І. Кіріспе бөлім
Мұғалім сабақ беру кезінде әрдайым оқу үрдісін, оқушының жетістігін, өзінің жұмысын жақсарту үшін көптеген жұмыстар атқарады. Олар әрдайым үшжақты (мұғалім, оқушы, мектеп) бағытта қарастырылып, мәселені бір жолмен шешуді ойластырады. Сондықтан олар үнемі зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі оқу процесінде өте көп жаңалықтар болғанымен, олардың көпшілігі бұрыннан танымал. Соның бірі іс әрекеттегі зерттеу болып табылады.
Осы зерттеу жұмысында қалыптастырушы бағалаудағы дағдыларға көңіл бөлінеді. Жалпы дағды дегеніміз автоматты түрде жасауға дейін жеткізілген әрекет; көп рет қайталау жолымен қалыптасады. Оқыту процесінде дағдының нәтижесінде белгілі бір мақсаттарға жетуге болады. Күнделікті әр сабақ барысында оқушылар оқу, жазу, айту, тыңдау арқылы пәндік дағдыларды игереді.
Тарих сабақтарында пәндік дағдылармен қатар тілдік дағдылар жүзеге асырылады. Оқушылардың академиялық тілдік қорларын дамыту үшін мұғалімдер оны басты назарда ұстайды. Қалыптастырушы бағалау барысында дағдыларға қатысты аудио, бейнебаян, мәтін сияқты тапсырмалар жиі қолданылады. Сондықтан оларды пайдаланудағы нәтижесі қандай болмақ? Оқу мақсаттарына жетуде, дағдыларды қалыптастыруда қаншалықты дұрыс жолда жүргеніміз өзекті болып табылады. Себебі, оның нәтижесі оқушылардың жалпы өмірінде ең маңызды болып саналады. Сөйлеу, тыңдау, жазу мәдениеті оқушылардың жоғары көрсеткіштерін көрсетіп, қазақ қоғамындағы адами капиталдың сапасын арттырады.
Оқыту кезінде оқу мақсаттарына жету үшін және дағдыларды жүзеге асыру үшін қалыптастырушы бағалауы қолданылады. Онда оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай тапсырмалар дайындалып, оған жету үшін критерийлер анықталып, нәтижесінде кері байланыс беріледі. Бұл процесс үздіксіз мұғалімнің әр сабағында жүзеге асырылады. Екі мұғалім бірлесе отырып, 10-11 сынып оқушыларының дереккөздерді талдау дағдысы бойынша зерттеу жұмысын бастадық. Бұл жұмыстың басты мақсаты жоғары сыныптағы оқушылардың дағдылары бойынша нәтижесін шығару. Бұл мақсатқа жету үшін төмендегі міндеттер қойылды:
- қалыптастырушы бағалаудағы дағдылар бойынша жетістіктерді зерттеудің жолдарын анықтау;
- 10-11-сыныптағы қалыптастырушы бағалаудағы дағдыларды жүйелеу;
- әр сыныпта оқушылардың нәтижелерін тоқсан бойынша салыстыру;
- қалыптастырушы бағалауда жетістікке жетудің тиімді жолдарын ұсыну.
Болжам бойынша бір жылдағы жұмыстың нәтижесі арқылы болашақта келесі сыныптарда жұмыс жасаудың жолы анықталып, оқу процесінде қарастырылып отырған үшжақты (мұғалім, оқушы, мектеп) бағыттағы жұмыстың тиімді шешімдері басқа мұғалімдерге ұсынылады.
ІІ. Іс-тәжірибені талқылау
Әр сыныпта сабақ беру үдерісінде мұғалім оқу бағдарламасының оқыту мақсатының бәрін қамтуы тиіс. Бағалау үдерісі қолайлы және басқарылу үшін әр тоқсанда қалыптастырушы бағалаудың мақсаттары іріктеп жүйеленді. Осы оқу мақсаты мұғалім мен оқушыға дағдының және түсініктің дамуын пәндер бойынша анықтауға мүмкіндік береді. Қалыптастырушы бағалаудың нәтижесін сыныпта бөлім және тоқсан бойынша бағалау жұмыстарын орындағаннан көруге болады. Себебі, қалыптастырушы бағалауда берілген тапсырмалар белгілі бір дағдыларды қалыптастырып, бөлім мен тоқсандық бағалау жұмыстарында көрініс беретіндей болып ұйымдастырылады.
Назарбаев Зияткерлік мектептері 7-сыныптан қабылданатындықтан оқушылардың қабілетін алғашқы жылдардан байқап, келесі жылдарда тиімді жолдары қарастырылады. Оқушыларды қабылдау үлкен критерийлермен іріктелініп қабылданады. Сондықтан олардың қабілеттері жоғары деп есептеледі. Оқу процесінде тапсырмаларды түрлендіріп отыру сондықтан тиімді қарастырылады. Алайда, олар жаратылыстану бағыты бойынша оқығандықтан қоғамдық бағыттарға деген ынталары төмен болады. Барлық сыныптарда Қазақстан тарихы пәні тек қазақ тілінде оқытылады. Сол себептен орыс және қазақ сыныптарында тілдік дағдыларды дамыту қиынға соғады.
Бірінші тоқсан барысында 10-сыныптарда қалыптастырушы бағалауда тест жұмыстарының бірнеше формалары қарастырылып отырылды. Олар оқушының білу дағдысын жетілдіре түседі.
- Бір дұрыс жауапты таңдауды қажет ететін тапсырмалар
- Бірнеше дұрыс жауапты таңдауды қажет ететін тапсырмалар
- Сәйкестікті құру бойынша тапсырмалар
- Жабық тест
Ал 11-сыныптарда мәтінмен жұмыс көбірек берілді де, онда білім дағдысын дамытуға арналған ашық сұрақтар беріліп отырды. Сонымен қатар 10-11-сыныптарда қолдану дағдысын жүзеге асыру үшін карта, мәтін, бейне, аудио бойынша жұмыстар жүргізілді. Оқушыларды бақылау нәтижесінде тоқсандық жұмыстарда әр түрлі жағдайлар кездесті. Мысалы, сабақ барасында сұрақтарға өте жақсы жауап беріп, қалыптастырушы бағалауда нәтижеге жетіп жүрген оқушылар, қорытынды жұмыстарда жақсы нәтиже көрсетіп, орта деңгейдегі оқушылардың санын арттырды. Ал керісінше төмен деңгейдегі оқушылар жоғары нәтижелер көрсетіп, олар да орта деңгейдегі оқушылардың қатарына кірді.
Екінші тоқсан кезінде әр сабақта оқушылардың білу дағдысын күшейту үшін 10-сыныптар үшін тест құрастыру жұмыстары үй тапсырмасы ретінде беріліп отырды. Оқулық бойынша өткен тақырыпқа сай тест жұмыстарын дайындап отыру тапсырмасы берілді. Басқа дағдыларға қарағанда оқушылар осы білу дағдысы бойынша көп қате жіберетіндіктен, өзара бәсеке ұйымдастырылды. Бөлім және тоқсандық жұмыстарының нәтижелерін қосып, жалпы балдары бойынша жоғарыдан төмен қарай оқушыларды жұпқа бөлдік. Ал 11-сыныптарда арнайы тақырып бойынша мәтінмен жұмыс беріліп отырды. Тапсырманы орындау кезінде оқушылардың оқылым тілдік дағдысы пәндік білу және түсіну дағдыларын жетілдіру үшін қолданылды.
Үшінші тоқсан кезінде екінші тоқсанның қорытындысын ескере отырып, енді оқушыларды нақты деңгейлері бойынша жұпқа бөлдік. Жұптар бойынша сабақ барысында мұғалім дайындаған сұрақ-жауап тапсырмаларына көшіп, жазылым дағдыларына көңіл бөлінді. Бәсеке болғандықтан әр оқушы сүрінбеуге тырысып, олардың ынтасы жоғарылады. Алдындағы тест тапсырмалары да жалғасып, өзара бағалау жұмыстары жүргізіліп отырылды. Нәтижесінде орта деңгейге қарағанда жоғары деңгейдегі оқушылардың саны үш-төрт оқушыға артық болды. Алайда төмен оқушылардың саны да екі-үш оқушыға азайған. Ұзақ тоқсан болғандықтан тоқсандық бағалау жұмыстарында білу дағдысы төмен болып, көрсеткішті төмендетті. Ал 11-сыныпта керісінше жазылым дағдысы бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Оқушылардың күнделікті сабақ барысында бейнебаянды көріп, мәтін оқып, оларды SWOT, GAP, PEST талдау жұмыстары белгілі бір жетістіктерді көрсетті.
Төртінші тоқсанда үш тоқсанды саралай келе білу дағдысына берілетін тапсырмада балл санын азайтып, керісінше талдау жасайтын тапсырмаларда балл саны көбейтіліп берілді. Себебі талдау үшін де білім қарастырылады, сондықтан қолдану, бағалау кезінде сұрақ тапсырмалары түрлендірілді. Нәтижеге келетін болсақ эссе тапсырмаларында көбірек білім көрсетіп, талдау жасалынды. Алайда оқушыларда әлі де болса бағалау дағдылары төмен екенін көрсетті. Бірақ 10-11-сынып оқушыларының жас ерекшелігіне сай белгілі деңгейлер аңғарылды. 10-сыныпта көбіне тарихи құжаттармен жұмыс жасалынып, нақты тарихи оқиғалар баяндалатындықтан оқушылардың талдау дағдысы екі жақты тұжырыммен жасалынып отырылды. 11-сыныпта тарихи оқиғалар арқылы көбіне болжамдар жасалатындықтан оқушылар талдау барысында орташа деңгейдегі зерттеушілік дағдыларды көрсете алды. Зерттеушілік дағды жоғары сыныптарда тарих пәні бойынша ынталарының төмен екендігін аңғартты.
Жалпы тоқсандық жұмыстарды қорытындылайтын болсақ үш деңгейге бөлген кезде орта деңгейдегі оқушылардың өсу нәтижелері көбірек болды. Алайда төмен көрсеткіш бір-екі оқушыда кездесіп отырды. Төрт тоқсанда да білу, түсіну, талдау, қолдану дағдылары бойынша бағалау жұмыстары жүргізілді. Тест түрлері, контур картамен жұмыс, мәтінмен жұмыс сұрақ-жауап түрінде сын тұрғысынан ойлауға арналған тапсырмалар беріліп, бейнебаяндар көрсетілді. Әр түрлі органайзерлер құрастыру, шараларды жоспарлау, шешу жолдарын ұсыну сияқты жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар оқушылардың деңгейлерін анықтау үшін саралап оқыту әдісі бойынша тапсырмалар дайындалды. Мәтін бойынша жұмыста 10-11-сынып оқушылардың талдау дағдыларының жоғарлағанын көрсетті. Тоқсандық жұмыстардың қорытындысына қарасақ, бағалау, кері байланыс беру дағдылары бойынша көп оқушылар жоғары деңгейдегі сапаны көрсетті. Дегенмен, оқушылардың басым көпшілігі білу мен қолдану дағдысы бойынша көп қателіктер жасады. Алайда І тоқсанмен салыстырғанда жоғары мен орташа деңгейдегі оқушылардың саны өсті.
ІІІ. Қорытынды
Қалыптастырушы бағалаудағы дағдылар бойынша жетістіктерді зерттеудің нәтижесінде оқушылардың талдау қабілеттері ашылады. Оқушылар мұнда нәтижені талдау үшін бағалау критерийлерін білуге, түсінуге, рефлексияға қатысуға, яғни өзін және өз достарын бағалауға, нақты тапсырмаларды орындауда өз білімдерін қолдануға, ойларын еркін жеткізе білуге, сын тұрғысынан ойлай білуге дағдыланды. Сабақ барысында топтық әңгіме, зерттеушілік әңгіме, ашық және жабық сұрақ түрлерін құру сынды т.б. жұмыстар оқушы тарапынан қызығушылықты тудырып, өз бетінше ұмтылысын арттырды. Қалыптастырушы бағалаудағы дағдылар бойынша жетістіктерді зерттеудің нәтижесі барысында төмендегідей қорытынды жасадық.
Күшті жақтары | Әлсіз жақтары |
Қалыптастырушы бағалау кезінде бөлім мен ІЖБ жұмыстарының тест спецификациясына қарап, тапсырмаларды бейімдеп қою; Бөлімді алдын ала жоспарлау; Оқушылардың деңгейлерін анықтап алу; Оқушыларды ынталандыру; Әріптестермен бірге жоспарлаудың тиімділігі; Оқушылар арасында бәсеке; Тапсырмаларды деңгейлер бойынша құрастыру. | Деңгейлердің мүлдем өзгеріп отыруы; Қалыптастырушы бағалауда оқу мақсаттарына жетуде оқушылар санының көп болуы; Әр сабақта барлық оқушының жетістігін бағалаудағы қиындықтар; Тапсырманың қаншалықты оқушылардың деңгейлеріне сай берілгенін нақты анықтаудың қиындығы; Жұптық және топтық жұмыстарды бағалауда нақты жеке оқушының жетістігін көрсете алмауы. |
Келесі сыныптарда дағдыларды дамытуда төмендегідей тиімді жолды ұсынбақпыз:
- Әр тоқсанға шағын зерттеушілік жұмыстарды ұйымдастыру;
- Тарихи құжат бойынша міндетті түрде жан-жақты салыстыру жұмыстарын жүргізу;
- Тарихи оқиғаларға байланысты шығармалар, бағдарламалар, құжаттарды тақырыптарға сай таңдап, талдау жұмыстарын жүргізу;
- Сарапшылардың талдау жұмыстарын қорытындылау және бағалау жұмыстарын көбейту;
- Әріптестермен тоқсандағы оқу мақсаттарына сай мәтін, бейне және аудиолар, тарихи құжаттар жинақтау.
«Химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебі»
Алматы қаласындағы филиалы
Тарих пәні мұғалімдері:
Ж.Б.Қайырбекова, Қ.У.Капарова