«Маңғыстаудың тасына дейін сөйлейді» дегенді көп естуші едім… Сөйтсем, ол шындық екен ғой, шындық емес дәлдік екен!.. Маңғыстаудың маң даласы қанша шөлейт болса да, ыстығы ерекше аптап, суығы айрықша желімен қаритын суық болса да, әрбір тасы, жерінің тарихы, шөңге шөбі мен қайыр құмына дейін сыр шертетінін білмеппін. Елім мен туған жеріме деген ыстық ықыласым «Қаламқас батыр» іздену жұмысымды қолыма алғаннан бері үдей түсті. «Қаламқас–Қаражанбас» кен орындарын жұрт Бозашының боз даласында, құлан түзде орналасқан, қара алтынның шөмішін сапырған иен алқап әлемнің қызығушылығын арттырған сан жұрттың күнкөріс көзіне айналған өндіріс орны ретінде жақсы біледі. Ал сол көсілген жердің атының қойылу себебі біреуді қызықтырса, екінші біріне түк елеусіз болуы мүмкін.
Қаламқас кім? Қаламқас – ару, Қаламқас – батыр, Қаламқас – дүйім елін асыраған қайсар қыз, Қаламқас – әулие… Неткен керемет десеңізші?!
Мен әуел баста «Қаламқас» атауы «қалам» және «қас» сөздерінен біріккен әдемі қыздың бейнесі болар деп ойлаған едім, сондай-ақ біздің халқымызда қыз баланың да, ұлдың да есімін азан шақырып қоя беретін кездері жиі кездеседі, сол үрдіс пе екен деген де ойға шомдым. Сөйтсем, бұл аты үлкен әріппен тарихқа жазылар «Батыр Қаламқас», «Ару Қаламқас», «Әулие Қаламқас» екен. Мұны білгенде іздену жұмысымның парақтары ашылып кеткенін де байқамаппын.
Біздің аймақтағы бүкіл өндірістің басшысы – «генералы» болған Сағын Қырымқұловтың газетте жарияланған сұхбатында «Қазіргі Қаламқас кентінің қақ орталығынан қорамсағы жебеге толы, үстінде жеңіл сауыты, садағын кере тартқан күйінде, ақ тұлпар үстінде еңкіштеу отырып, атпен шауып келе жатқан реттегі батыр-ару бейнесі сомдалса…» деген үлкен арманы жария етіліпті. Оның орындалуына бірден-бір ықпал еткен жандардың бірі – менің әкем Епенов Мырзабай. Ол – қылқаламның ұшына тіл бітірген, Маңғыстаудың тастарын қашап жан берген нағыз шебер суретші. Оның тума қылқаламшылық дарыны менің де жүрегімнің түбінен орын алған. Қаламқастың сұлулығы мен ақ боз аттың үстіндегі кербездене отырысын, ауылын асырап, жапан түзде аңшылықпен айналысқандығын, бірде маң даланы күңіренткен домбыра дауысын өз қылқаламымның арқауы еттім. Жазу қағаз бетіне әріптер боп төгілсе, бояу оқылмай-ақ, көкірегіме сан салалы түстер арқылы жаныма рух берді. Менің табысым оның халқымыздың демографиялық өркендеуіне аштықпен күресе отырып, халқын мергендігімен аңның етімен асырап баққаны деп есептеймін. Сондай-ақ , оның ақындық қасиетінің болғандығына дәлел таба алғанымды да жетістік деп есептеймін. Олай дейтін себебім, Қаламқас ару туралы деректер жоқтың қасы, ел аузындағы аз ғана деректерге сүйеніп, газет беттерінде мақалалар жарияланған.
Арай Мырзабайқызы ДҮЙСЕКЕНОВА,
М.Әбдіхалықов атындағы
мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы,
Түпқараған ауданы