Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Адам баласы адам баласына нақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады.
Оқушыларды көркемөнерге бейімділігін дұрыс пайдалана білуге үйретіп, үнемі сәндік-қолданбалы өнер туындылырының эстетикалық маңыздылығын ашып отыру бағытында технология, сурет пәні мұғалімдері жұмыс істейді.
Оқушылардың халық шеберлерінің шығармашылығымен танысуы олардың эстетикалық қарым-қатынастарын дамытуға жағдай жасайды.
Мектепте оқушылардың эстетикалық талғамын сәндік-қолданбалы өнер арқылы қалыптастыру – барлық оқу-тәрбие үрдісінде маңызды орыналады және оған көп көңіл бөлінеді. Ол тек қана адамның эстетикалық талғамын ғана дамытып қоймай, сонымен бірге жеке тұлғаның тұтастай дамуына: рухани қажеттілігін, адамгершілік мұраттарын, патриоттық сезімі, жеке және жалпы ұғымдарының, көзқарастарының дамуына әсер етеді.
Жалпы білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие процесінің маңызды құрамдас бөлігінің бірі-сыныптан тыс жұмыстар. Оның мақсаты оқушылардың шығармашылық қабілеті мен дербестіктерін жан-жақты дамыту, бос уақыттарын ұтымды ұйымдастыруға, мұғалімдердің шығармашылық қызметін шыңдауға жол ашады. Мектептегі оқуүлгерім сапасы оқушылардың пәнге қалай қызыққанына тікелей байланысты.
Сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстардың кең тараған түрі – үйірме жұмысы. Мұны ұйымдастыру жүргізу үстінде мұғалімнің шығармашылық дербестігі айқын көрінеді.
Үйірме жұмысы алдымен кеңтынысты шараларды жүзеге асыруға бағытталуы тиіс, сонда ғана ол оқушылардың ынта – ықыласын толық қанағаттандыра алады. Үйірме жұмысын негізінен теориялық және практикалық бағытта жүргізуге болады.
Үйірме жұмысын қамтуда оқушылардың ынта-ықыласын ескеру маңызды мәселе. Мұғалім оқушылардың талаптары мен сұраныстарын қанағаттандыра отырып, үйірме мүшелерін ортақ іске жұмылдыруы тиіс. Үйірменің жетекшісі алынған тақырыбының үйретушілік және тәрбиелік маңызына ерекше мән бергені жөн. Жұмысты жүргізу әдістері көпжағдайда әртүрлі болады. Дегенмен, үйірме сабақтарында проблемалық, эвристикалық әдістерді жиі пайдаланған дұрыс. Бұл – оқушылардың ойлау қабілетін арттырып, ізденгіштік дағдыларын тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Ойлау – баланың таным әрекеттерінің ең жоғарғы түрі. Ойлау арқылы оқушылар көзге көрінбейтін заттар мен құбылыстардың арасындағы күрделі себептік байланыстарды, заңдылықтарды ұғады. Ойлау сөйлеу әрекеті арқылы жүзеге асады. Ойлау – белгілі міндетті, теориялық немесе практикалық мәселелерді шешуге бағытталады. Баланың ойлау әрекеті өзінен – өзі қалыптаспайды. Олардың ойлау әрекетін ойдағыдай дамыту үшін, тиімді тәсілдер қолданып, арнайы жұмыстар жүргізіп отыру қажет. Ойлау үрдісі өзіне тәнлогикалық операциялардан тұрады. Сонымен бірге, оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділіктерін, қызығушылығын арттыра түсу үшін, шығармашылық қабілеттерін дамытуда үйірменің әсері мол.
Шығармашылық дегеніміз – адамның өмір шыңындағы өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі керек. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып, олардың өшуіне жол бермеу, адамның рухани күшін нығайтып, өзін-өзі тануына көмектеседі. Оқушының өз болмысын тануға көмектесіп, қабілетін ояту, жаңа рухани күш беру білімнің ең маңызды мақсаты болып табылады. Бастауыш сынып оқушыларының зейіні тұрақсыз, импульсивті, қабылдау мүмкіндіктері де әртүрлі болады. Дегенмен де, әр баланың бір нәрсеге бейімі болады. Бейімділік оянып келе жатқан қабілеттің алғашқы белгісі. Осы тұста үйірме жұмысы оған көп көмегін тигізері мол.
Оқушылардың шығармашылыққа білетін дамытуда мынадай әдіс-тәсілдерді қолдануға болады.
Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту.
1.Тақырыпты мазмұнына сай жинақтау.
2.Арнаулы бір тақырыпта пікірталас туғызу.
3.Логикалық ойлауын дамытатын ойындар:
анаграмма, сөзжұмбақ, ребус құрастыру.
4.Берілген тапсырманы түрлендіру:
әңгіме мәтінін құру, өлең шығару, шығарма жазу.
5.Әңгіменің ұқсастығын салыстыру, ат қою, бөліктерге бөлу.
6.Қиялдау арқылы сурет салдыру, рөлге бөліп оқыту, диафильм құрастыру.
7.Ұнатқан кейіпкеріне мінездеме беру.
8.Ой шапшаңдығын, сөз байлығын дамыту, мәтіндерді, ертегіні аяқтау.
Осындай жұмыстарды үнемі жүргізу оқушыларды шығармашылыққа баулуға, шәкірт бойындағы қабілет көзін ашып, тілін байытуға, қиялын ұштауға, өзбетінше ізденуге зор әсерін тигізеді.
Осы мақсаттарды жүзеге асыруда «Өнер әлемінде» үйірмесінің жетекшісі ретінде оқушылардың білімі мен шеберлігін қалыптастырамын.
Менің ізденістерім – жаңа технологиялар. Соның ішінде авторлық қуыршақтар, әртүрлі материалдардан жасалатын ойыншықтар.
Менімше, әрбір сабақты тиімді ұйымдастырып, оны оқушылар зерікпейтіндей етіп өткізу керек. Оқушының сол уақытта ғана пәнге деген қызығушылығы артып, тіпті, сабаққа деген қызығушылығы жоқ оқушының бойында да бір қозғалыс болатынын байқадым.
Шығармашылық жұмыстардың білік деңгейіне көтерілуіне үйірме жұмыстарының қосар үлесі мол. Үйірмеде оқушылардың өздері құрастырып жасаған еңбектері бағаланады. Бұдан әр тұлғаның өз жетістіктері көрінеді. Жұмыстар өтетін сайыстарға ұсынылып, көрмелерге қойылады. Бұл –жас таланттың әрі қарай қанат жаюына үлкен жол ашады.
Қорыта келе, жеке тұлғаны жан-жақты дамытуда үйірме жұмысын жүргізе отырып, өздігінен бақылау жүргізуге, қарапайым тәжірибе жасауға, эксперимент қою, текспен, сызбамен, суретпен, диаграммамен жұмыс істеу, модельдеу сияқты іскерлікке, дербестікке баулитын, ойына түрткі болып, шығармашылыққа жетелейтін, өздігінен іздене алатын, айналадағы дүниеге қарым-қатынасқа түсетін оқушыны дайындау, әрбір мұғалімнің «жаңалықашып» оның нәтижесінің қызығына бөлейтін, әдіс-тәсілдер мен мазмұндық ойындар, қызықты тапсырмаларды тұрақты жүргізіп отыруы міндетті.
Үйірме жұмысының оқушыға үйретері мол екендігін естен шығармауымыз керек.
Сердалина Жанаргуль Касымовна,
Павлодар облысы Ертіс ауданы
№4 Ертіс ЖОББ мектебінің
технология пәні мұғалімі
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Сатқанов О. Еңбек сабағында қазақ өнеріне баулу. Алматы. 1992
- Ай сайын шығатын қоғамдық-саяси, әдеби-көркем және суретті «Қазақстан әйелдері» журналы. 2004, 2005,2006ж. Бас редактор: Баққожа Мұқағали.
- «Мектептегі технология» 2009ж., 2011ж.
- Шаңырақ. Үй-тұрмыс энциклопедиясы. 1990ж.
- Қазақстан энциклопедиясы. Алматы. «Атамұра» 2006ж.