Сабақтың мақсаты: 1. А. Асқаровтың өмірі мен қоғамға жасаған еңбектері, әдеби шығармаларымен таныстыру.
- Отанын сүюге, елжандылыққа, ерлікке, батылдыққа, адамгершілікке, мейірімділікке, еңбексүйгіштікке, халқына адал қызмет етуге тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: А. Асқаровтың суреттері, кітаптары, альбомдар, видиоролик.
Сыныбы: 5 «Б»
Хор:
1-жүргізуші: Армысыздар құрметті қонақтар, ұстаздар мен оқушылар!
Бүгін біздің мектебімізде үлкен мереке – мектебімізге есімі берілген республика ғана емес, күллі ТМД елдеріне белгілі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ғалым Асанбай Асқаровтың туылғанына 95 жыл. Аға ұрпақтың жүріп өткен жолы, өмірден көргені мен көңілге түйгені, жасаған істері, жаңсақ басқан қадамы бәрі-бәрі кейінгі толқынға тағылым, әрі сабақ болуға тиіс. Сөйткенде ғана біз ілгері басатын, өсіп өркендейтін ел боламыз. Жасаған игілікті істі ел ешқашан ұмытпайды.
5 «Б» сынып оқушыларының «Қайталанбас дара тұлға» тақырыбындағы ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер!2-жүргізуші:
Мен елімнің перзентімін, гүлімін,
Арқа сүйер азаматы, ұлымын .
Еліме мен аямаймын, жұмсаймын,
Ғұмырымның мағыналы шырынын, — деп жырлап ғана емес, халқына өмірін арнап өткен осындай ел азаматы А.Асқаровтың бүгін туылған күні. Қайталанбас дара тұлға көзі тірі болғанда 95 жасқа толар еді.
1-жүргізуші:
Ақиық аспандағы құс төресі,
Қапаста топшысынан жерге түсті .
Тағдырдың жазғанына айла бар ма?
Күші жоқ енді мұның қорғануға.
Ақиық азамат қапаста қаншама азап шексе де, өзінің азаматтық болмысын сақтап қалғаны, қайта қайраттана, жігерлене түскені таңқаларлық. Оған күш берген халықтың ыстық ықыласы еді. Осындай елдің сүйіспеншілігіне бөленген А.Асқаровтың бүгін туылған күні.
1-оқушы: Асанбай Асқарұлы Асқаров 1922 жылы 15 қыркүйекте Жамбыл облысы, Мерке ауданындағы Тәті ауылында туылған. Орта ғана шаруасы бар әкесі Асқар 1930 жылы қайтыс болды. А.А. Асқаров мектептен кейін Фрунзедегі педагогикалық училищені 1939 жылы бітіріп, еңбек жолын мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастайды.
2-оқушы: 1942-1946 жылдары әскери міндетін өтеді, полк мектебінде, саяси училищеде оқыды. Полковник. Әскерден оралған соң (1946) Мерке аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Жамбыл облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Жамбыл облыстық компартиясының бюро мүшесі болған.
3-оқушы: 1951-1954 жылдары Мәскеу қаласы Орталық Комитетінің КОКП-сының жоғары партиялық мектебінде тыңдаушы.
4-оқушы: 1954-1958 жылдары Жамбыл облысындағы Красногорск және Мерке аудандары партия комитеттерінің бірінші хатшысы.
5-оқушы: 1958-1959 жылдары Жамбыл облыстық кеңесі Атқару комитетінің төрағасы.
6-оқушы: 1959-1965 жылдары Жамбыл облысының облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы.
7-оқушы: 1965-1978 жылдары Алматы облыстық обком партиясының бірінші хатшысы болған және Қазақстан Орталық комитеті Коммунистік партиясының бюро мүшесі қызметін атқарған.
8-оқушы: 1978-1985 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеді. Ол жоғарғы партия мектебін және кандидаттық диссертациясын өте жоғары бағамен қорғаған.
9-оқушы: Көп жылдар КОКП және Қазақстан КП-сының Орталық Комитетінің мүшесі, КСРО және Қазақстан КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты, Жамбыл, Алматы, Шымкент облыстық партия комитеттерінің депутаты болып сайланды.
10-оқушы: Асанбай Асқарұлының көп жылдардағы Кеңес Үкіметі мен халқына, коммунистік партияға сіңірген еңбектері жоғары бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атағы (1982) берілді. Ол бес рет Ленин орденімен, көптеген медальдар мен Құрмет грамоталарымен марапатталды.
11-оқушы: 1986 жылы Қазақстан Орталық Партия Комитетінің Колбин басқарған кезде, одан кейін де Асекеңнің басына ауыр күндер туып, төрт жылдан аса уақыт қамауда болды. Асқаровқа жағылған жала 80-жылдары белең алған қазақ зиялыларын қуғындаудың құрамдас бөлігі еді.
12-оқушы: Тергеу кезінде оған Желтоқсан көтерілісін (1986) ұйымдастыруға қатыстылығы, ұлтшылдығы сияқты «кінәлар» тағылды. А.Асқаровқа тағылған айыптың мүлдем негізсіздігі анықталып, Қырғыз Республикасы Жоғарғы соты төралқасының шешімімен ол толық ақталды және азаматтық құқықтары қалпына келтірілді.
13-оқушы: А.А. Асқаров – экономика ғылымының кандидаты, Халықаралық Акмеология Ғылымдары академиясының академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, А.Асқарұлы 2001 жылдың 13-тамызында дүниеден озды.
2-жүргізуші: А. Асқаровтың әдебиет әлемінде өзіндік із қалдырған тұлға екені жұртқа белгілі. Оның жырлары, бастан кешкен естеліктері, ой толғамдары туралы бес кітабы баспадан шықты. Олардың ішінде «Тағдыр», «Жұмақ пен тозақ жырлары», «Көзқарас», «Ұлы Тұранның ұлдары» секілді еңбектері елге кеңінен танымал.
1-жүргізуші: А. Асқаровтың өлеңдерін мәнерлеп жатқа айту.
2-жүргізуші:
О достарым,
Аса ардақты аға бар.
Жалғыз өзі жүз ағаға пара пар.
Мейірімсіз тас жүректер болмаса,
Көп адамдар құрмет тұтып ағалар.
Ол кісі үшін
Кім болсаң да бәрі бір
Көңілі көл,
Пейілі ақ,
Жаны гүл.
Өзі жарқын,
Жүрегіңе тым ыстық.
Сөзі алтын,
Табылмайтын дәрі бір.
1-жүргізуші: Мәдеш Ниязбекұлы ағамыз айтқандай, А.Асқаровтың талантының жан-жақты қырлары туралы әлі талай айтылады және жазылады.
Оқушыларымыздың А. Асқаровқа арналған арнау өлеңдерін қабыл алыңыздар.
Ән — «Қазақтай ел қайда?»
Ән — «Мерекем»
Қазақша би.
Ән — «Қазақ қызы»
2-жүргізуші: Асанбай атамыздан қалған Дендросаябақтың қазақ елінің ешбір аймағында кездеспейтін демалыс орнына айналғаны, қалаға келген әлемдік қайраткерлер отырғызған ағаштары қаншама десеңші! Әрқайсысының жанында гранитке бұл ағашты отырғызған кім, қашан толық мәліметтер жазылған.
1-жүргізуші: Дендросаябақтың көлемі бастапқысынан едәуір кеңейтілген. Қайықпен серуендеймін десең тоған, ойын-сауық, концерт көрсетем десең де тамаша демалыс орнына айналған.
2-жүргізуші: Біздің мектебімізге берілген тұғыры биік ұлы тұлға есімін мақтан етеміз. Халқына адал қызмет етуге, ұлы тұлғалардан үлгі-өнеге алуға әрдайым дайынбыз.
1-жүргізуші: Қазақ елінің әр өңірінің өкілдері шоғырланған аймақта басшы-қосшыны тең ұстап, елдің бірлігін, тұтастығын бір тізгінге бағындырып облыс орталығының еңсесін көтергенін, ауыл-аудандарды сол жылдардың мүмкіндігінше өркендетуге сіңірген еңбегін халық, келешек ұрпақ ұмытпайды. Көп ұлтты мемлекетіміздің татулығы мен бірлігі жарасқан елміз.
Ән — «Қазақ елі»
1-жүргізуші: А.А.Асқаров атамыздың 95 жылдық мерейтойына арналған мерекелік бағдарламамыз аяқталды. Келгендеріңізге көп-көп рахмет!
Өмірзақова Назира
ОҚО, Шымкент қаласы
№77 А. Асқаров атындағы мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі