Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология пәнінің лекторы Түрдәлі Қаратаевпен сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Қазақ тілі шын мәніндегі мемлекеттік мәртебесіне қашан ие болады?
Мәскеу басқарған Кеңес Одағы заманында көршілес, тілі бір, діні бір бауырлас ұлттарға қарағанда тілінен, салт-дәстүрінен, ұлттық сана-сезімінен көбірек айрылып, көбірек орыстанып кеткен ұлттың бірі – Қазақ екенін сен менен артық біліп отырсың. Әсіресе, өз ана тілінен, ата-баба дәстүрінен мүлде безіп кеткендер де бізде көбірек болды. Бұл жеке тұлғаның ғана мәңгүрттенуі. Санасыздық, білім деңгейінің төмендегі және ең бастысы тарихын білмеуі. Тарихтын тілге не қатысы бар десең, сәлден соң толығырақ жауап берерм. Ал тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асып кеткен қазақ ұлты өз жерінде егіліп, өз жерінде орылып, өзі диірменге тартып пісірілген нанының өзін «московский», «бородинский», «белый русский», «крестьянский» тағы-тағы деп неліктен орысша атайтыны туралы ойланып көрдің бе қызым? Бұл жеке тұлғаның емес, тұтас ұлттың мәңгүрттенуі емес пе? Егер сен ұлттық санадан, ұлттық намыстан жұрдай мәңгүрт болмасаң, өз наныңның атын орысша ат қойып жеп отырмас едің ғой. Ал, сен өз еліңнің нанына немесе басқа бір тағамына орысша ат қоюдың аржағында қандай әнжілік саясат жатқанын білесің бе? Бұның аржағында бұл «наш русский хлеб», «наш московский», «наш бородинский хлеб», так что қазақтың нанын жеп отырсың деп шалабыңды шайқамай-ақ қой деген ішкі арам пиғыл жатқанын аңқау қазақ түсінбейді. Шовинистік, империалистік сол саясатты түсінбек түгіл дүкенге келген қазақ атаулының «бір булка беріңіз», «булочка қандай», немесе кәдімгі күлшені, «лепешка», көмешті «кирпич нан», «пирожок» деп тілін қырық бұрап тұрғанын көресің. Солай ма? Сондайларға қарап тұрып, «апыр-ай, осы біз анау мәңгүрт, мынау мәңгүрт қой соны қойшы» деп жеке адамдарды күстаналап жатамыз, ал шынында тұтас ұлт ретінде, яки, түп-түгел ұлттық санадан, ұлттық намыстан айрылған мәңгүрт ұлтқа айналып, соны байқамай жүрген жоқпыз ба?-деген үмітсіздік уайымға түсіп кеткеніңді де сезбей қалады екенсің. Әлде надандық па, әлде әйел жынысты пенденің қаңсыққа таңсықтығы басым бола ма қайдам, әйтеуір жаңағыдай орысша араластырып сөйлеуге қазақтың жалпақ тілімен айтқанда әсіресе «қатын-қалашы» құмар келеді. Солар кәдімгі төрт бұрышты көмеш нанды «кирпич» деп тұрғанда ең киелі, ең қасиетті тағамды қорлап тұрмын деп ойлай алмайтыны, ұлттық сана, ұлттық намыс дегеннен махұрымдығы ішіңді ит тырнағандай етеді. Ал өзімізбен күнделікті ыдыс-аяғына шейін араласып кеткен ұйғыр халқы базарға апарып сататын алақандай нанына «учпұшмақ» яғни «үшпұшпақ» деп ат қойып алған. Егер соны қазақ пісіріп сататын болса оны «треугольник» дей ме Құдай білсін! Күлкілі ма? Жылау керек. Иә, ақыл-есі түзу ұлт та, сол ұлттың ақыл-есі дұрыс адамы да өз жерінде өзі бағып-қағып өсірген малдың еті мен сүтінен, өзі егіп өзі пісірген наннан жасалған тағамды өзін ғасырлар бойы езгіде ұстап келген ұлттың тілінде айтпаса керек. Амал не. Әрине, бұның бәріне жәй қаратабан қазақты кінәлауға болмайды. Бұл сірә, бүгінде бүкіл билікті де, байлықты да қолына алып алған кешегі кеңестік отарлық санадан арыла алмай, әлі де Ресейдің қолшоқпары күйінде қалып қойғандардың кінәсі болуы әбден мүмкін. Ондайларды қазақ «күшігінен таланып қалған» дейді. Олардың құлдық мінезден құтылуы екіталай. Біздің бұндай зар-запыранға түсетінімізді қайран бабаларымыз Ресей қазақ даласына дендеп кіре бастағанда-ақ байқаған екен.
– Билік қашан толығымен мемлекеттік тілге көшеді?
Ең алдымен мемлекеттік тілді енгізу үшін, оны пайдалануға мәжбүрлейтін заң қабылдау керек. Әлі күнге дейін қазақ тілді енгізе алмайтынымыздың себебі -оны пайдалануға ешқандай заңды қажеті жоқ болғандықтан. Оны түсінуіміз керек — тіл әдемілігінде емес, керегінде үйренеді. Ал екіншіден, менің ойымша, қазіргі күні қазақтардың саны 70%ға жақындаса, әрі қазақ қазақпен тек қана қазақша сөйлессе өзге тілге түспей , және басқа ұлттарды зорламай сонда ғана өзге ұлттар қазақ тіліне өз еркімен үйренеді. Қазір қазақ тіліне кедергі жасап жүргендер көбінде өзге ұлттар емес, өзіміздің қазақша сөйлей алмайтын қазақтар болып жатыр. Олардан бастау керек — ұрыспай, керісінше көмектесіп жүру керек. Мақсат сол қазақтардың 70% қазақша сөйлеп кету керек. Олар Қазақстанды қазақшалауға кілт. Өз қазақтарымыз қазақшасын меңгермесе, басқа ұлттардан мемлекеттік тілді талап етуге құқығымыз қандай?
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазаққа не береді?
– Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы – дәуірлік еңбек. Біз бұл еңбекті тек мақтау ыңғайында емес, оның мәнін түсіндіру ыңғайында жұмыс атқаруымыз керек. Мақаланың қазіргі жағдайға талдау жасайтын бірінші бөлімі де, одан туындайтын міндеттерді айқындаған. Екінші бөлімі де баршамыздан мұқият зерделеуді қажет етеді. Ұғынған адамға, түсінуге шын ниеттенген кісіге онда қазақтың қазіргі әлемді жаңа көзқарасқа сай қабылдаудың тәсілдері және оны ұлт болашағы үшін орындаудың бағыттары кеңінен көрсетілген. Бұл – ұлттың ертеңін ұлтжанды азамат ретінде, мемлекеттің көшбасшысы ретінде толық паш еткен еңбек. Сондықтан оның қазаққа берері көп. Бірақ, бұл бастамаға ЖОО-ғы студенттер мен ұстаз-ғалымдардың қосатын үлесі кәдімгі бір үлкен орынды алып тұр. Заманына қарай амалы дейміз ғой, қоғамдық сананың өзгеруіне зор ықпал еткен ғалымдар мен студенттер өз азаматтық борышын әрине өтеп жатыр. Бірақ, әр заттың өз шегі бар. Неге екенін, біз науқыншылдыққа салынып бұл жолдауды өз пайдамызға қарай бұрмалап-түрлендіріп жатырмыз. Қай жоғары оқу орны болмасын, өткізіп жатқан әр майда іс-шараларын «Рухани жаңғыру» атымен жамылып, ана байғұс қызылды-жасылды құсты қоймаған жерлері жоқ. Мәні терең бағдарламаның әтуерін кетіріп, атын жамылатын болып кетті. Тіпті, спорттық жарыстарда аталмыш реформаның логотипітері мен мұндалап тұрады. Науқаншылдықтың арты «қауқарсыздыққа» апарып соқтыратынын көріп жүрміз.
– Қазақ қандай болса екен деп армандайсыз?
– Сен қазақсың ба қызым?
— Иа қазақпын аға
— Онд, жүрегің қазақ деп қызыл қанға боялып, мен қазақпын деп жазылған болса барлық патриот қазақтың арманы осынау екі геосаяси дүниенің арасында ұлан-байтақ жерді алып жатқан қазақ ұланының мұраты мен рухы Алатаудай биік, білімі мен білігі Каспий мен Балқаштай шалқар, рухани байлығы Алтайдай қазыналы, ертеңі Сарыарқадай байтақ болуы үшін діні мен тіліне берік, дәстүріне адал қазақты аңсаймын және сондай ұрпақтың келеріне сенім артамын. Егер өзімізге өзіміз сенбесек,орыс келіп қорықпа қазақ бүгіннен бастап қазақша сөйлейтін болмын деп келмейді ғой. Енді онда қазақ қазаққа сенбесе кім болғанымыз? Бұдан да қиын заманда қазақ ұрпақ тәрбиелеп, осы жер үшін сан күреске шыққан, бүгін егемен ел болғанда қол қусырып отырудың жайы да, жөні де жоқ. Сондықтан барша қандасқа ұмтыл деп тілек тілегім келіп отыр қызым.
– Бүгінгі қоғамды қалай сипаттар едіңіз?
– Бүгінгі қоғамға жалпылай сипаттама беру жарай қоймас. Қазіргі қоғам әр алуан, сан салалы, соған орай, сан сипатты. Егер қазақты айтсақ, сол сан тараудан, сан бағыттан өзінің мүддесіне сай саралы бағытты таңдауы тиіс. Ол жоғарыда айтылған Елбасы еңбегінде бар. Дегенмен әйтеуір экономикалық пайдаға кенелеміз деп рухани құндылықтарымызды ұмытпағанымыз жөн болар еді. Адамның тұрмысы заманмен бірге жөнделеді. Ең маңыздысы, бүгінгі қазаққа керегі – ұлттық құндылықтарды ұмытпау.
Жаһандану дәуірі бүгін бізге дамудың сан үлгісін ұсынып жатыр. Соған орай, қоғамда еліктеу де ерекше байқалады. Жақсыдан өнеге алған жөн. Десек те, өзімізге лайықтысын, қажеттісін іріктеген дұрыс. Бұл қазақ сияқты өркениет көшіне енді азат ел болып қосылған халық үшін аса маңызды.
– Әңгімеңізге рахмет аға!
Құтбанбаева Дана,
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің
1 курс студенті