«Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп…қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» — деген ұлы ойшыл Әл-Фарабидің сөзі бүгінгі қаламыма арқау болып отырған ұлағатты ұстаздың бейнесін ашқандай болды.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы айтқандай, қандай мамандық иесі болмасын, солардың барлығын аялы алақанына салып, дұрыс жолды таңдауды үйрететін – ұстаз.
Өзінің саналы ғұмырында “өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялай” білген ұлағатты, білімді, еңбекқор, ардагер ұстаздарымыздың бірі – Құсайынова Рымтай Қалдыбаевна.
38 жыл бойына тарихтағы ең ұлы істердің бірін атқарған Рымтай Қалдыбаевна – өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген өнегелі ұстаз. 1947 жылы Семей облысы Бесқарағай ауданы Белокаменка ауылында дүниеге келген болатын. Әкесі Мүсрәлімов Қалдыбай – соғыс ардагері, анасы Мүсрәлімова Алтын – еңбек ардагері төсбелгісімен марапатталған. Оқу-білімге жастай зерек болған Рымтай Қалдыбаевна Бесқарағай ауданындағы Канонер орта мектебін тәмамдаған. Ақырын жүріп, анық баса отырып Семей қаласындағы мұғалімдер училищесінде «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша дәріс алады.
Мұғалімдік қызметте қиыншылығы мол, бірақ жемісін бірден беретін мамандық ол – бастауыш сыныпта білім беру болып саналады. Ең алғаш қолға қалам ұстатып, әліппені ашқызып, «Білім» атты кемеде жас бүлдіршіндерге дұрыс бағыт-бағдар беру асқан жауапкершілікті талап етері сөзсіз. Өмірде қателесуге болмайтын бірден-бір сәт, ол – әрине, мамандық таңдау. Ардагер – ұстазымыздың еңбек жолына көз салсақ қателеспегенін бірден аңғаруға болады.
Рымтай Қалдыбаевнаның еңбек кітапшасы өзі туып-өскен Белокаменка ауылының орта мектебінде ашылды. 1965 жылдан бастап аталған мекемеде бастауыш сынып оқушыларына сабақ берді. 1968 жылы Семей қаласындағы № 13 орта мектебіне қабылданып, бірнеше жылдар бойына қызмет атқарды. 1970 -1971 оқу жылында 1 сыныпқа қабылданған 31 түрлі мінез-құлықпен дараланған оқушылары жас маманның ұстазға айналуына өз ықпалын тигізеді. 1984-1996 жылдар аралығында еңбек жолын қаламыздағы №20 орта мектебінде жалғастырады. Еліміздің еңсесі көтерілер тұста сол жылдары әр сыныпта 40-тан аса оқушы тәлім алатын. Бірнеше буынды тәрбиелеген тәжірибелі ұстаз 40 үйдің еркелеріне білім нәрін саналарына сіңіруден тынбайтын. Еңбек кітапшасының келесі жазбасы 1996-2011 жылдар аралығында № 19 орта мектебінде өз жалғасын тапты. Тәжірибелі ұстаздың оқушылары қала, облыс көлеміндегі білім жарыстарына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп отырды. “Шәкіртсіз ұстаз тұл” демекші, Рымтай Калдыбаевнаның еңбегінің жемісі ретінде Ғалымжанова Данагүл, Мануленко Антон, Касембаева Жанель, Архипова Елена, Нуркушева Диана, Дремов Артем және тағы көптеген оқушылар тізімін жалғастырып айтуымызға болады. Әр мұғалім өзінің әр шәкіртін ерекше бағалайды, асқан сүйіспеншілікпен қарайды. Шәкіртінің әр жетістігі үшін қуанып, еңбегімнің өлшемі мен жемісі деп бағамдап отырады.
Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» – деп ұлы педагог Ы. Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Сол ұлылықты ұзақ жылдар бойына адалдықпен әрі ерекше сүйіспеншілікпен атқарып, 2011 жылдан бастап зейнет демалысына шықты. Әр секундын саралап, әр минутын бағамдап үйренген тәжірибелі ұстазға бірден сүйікті ісінен ажырау оңай болмады. Сол себепті 2012 жылы қаламыздағы № 6 мектеп-гимназиясында ардагер-ұстаз жас мамандарға үлгі көрсете отырып, қызметін жалғастырды.
Егер мұғалім өте беделді болса, онда бұл мұғалімнің әсерінің іздері кейбір адамдардың бойында бүкіл өмір бойына қалып қояды. Міне, сондықтан мұғалімнің өзіне құнтты болуы, өзінің мінезі-құлқы мен іс-әрекеттері, дүние жүзіндегі бірде-бір адамда болмайтындай, ең күшті бақылауда болатынын сезінуі өте маңызды, — деген М.И.Калининнің ұлағатымен келіспеске болмайды. Себебі, ұстазына қарап шәкірті бой түзейді.
Ұстаз шәкіртіне білім жолын үйретеді, ал білімді жан кез келген тас қамалды күйретері анық. Рымтай Қалдыбаевнаның ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесі қоғамда қалыптасып, өз пайдасын жаратып жатқан шәкірттерінен байқауымызға болады. Олар: Котлярова Татьяна – Мәскеу қаласында математика мұғалімі, Никитин Евгений – ғылым кандидаты, Пестовская Ирина – жеке кәсіпкер, Сергазинова Гүлмира – педагог-психолог, Толегенов Ербулан – алтын белгі иегері және т.б.
Мұғалімдік қызмет қай кезеңде болмасын халық арасында құрметке бөленген. Тіпті дана халқымыз бір әріп үйреткен адамға қырық жыл сәлем салдырған. 40 жылға жуық адал еңбек еткен Рымтай Қалдыбаевнаның да еңбегі әр жылдары еленіп отырған. Қала, облыс, республика көлемінде білім беру мекемелерінен берілген мақтау қағаздары мен алғыс хаттары сөзімізге дәлел. Ал 1992 жылы Халыққа білім беру одағынан берілген құрмет грамотасы еңбегінің жоғары бағаланғаны деп айтуымызға болады.
Сөзімнің тоқсан ауыз түйінін мына бір пікірмен келтірсем деймін, «Мұғалімдер қолынан өзге жұмыс келмегені үшін ұстаздық етуге келген жоқ. Керісінше қолынан кез келген жұмыс келетін адамдарды тәрбиелеп шығаруды мақсат еткен»,- деген америкалық жазушы Джек Лондон. Бүгінде Құсайынова Рымтай Қалдыбаевна өзінің мақсатына жетіп, талғаусыз еңбегінің жемісін көріп отырған аяулы ана, асыл әже…
Ұстаз деген ұғым бар мына дүниеде. Ілмейтінді ілдіретін, білмейтінді білдіретін. Санаға ақыл ұялататын, арманды алдан қиялататын. Өмірді ұғынуыңа себеп болатын, Тірлікке кіруіңе көмек болатын. Әр кезде аялайтын, білімін аямайтын. Бықсытпайтын, жандыратын. Тұлғалық табиғатын мәңгілік қалдыратын. Рымтай Қалдыбаевнаның тұлғалық қасиеттері жүздеген шәкірттерінің бойында сақталған кемел ұстаз, ардагер ұстаз…
Сізге саналы ұрпағыңыздың қызығын қызықтап, ел ертеңі болып табылатын ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда қосқан орасан зор үлесіңіздің тек жемісін көруді нәсіп етсін демекпін.
Фесенко Н.А.
ШҚО Семей қаласы білім бөлімінің басшысы, Директорлар кеңесі,
Түлектері