта үздіксіз қолданылады;
- Мұғалім де, оқушы да оған ынталы болады, өйткені ол екеуінің қатысуымен жүзеге асырылып, екеуіне де ыңғайлы әрі пайдалы;
- Қалыптастырушы, уәждеуші, ынталандырушы, талаптандырушы мазмұнда болады: мұғалім әр оқушыны қолдайды, мақтайды, қолпаштайды, көмектеседі, ұсынады, бағыт-бағдар сілтейді, әр оқушының үлгерімін жақсартуға мүдделі болады;
- Оқушының мықты жақтары мен кемшіліктерін айқындап, оқуды жақсартуға бағытталған кері байланыс түрінде;
- Мұғалім оқушының оқу мақсаттарына қалай жол салғандығын бақылау мүмкіндігіне ие болады;
- Оқушылар өзінің үйренуіне белсенді қатыса алады: олар өзінің (және өзге оқушылардың) оқу әрекеттерін бақылау және талдау, өзін-өзі және (өзге оқушыларды) бағалау мүмкіндігін алады;
- Баға қойылмайды, бағалау қорытындылары бойынша ешқандай әкімшілік шаралары қолданылмайды;
- Оқушылардың оқу әрекеттерін бақылау баға қою үшін емес кері байланыс беру үшін жасалынады;
- Оқу мақсаттарының негізінде құрастырылған критерийлерге сәйкес жүзеге асырылады;
- Критерийлер нақты түрде құрастырылып, бәріне де түсінікті және ыңғайлы болады – әр оқушы жетістікке жету үшін не жасау керектігін және оның қалай бағаланатындығын айқын біледі;
- Жетістіктердің өсуі мен дамуына тікелей ықпал жасайды;
- Оқушының білімі басқа оқушылардың жетістіктерімен салыстырылмайды: «ең дұрыс бәсеке – өзіңмен өзің бәсекелесу» қағидасына сәйкес оқушының кешегі білімімен ғана салыстырылады.
Қалыптастырушы бағалаудың шарттары:
- Оқушылардың оқу мақсаттарын біліп, түсінуі керек.
- Оқушылармен тиімді кері байланыс орнату қажет.
- Оқушылардың үйрену үдерісіне белсенді түрде қатысуы шарт.
- Оқушылардың бағалау критерийлерін біліп, түсінуі қажет.
- Оқушыларда өз жұмыстарын талдау (рефлексия) мүмкіндігі мен білігі болуы керек.
- Бағалаудың нәтижелерін ескере отырып, оқытуға өзгерістер енгізіп, оны жақсартып отыру қажет.
Пайдаланылған әдебиет:
- Интербелсенді әдістемені мектепте қолдану. Алматы 2015ж.
- Мұғалімге арналған нұсқаулық.
Фазылова Гульнар Заутбековна,
Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектебінің
математика пәнінің мұғалімі,
(І дәрежелі),
Астана қаласы