«ҚазТрансОйл» АҚ өзінің құрылымдық бөлімшесі Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы «Өзен» бас мұнай айдау стансысының (БМАС) аумағында журналистерге арналған баспасөз турын ұйымдастырды. Бұл туралы «ҚазТрансОйл» АҚ ММҚБ жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникациялар жөніндегі маман Алтынгүл Меңдіхан хабарлады.
«Өзен» стансасы 1965 жылы іске қосылды. «Өзен» бас мұнай айдау стансысынан ұзындығы 1200 шақырым «Өзен-Атырау-Самара» ыстық магистралды экспорттық мұнай құбыры бастау алады. Өзен мұнайы жоғары парафинді, +32 градуста қатып қалады. Айдау кезінде оны пештердің көмегімен ысытады. Сондықтан мұнай құбыры «ыстық» деп аталады», — деп атап өтті «Өзен» бас мұнай айдау стансасының басшысы Фархат Ташибаев.
Оның айтуынша, БМАС-та энергия үнемдейтін жобалар және компанияның автоматтандырылған технологиялары енгізілуде. Соның ішінде, «Өзен» БМАС – та сорап агрегаттарына салқындатқыш сұйықтығы бар жиілікті-реттегіш электр жетегі қондырылған жабдықтар қолданылуда. Магистралды сорапты агрегаттардың жетектері — қуаты 2500 кВт, әрқайсысы жиілікті-реттегіш электр жетегінен қоректене алатын, асинхронды электроқозғалтқыларға ауыстырылды. Жиілікті реттегіш электр жетегі істен шыққан жағдайда сорапты агрегаттар тікелей өздері іске қосыла алады. Бұл технологияны қолдану нәтижесінде энергетикалық және технологиялық жабдық жұмысының ресурсы анағұрлым өсті. Компания бойынша электр энергиясын тұтыну көлемі 20% ға дейін төмендеді. Тек «Өзен» БМАС бойынша электр энергиясының үлестік шығысы 6 пайызға дейін төмендеді. Яғни тиімділік жоғары. Сонымен бірге электрқозғалтқысын бірқалыпты іске қосуға және сораптағы айналымды бірқалыпты реттеуге мүмкіндік туды.
«ҚазТрансОйл» АҚ транкинг радиобайланысының желісін модернизациялау бойынша жұмыстар жүргізді. Транкинг жүйесі аналогтық жүйеден цифрлы жүйеге ауыстырылды. Байланысты жаңарту сигнал қабылдау деңгейін, байланыс сапасын арттыруға, мәліметтер мен дыбыстық хабарламаларды тарату жүйесін жетілдіруге мүмкіндік берді. Транкингтік жүйенің өткізу қабілеті де бірнеше есе өсті. Цифрлы транкингтік радиобайланысты сәтті енгізудің жобасы және үлгісі «Өзен» бас мұнай айдау стансысында да көрсетілді.
Журналистер автоматтандырылған технология — қызмет көрсетілмейтін байланыс торабын көрді. Ол 2017 жылы салынды. Байланыс жабдығы, 60 метрлік мұнара, антенналар мен дизель электр стансасы бар блок-бокстан тұрады. ККБТ жұмыс істегенде адамдардың жанында болуы қажет емес. Жобаның басты мақсаты – өндірістік – технологиялық байланыс жүйесін пайдаланудың жаңа әдістерін қолдана отырып, операциялық шығындарды азайту.
Журналистер әлеуметтік нысандармен танысып, компанияның іссапарға жіберілген жұмыскерлеріне арналған 32 орындық жатақхананы көрді. 2008 жылы салынған жатақханада тұру үшін барлық жағдай жасалған. Жатақхананың бірінші қабатында асхана орналасқан, мұнда өндірістік жұмыскерлер тегін тамақтанады. «ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлеріне олардың өмірі мен олардың отбасы мүшелерінің жағдайын жақсартуға бағытталған кепілді әлеуметтік пакет береді.
Кәмшат Ізбасарова,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Маңғыстау облысы, Ақтау