Home » Ашық сабақтар » Қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптары. Жетіген, сазсырнай, дауылпаз

Қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптары. Жетіген, сазсырнай, дауылпаз

Білім беру саласы: шығармашылық

Оқу қызметінің түрі: музыка

Мақсаты: балалардың ноталарды тануын, музыкалық аспаптарға деген қызығушылығын ояту, оларды дыбысынан ажырата білуге және музыкаларды тыңдау арқылы эстетикалық талғамдарын, музыканы қабылдау деңгейін дамытуға, аспаптарды дыбысына қарай ажырата білуге үйрету.

Музыкалық репертуарлар: И.Нүсіпбаев «Домбыра сазы», Құрманғазы «Сарыарқа», Ықылас «Жез киік»

Жабдықталатын көрнекіліктер: дидактикалық ойынға арналған аспаптардың суреттері, сиқырлы қорапша, ұлттық аспаптар, үнтаспа, пианино.

Мотивациялық қозғаушылық: балалар «марш» екпінімен залға кіреді, ортаны айналып шығып шеңбер жасап тұрады, музыка жетекшісі балалармен амандасады және әуенге (басқа көңілді әуен қосылады) музыкалық-ритмикалық қимылдар жасайды. Балалар әуенмен залға кіріп, шеңбер бойында жүріп, аяқтың ұшымен, қолды жоғары көтеріп жүру, қолды екі жаққа созып жүру, аяқтан-аяққа секіру, екі аяқты кезекпен бүгіп, секіру қимылдарын жасайды.

Балалармен музыкалық сәлемдесу: «Сәлеметсіндер ме, балалар!»

«Сәлеметсізбе, апай!»

Балалар, қане шаттық шеңберіне келейік. Балалар, бүгін бізде ерекше күн, бізге қонаққа қонақтар келіп отыр. Ендеше қонақтармен амандасып алайық.

«Шаттық» шеңбері:

Күннің көзі ашылып,

Көкке шуақ шашылып,

Құтты қонақ келіпті,

Төрімізге еніпті.

Амандасу үлкенмен,

Тәрбиенің басы ғой.

Ал, қанекей, бәріміз,

Сәлем дейік үлкенге,

Сәлеметсіздер ме, апайлар!

Орындарыңа отыра қойыңдар.

Балалар орындарына отырады.

Осы кезде телевизор экранынан Әли мен Айя сөйлейді: Балалар бізді «Ән айтайық» бағдарламасына шақырған еді, бірақ біз не ән айта алмаймыз, не би билей алмаймыз. Тіпті аспаптардың атауын да білмейміз. Бізге көмектесесіңдер ме?

Балалар экранға назар аударып,тыңдайды.

Көмектесеміз бе балалар?!

Балалар келіседі:көмектесеміз.

Балалар, Әли мен Айяға бізге көмектесу үшін біз тапсырмаларды орындауымыз керек. Ал тапсырмалар станцияларда жасырылған. Ал станцияға бару үшін саяхатқа шығуымыз керек.

Балалар: Ия, шығайық.

Ендеше балалар, біз бүгін музыка әлеміне саяхатқа шығайық…

Балалар келіседі.

— Саяхатқа немен шығуға болады?

Автобуспен… Ұшақпен..

— Ал станцияларға бару үшін немен барамыз?

Пойызбен..

-Ендеше балалар,қанеки,пойызбен шығайық. Балалар қуанады.

Ізденушілік-ұйымдастырушылық:

Жақсы балалар, ендеше пойызға отырайық. (әуенмен жүріп, залды бір айналады) Бір-бірінің артынан тіркесіп, пойыз болып жүреді.

Балалар бірінің артынан бірі пойыз болып жалғасып, шеңберді айнала жүреді.

Балалар орындарына отырады.

Бірінші станция

«Балалар, бұл станцияда бір қорапша бар, қорапшаның ішінде заттарға байланысты сұрақтар бар, сол сұрақтарға жауап берсеңдер»-деген. Балалар сұрақтарды оқимыз ба?

Балалар назар аударады.

Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын атаңдар-деген екен. Қане, балалар біз өткен оқу-іс әрекетімізде қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен танысқан болатынбыз, солай ма?!

Балалар: ия!

Ия,таныстық..

Қандай аспаптармен таныстық?

Балалар: Домбыра, қобыз, дауылпаз, асатаяқ.

Жақсы, дұрыс балалар! Бүгін біз тағы да аспаптардың түрлерімен танысамыз.

«Жетіген» аспабы. Аспаптың дыбысы ерекше және құрылысы өте қарапайым. Оның атауы «жеті ішекті» деген сөзден шыққан. Аспаптың жеті ішегі, жеті құлағы және асықтан салынған жеті тиегі болады екен. Музыка жетекшісі аспапта ойнап көрсетеді.

Балалар тыңдайды, аспаптардың атын қайталап айтады.

«Сазсырнай» аспабы.

Сазсырнай аспабы сазбалшықтан жасалған, дыбысы нәзік, құлаққа жағымды. Музыка жетекшісі сазсырнайды ойнап көрсетіп береді. Үнтаспадан таныстырылған аспаптардың дауысын тыңдатады. Аспаптардың аттарын балалар тәрбиешімен бірге,қайталап айтады.

Балалар тыңдайды,аспаптардың атын қайталап айтады. Аспаптарды ұстап, қызықтап, ойнап көреді.

Жарайсыңдар балалар, тағы да пойызға отырып (музыка ойнап тұрады) әрі қарай жүрейік. Балалар бірінің артынан бірі пойыз болып жалғасып, шеңберді айнала жүреді. Балалар орындарына отырады.

Екінші станция

(әуенмен жүріп, залды бір айналады) Бұл жерде қандай тапсырма бар екенін тапсырмадан оқып білейік:

Музыка тыңдау: Балалар сол үнтаспадағы музыканы тыңдап, онда қандай аспаптардың дыбыстарыбар екенін ажыратып беріңде, — депті.

Балалар келіседі.

Тыңдап көреміз бе, балалар? (Құрманғазы ұлттық аспаптар оркестрінің орындауында Құрманғазының «Сарыарқа» күйі)

Балалардың жауабы: Домбыра, қобыз, жетіген, сазсырнай, дауылпаз, асатаяқ.

Балалар аспаты тауып, көрсетіп, мольбертқа апарып жапсырады.

Балалар, тағы да пойызға отырып тапсырмаларды әрі қарай шешейік. (музыка ойнап тұрады, үшіншістанцияға келіп жетеді)

Үшінші станция

«Балалар мына үнтаспадан әуенді тыңдап,оны сөзімен қосып айтып беріңдерші»-депті. Олай болса балалар, біз ән айту үшін, отырып дауыс жаттығуларын жасайық.

Тыныс алу жаттығуы. Ля-дыбысына жаттығу. (до-ре-ми-фа-соль) МА-МЕ-МИ-МО-МУ-дыбыстарына жаттығу. (до-ми-соль)

Музыка жетекшісі әннің қайырмасын ойнайды, балалар табады. Әннің сөзін қайталап еске түсіріп, айту.

Балалар, осындай тамаша көңіл-күймен келесі аялдамаға жетейік. (музыка ойнап тұрады, төртінші станцияға келіп жетеді)

Төртінші станция

Бұл аялдамада қандай тапсырма бар екен хатты оқып көрейік:

Дидактикалық ойын: «Аспаптарды тобына қарай бөлейік…»

Балалар, біз қазір аспаптарды тобына қарай танып, жинап, айтып беруіміз керек. Ол үшін біз 4 топқа бөлінейік. Балалар 4 топқа бөлініп, 4 үстелдің қасына барып тұрамыз. Үстел үстінде аспаптардың суреті қойылған. Әр топқа аспап тобы бойынша (шертпелі, ыспалы, үрлемелі, ұрмалы-соқпалы) жинау керек.

Балалар, керемет! Дұрыс таптыңдар! Балалар, тағы да басқа тапсырма барма екен, көрейік. Ол үшін келесі аялдамаға барайық. (музыка ойнап тұрады, бесінші станцияға келіп жетеді)

Бесінші станция

Онда тапсырмаларды орындайық,балалар.

Бесінші тапсырма:

«Мына суретте не бейнеленгенін айтыңдар және орындап беріңдер»- депті. Суретте билеп жүрген балалар бейнеленген.

— Қандай керемет! Рахмет, балалар! Енді орындарымызға отырайық. Сендердің көмектеріңнің арқасында Әли мен Айя енді «Ән айтайық» бағдарламасына қатыса алатын болды.

Экраннан Әли мен Айя: Балалар, сендердің арқаларыңда біз ән айтып, би билеуді, аспаптардың атауын да біліп алдық. Сендерге көп рахмет, сау болыңдар!.

Ал, балалар, біздің де балабақшаға қайтатын уақытымыз болып қалды. Мінекей, пойыз да келді, қанеки кеттік. (музыка ойнап тұрады, залды бір айналып шығады)

 

А.Т. Мажитова

Астана қаласы, «№32 «Балдәурен» балабақшасы»

шағын-орталығының музыка жетекшісі

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.