Жақында Ленин кенті әкімі Даулет Тайгулиннің қолдауымен, Павлодар қаласының № 33 ЖОМ өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерекеге педагогикалық еңбек ардагерлері, әр кезең түлектері, құрметті қонақтар қатысты.
Мерекелік кеш меймандары педагогикалық Даңқ мектеп мұражайына, робототехника және шахмат, оқу кабинеттерін аралап, мектепте өткен қызықты жылдарын еске алды. Соңынан, мектеп ұстаздары мен оқушыларының концерттік бағдарламасы қойылды.
1985 жылғы мектеп түлегі, продюссер Алтынбек Рахметов сыйлық ретінде Ленин кентінің Жаяу Мұса атындағы Мәдениет үйінде қазақстандық эстрада жұлдыздары Ұлжан Айнакулова, Айжан Нұрмағамбетова, Алмаз Кішкенбаев, Серік Ибрагимов, Ренат Мальцагов, Ардақ Алекешев және Райымбек Сатыбалдының қатысумен концерт ұйымдастырды.
Жарты ғасырлық ғұмыры бар мектеп бүгінде 790 оқушыға білім берсе, ашылғаннан бері жалпы саны 20 000-нан астам жеткіншектің болашағына жолдама берген. Олардың ішінде көпке танымалдары да жоқ емес: профессор, медицина ғылымдарының докторы Хафиз Макажанов, атақты хирург, профессор Пану Какенова, оқу ісінің үздігі Мажен Кабылбеков, атақты продюссер Алтынбек Рахметов.
Айгүл Молдаш
Білім айнасы
Павлодар қаласы