Бүгінгі күні Қазақ ұлттық аграрлық университеті мемлекеттік саясат ұстанымдарына сүйене отырып, Елбасы анықтап берген нақты стратегиялық бағыттармен жұмыс істеп келеді. 1 наурыз – «Алғыс айту күніне» орай Қазақ ұлттық аграрлық университетінде белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, тіл жанашыры Асылы Осман Әлиқызы студенттермен кездесті. Мағынасы зор, тағылымды шараны университеттің О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты, «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығы, «Қазақстан тарихы және Қазақстан халқының мәдениеті» кафедрасы ұйымдастырды. Еркін пікірталас түрінде өткен әсерлі кездесуді О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институтының директоры Есенгелді Медеуов ашып, жүргізіп отырды.
Есенгелді Өміржанұлы Асылы Әлиқызының қазақ қоғамын рухани жаңғыртудағы ерекше орнын атап өтіп, жастарды осындай елжанды тұлғалардан үлгі-өнеге алуға шақырды.«1 наурыз – Алғыс айту» күні қарсаңында ұйымдастырылған кездесуге университетіміздің профессор-оқытушылары мен студенттері қатысып, Асылы Әлиқызының ұлттық құндылықтарды, ой-сананы, салт-дәстүрді, қазақы тәлім-тәрбиені дәріптеп, мемлекеттік тілді дамытуға байланысты ғибратты әңгімесін тыңдады.
Асылы Әлиқызы: – бәріміз «Алғыс айту күнінде» ғана емес, әрдайым бір-бірімізге шынайы ниетімізді, алғысымызды білдіріп жүруіміз керек дей келе, Қазақстан халқы Ассамблеясының да басты мақсаты – ұлтаралық келісімді нығайтуға, еліміздегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге қызмет ету екеніне тоқталды. Тіл мәселесін ерекше мән беріп жүрген ғалым: «Білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық болуы қажет. Ахмет Байтұрсынов айтып өткендей – «сөзі жоғалған ұлттың, өзі де жоғалады». Сол елдің тілін білген адам ғана, сол ұлттың жан дүниесін ұғып түсіне алады» деп сөзін түйіндеді.
Кездесу барысында университеттің «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының директоры, академик Хангелді Әбжанов сөз сөйлеп, әр ұлттың өкілдерінен құралған «Достық» студенттік Ассамблеясының мүшелері «Алғыс айту күніне» байланысты ой-пікірлерімен бөлісіп, өз тілдерінде рахмет айтып, өнерлерін көрсетті. Кездесу соңында Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор Жанар Дауренбаева Асылы Әлиқызын ҚазҰАУ-дың Алтын медалімен марапаттап, университет ректорының Алғыс хаты мен гүл шоқтарын табыс етті.