Home » Мақалалар » ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ – ДАРА ТҰЛҒА

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ – ДАРА ТҰЛҒА

Төлеген Айбергенов жырларына баға берген ақын Ф.Оңғарсынова «… әртүрлі гүлзарларымен, даланың самалымен, жусанның иісі, таудың бұлағымен – өзімен өзі тыныш жатқан поэзиясының қалғымалы тірлігіне кенет көтерілген мұхиттың жал-жал толқындарындай асау ағысты екпінімен әсер еткен Айбергенов поэзиясы қазақ өлеңінің өресін биікке көтерді»- дейді.

Иә, өмір шындығын сол бір табиғи қалпында бейнелейтін, жыр маржандарын көсіле төккен шыншыл да, сыршыл ақын Т.Айбергеновтің өмірдің өзінен алынған көркем туындылары – қазақ поэзиясының  өрісін кеңейтіп, жаңа белеске шығарды.

Ақынның 1958 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген:

Көк шықты таудың тарғын тасын жарып,

Арықта сулар жатты  тасып ағып.

Аямай алтын нұрын  жерге төгіп,

Күн көзі күлімдейді қасын  қағып-деген «Пейзаж» атты  өлеңі  қазақ поэзиясына Төлегендей тағы да бір  жалынды ақынның келгендігін әйгіледі…

Ақын қай тақырыпқа барса да, салғырт қарамаған, бар жан-тәнімен ақтарыла айтқан. Кішігірім дүниенің өзінен үлкен-үлкен ойлар түйіп, оны шын ақындық  шеберлікпен, бейнелі тілмен, сезімтал жүрекпен бейнелей берген. Оның өлеңдерінің қайсысын алып қарасақ та, өмірдің алуан-алуан сырларымен қабысып жатқан нәзік лирика басым түсіп жатады. Өлеңдерінде өз басының тіршілігімен, өзі арқылы бүкіл елдің, халқының өмірімен, сол сияқты бүкіл адамзаттың арман-мүддесімен біте қайнасып жатады. Ақын бойындағы бар қасиеттер, қуаныш, сағыныш, махаббат, достық, мұң, өмірге деген құштарлық, бәрі де ақынның жеке басын күйттеуден тумайды, бүгінгі дәуірдегі жалпы адамға, адамзатқа тән шындықтан туады. Осылардың бәрін өлеңіне сыйғыза отырып, ақын заман үнін, жырын бүгінге арнайды, келешек ұрпаққа жеткізеді.

Туған ел мен жерге деген сүйіспеншілік – Төлеген Айбергенов лирикасының өн бойында жалғасып отыратын үзілмейтін желі. Ақынның шоқтығын биік көтеретін келелі де келісті арна — туған жер, туған ел, туған халқы алдындағы үлкен жауапкершілік, ар-ұждан, перзенттік парыз. Ақын туған елден жырақта жүріп, туған өлкені, оның әрбір тау-тасын, қаласын да, даласын да аңсаумен, кеудесінде шемен боп қатқан сағыныш толқындарын тебірене төгеді. Төлеген Айбергеновтің туған жер тақырыбындағы өлеңдерінің идеялық қуаты күшті, сыршылдығы мол, патриоттық сезімге толы.

О, менің байтақ мекенім,

Жанымның қаршығасы сен,

Шырқағым келіп кетеді

Жазбаған ән шығарсың сен.

Қызығың тербеуде мені,

Тарқамас той шығарсың сен,

Тулаған тар кеудедегі,

Тумаған ой шығарсың сен…

Айбергенов қазақ поэзиясында өзіндік үн қосты. Оның поэзиясы образға тұнып тұр. Өлеңдерінен адам күтпеген жерден оқыс теңеулер мен нәзік жүрекке әсер ететін  суреттер көреді. Көз алдыңа кәдімгі көркем картиналар келеді. «Сағынған көздің моншағы, шашылып жатыр төсекте»,-дейді Айбергенов. Көздің жасын қандай сұлу көрініспен, керемет теңеумен жеткізіп отыр?! Көздің жасын төсекке сіңірмей, моншаққа айналдырып жырлайды.

Төлеген теңеу деген ұғымды мейлінше еркін, мейлінше жетік, қолданады. Тың ассоциялар, тың бояулар мол.

Ақ жұпар аңқып, бұрқырап озон тараған,

Барсаң сен жаздың жаңбырында аппақ бораған.

Жетеді сен боп дүңкілдеп маған қаққанда –

Самала мынау таулардан

Сарқырамалар – барабан.

Төлеген Айбергеновтің поэзиясы ешкімге ұқсамайтындығымен ерекше.  Қазақ әдебиетінде туған жер, атамекен туралы өлеңдер болғанымен соншалықты ұлы сағыныш басқа ақындарда болмады десек қателеспейміз.

Сағындым, жаным, мен сені!

Көркіңді жүрген қуаныш қылып,

Мендей ме екен бар ағаң,

Шын інім болсаң, бас бұрма, жаным,

Өсек-ғайбатқа бораған.

Қажет жерінде қатігездік пен қаталдық

керек десек те,

Адамның заңғар ұлылығын сен сағынышымен есепте…  деген ақын сағынышы тек Мұхтар інісіне ғана емес, жыр сүйетін, жырдағы жалғандыққа жаны жылайтын,  қазақтың қара өлеңін қасиет тұтатын інілеріне арнап кеткен сағыныш-өсиеті  дерсің! Ал ары қарай ол жалпы адамзатқа қажетті философияға ұластырады.

Бабалар бізді сағынған, жаным, арманның аңсап биігін,

Әжелер бізді сағынған,жаным, талдырып асқар иығын.

Жазира белдер қуанышыңды болмасын мәңгі шектемек,

Алдыңнан орман кес-кестеп шықса сағынышыңмен көктеп өт.

Мен мұны жазып отырмын арманымды орап сезімге,

Жан-жақтан түскен шұғыланың бәрін сағынып жүрген кезімде.

Төлеген лирикасының ең басты қаһарманы – сағыныш. Ол оқушысымен әр кездескен сайын сөзін сағыныштан бастайды. Оның қай жырын оқысаңыз да осындай сағыныш сазы еседі. Туған  жерге деген сағыныш, достарға деген сағыныш, өлеңге деген сағыныш. Шындап келгенде, бұл сағыныштың бәрі де ақын көкірегін өртеп бара жатқан алай-дүлей махаббат.

Бұл – ақынның суреткерлік  кредосы. Сағынбай тұрып барма, сүймей тұрып жазба! Ол үшін қаншама ерлік кеңдік, қаншама рухани байлық керек.

Сөздің құдіретін жеткізудің бір жолы – өлең, сол өлеңді аз ғана ғұмырына серік еткен ақын Төлеген Айбергеновтың жүрегі соғуын тоқтатса да, өлеңдегі  сапарын тоқтату мүмкін емес.

Ей, адамдар, айналайын  туғандар,

Жалғыз минут тыңдаңдар!

Мен сендерге көп болды  сыр шертпедім,

Қазір түгел көкірегім  өрт менің!-деп жүрегінің лапылдаған отымен, өз дерті, өз жүрегін күйдіріп бара жатқан сағынышымен қазақ поэзиясының шаңырағын жылытты. Адамның заңғар ұлылығын сағынышымен есептер, сағынышымен өлшеген ақын, сол сағыныштың «кірпіктеріне сүйеніп» өткен. «Сөйлейді сенің тілінде барлық құс біткен» деп сағыныш алдында бас иеді. Азаматтығын сағынышымен асқақтатады. Сағыныш сезімін құдіретін елестету үшін мына бір шумаққа зер салсақ та жеткілікті:

Сен менің өзімді көрсең,

Тұрысым осы менің.

Ал мендегі ғаламат  сезімді көрсең

Шомыр едің!

Сен онда ойланар ең

Мен болып сезінер  ең

Мен болып оянар ең,

Мен болып көз ілер ең

Жеткізе алмас ел мұны  Адамның сөзімен.

Адамның сөзіменен жеткізе  алмаған жерден, құпия сезім құдіреті басталмақ. Осындай сезіммен өлең керуеніне  енген ақынның азаматтық жүрегі – азаматтық лирикасымен көріктеніп, күрделене түсті.

«Мен – марттағы найзағай күркірімін!» — деп өзі айтқандай, Т.Айбергенов қазақ өлеңіне нөсердей  құйылған екпін, толқындай тулаған ырғақ алып келді. Ол өлеңдерін жүрекпен жазып, жүрекке жеткізген ақын. Ақынның жырлары сенің жүрегіңнің түбіне терең бойлай отырып, қасіретіңді адамша түсінеді, досыңша сырласады. Тіпті сенің айта алмаған, жеткізе алмаған ойларыңды ақын поэзиясынан тапқандай боласың. Өйткені Төлеген шынайы, ағынан жарылған сыршыл –ақын. Шындықты бүкпесіз, тек ақиқатты айтатын жүректі – ақын.

Құстарың мәңгі ән салсын деп.

Жат қолға ілгізбедім мен.

Қызарып мәңгі қалсын деп,

Қырыңнан гүл де үзбедім мен.

Даланың тербеп өскені,

Қызғыштай шыр айналдым кеп.

Толқып бір көл де кешпедім мен,

Тұнығын лайлармын деп.

Туып-өскен, кіндік қаны тамған жерге деген махаббаты қандай ыстық. Жүректі шымырлатар сезімдері мәңгі қызарып қалсын деп, қырдан гүл үзбегеніне, тұнығын лайлармын деп, көлді кешпегеніне  күмәнсіз сенесің. Туған жерін шексіз сүйген перзенттің адалдығы кіршіксіз.

Төлеген Айбергенов поэзиясының  тағы бір тың ерекшелігі – өлеңдерін бұрыннан келе жатқан бір қалыппен, әбден қалыптасқан дәстүрлі түрмен жазған жоқ. Өлеңге тың бейнелер ғана емес, соны түрлер әкеліп қосқан ақын. Ол өлеңге еркіндік берді. Қазақ поэзиясына еркіндік алып келді. Ол 8, 13, 18, 15, 3, 2, 6, 17 т.б. буынмен төгіле жырлар жазған. Ең қызығы, осы тәріздес алуан буын мен алуан ырғақ кейде  жалғыз өлеңнің бойынан кездеседі. Және сол өлеңнің көркемдік сапасына тіпті нұсқан келтірмейді.

Мысалы сағыныш өлеңі19-18 буынды.

Сағынбай барсаң, теңіз де сенің тебіренбес жастық шағындай, /19/

Бұлбұлдың даусын есіте  алмайсың, бауларға кірсең сағынбай. /19/

Сағынбай барсақ, таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақ тап. /18/

Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап… /19/

Үмітке толы, арманға  толы әр жерде бір түп қарағай, /18/

Сағынбай жүрсе қалуы  мүмкін жамырасуға жарамай. /18/

Биікте тұрған таулар да мынау нұрына таңның боялған /18/

Сені мен менің ғасырлап күткен сағынышымнан оянған. /18/

 

Жапырақтардан тіл бітіп бала құстарға                 (13)

Көктем келді тағы да Қазақстанда.                          (12)

Медеудің мынау  үкілі басы бұрқырап,                  (13)

Сапарын тартты сабылып  сазы алыстарға.             (14)

Сұңқар шыңдардан суырып семсер ақберен,        (13)

Бұрма құздардан бұзылып  көшті қақ терең.            (13)

Бала қайыңдай солқылдап  бұлақ сайлардан,            (13)

Кеудемнен менің сыбызғы тартып ақты өлең (14) – деп басталатын «Қазақстан көктемдерді» деген өлеңіндегідей сазды да, әуенді жырларының буындары әртүрлі болып келсе де, тіл кібіртіктемейді, қайта  арнайы ағысқа тартқан өзендей сүйіспеншілігіңді оятып отырады.  Бояулар да жұтаң емес, қалың сөздер де тосын: «Жапырақтардан тіл бітіп бала құстарға» дейді. Теңеулері де орнықты әрі сымбатты. «Медеудің мынау үкілі басы бұрқырап» дейді. Күтпеген көз алдыңда суреттер келеді. Бұл ағысының да сипаты тамаша, оған шыбық қайынның майысқақ, иілмелілігін ойға оралтып: «Бала қайыңдай солқылдап бұлақ сайлардан» дейді. Екі шумақтың өзінен неше алуан теңеулер төбе көрсетеді. Бәрі жарасымды. Көңілге қонымды.

Табиғатпен етене туысқан дарын – Төлеген Айбергенов творчествосын сөз еткенде, оның осы қырына арнайы тоқталуды жөн көрдік. «Атамекен» өлеңінде:

Көл дария көккірегіммен  бір тұнба ашып,

Мен тұрмын ата-баба жұртын басып.

Жаутандап қазір менің  жанарымда,

Түп-тұтас жиырма жеті жыл тұр ғашық – дейді. Бұл жерде ақын, өзінің жиырма жеті ғұмырына дейін қарапалпақ жерінде өсіп, бар болғаны үш жыл ғұмыры туған қазақ жұртында өтті. Сол үш жылда ақын – ағыл-тегіл жырлады, құдіретті сезімге шомылды, оның бәрі туған жер табиғатының қадір-қасиетінің күші еді.

Түп-түгел төрт құбылаңды  түстік етіп,

Туған жер, мен сен салған құс түлетіп.

Дүние-ай, қандай жақсы  еді табаныңа,

Тұрғаны өз топырағыңнан ыстық өтіп.

Мұндағы атамекенге деген  сезімін мен сенің түлетіп  ұшырған құсынмын дей келіп, «Дүние-ай қандай жақсы ед табаныңа, тұрғаны өз топырағыңнан ыстық өтіп»-сынды сезімді бастап кешу, жаутаңдап жиырма жеті жыл туған жеріне табаным тисе деп ғашық болған адамның, сағынған жанның жүргінен ғана туады. Күнде туған жерге табаны тиіп жүрген адамнан гөрі, терең ұғынады. Тіпті, ақын туған жерін сүйетіндігін, қастерлейтіндігі соншалықты өзінің көлеңкесін де сол жерге түсіргісі келмейді. Сондықтан да: «Мен сенің ақ төсіңе шаққай түсте, көлеңкем түспесін деп тік тұрамын», — дейді Айбергеновтің «Атамекен» өлеңінен табиғат, пейзаждық лириканы бастауымыз себебі, ақын сол туған жер табиғатының суретін, бояуларын саяси лирикаға да, философиялық лирикаға да, махаббат лирикасына да тамаша қолдана біледі. Оның бейнелеу құралының қуатты қаруы – табиғат тылсымдары. «Мұнаралар» деген өлеңінде:

Кезім менің!

Жатырсың жырақты ашып,

Қызыл гүлді барады қыр ап қашып.

Жиырмасыншы ғасыр жүр  Маңғыстауда

Мұналар басына шырақ тасып.-дей келіп, «табаным астында қара дария, тас төбемде тайгосы мұнараның»-деп әдемі суретті табиғатпен табыстырады да

Өмір, өмір ойлайсың толғанасың,

Жастық шағың аңсайды қарбалысын.

Мұңаяды жиырма бес – қызық  дәурен,

Көнке осылай шаншылып қалмағасын – деп, Маңғыстаудан мұнараларға, мұнараларын табиғатқа, табиғаттан – өмірге ойысып, адамның  қызық дәурені, ғұмыры – жиырма бестің арман – мұңына әкеп тірейді. Бір-бірімен үйлесіп ұнасым табады. Төлеген үшін табиғат – адамдай қозғалыстағы жанды дүние. Табиғат тек қана  шабыттың ғана көзі емес, табиғатта да жүрек бар, табиғатта да бостандық, еркіндік бар, табиғатта да махаббат және оның тілі бардай сезінеді, содан өлеңнің жан дүниесі ашылып, адамның күрделі өміріне еркін енеді. Сезімін тербейді, табиғатты адаммен, адамды табиғатпен туыстырып, әдемі теңеулер туғызады.

Төлеген Айбергенов творчествосы қазақ өлеңінің  құрылысына өзіндік жаңалықтар енгізді. Ал Төлеген Айбергеновтегі  теңіздегі теңселтіп, шалқарды жайқалтардай қуатты екпін қазақ поэзиясына ежелден тән қасиет, бірақ, соңғы жылдары қазақ топырағында әр алуан жақсы ақындар қанша көбейгенмен, осы бір қазақша айтқанда аруақты серпін, арқалы өлең Қасымнан кейін көрінбей кетіп еді:

Өзіңді көріп кеудеме,

Дүрсілі қонып жүз  аттың.

Осынау сұлу өлкеме,

Өлеңнің қызын ұзаттым… – деп,  жыр жасасынан ақынның басқаға ұқсамайтын ірілігі мен өзгешелігін мойындамауға хақымыз жоқ.

Т.Айбергенов өлеңдеріндегі бір ерекше айтатын нәрсе – түр-түс әлемі ерекше мазмұнға ие. Т.Айбергенов поэзиясында түр-түс атауларының түрлі аталымдары қолданылған. Ақын поэзиясында көрініс тапқан (ақ, сары, қара, көк, қоңыр, қызыл, жасыл, сұр) түр-түс атауларына қатысты тіркестер этностың мыңдаған жылдар бойы жинақтаған танымы мен білімін тануға септігін тигізеді. Әсіресе, ақ, көк, қара, қызыл түс атаулары жиі қолданылған тілдік бірліктер Т.Айбергенов поэзиясында қолданыс тапқан «ақ» сөзі тек номинативтік мағынада ғана қолданылмай, символдық, танымдық, ауыспалы мағынада да кездесіп отырады. Мысалы,

Бар болған кездеріңе сүйсінемін,

Жоқ болған күндеріңе күйінемін.

Мен жалпы ақ перзенті болсам керек,

Үміті үзілмейтін дүниенің.

Өлең жолында кездескен ақ перзент – тазалықтың, пәктіктің белгісі болып танылған. Сонымен қатар ақын поэзиясында осы мағынаны беретін ақ бөпе, ақ бала, ақ босаға, ақ бесік сияқты тіркестер де кездеседі.

Аққудай мұнда қыздар ақ,

Тоймайды көзің жүз қарап,

Мұзбалақ болсаң білесің,

Ілесің болсаң мұзбалақ, — деп келетін өлең жолдарындағы ақ қыздар, ақ дидар,  ақ ару, ақ жұпар тіркестері «қас сұлу, ару» келбетін аша түсіп, «сұлулық», «әдемілік» ұғымдарымен астасып жатыр.

Бүгінгі күні қанатын қомдап, пәк түлеп,

Шәмшіден ұшты сендерге деген ақ тілек.

Алыста жүрсе сүю де жақсы аңсаумен,

Жақынға келсе құшақтап сүйген тәттірек.

Ұлттық танымымызға сәйкес алынған түс атауларының тіліміздегі семантикасы мынадай болып келеді: ақ көңіл, ақ жүрек, ақ жан, ақ ниет сияқты ұғымдар тілімізде адам мінезіне сай өріс алса, ақ бесік, ақ отау, ақ босаға, ақ бөпе, ақ бала – тазалықтың, пәктіктің белгісі болып, ақ жаулық, ақ тілек, ақ бата, ақ жол – адамның шынайылық көңілі, аққу, ақ сұлу, ақ жібек, ақ жақұт, ақ сүйрік – сұлулықтың символы іспеттес ұғымдарды қамтиды.

Жалпы ақын атулымыздың бәрі де алдымен өз ұлтын, содан кейін барып барша әлемді құшағына алғысы-ақ келетіндігі елге аян. Бірақ Төлеген жырындағы айтылған сағыныштың сағымды әлеміне теңеу табылмас, әрине.

Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев: «… Төлеген, сөз жоқ, талант. Дара талант… Төлеген  Айбергенов творчествосы – өлімді жеңіп шыққан өмір шаттығының жыры»-дейді.

Бұл ақын  құйма жырдың  киесіндей жер бетіне бір соғып өткен құбылыс десек болғандай. Содан да болар ол өз жырының сағыныш отына өртеніп кеткендей және оның сол бір жансыз мүрдесінің айналасында Мұқағалидай ұлы ақынымыздың өзінің үлкен жүрегін қолына алып ажалға араша түсердей шырпыр қағуында да үлкен мән жатса керек.

Тлеумағамбетова Сара Мызабекқызы

Маңғыстау облысы,

Жаңаөзен қаласы,

№9 орта мектептің қазақ тілі

және әдебиеті пәні мұғалімі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.