Қазақ халқының мәдени мұрасы ұрпақтың рухани байланысын нығайтатын ұлттық мәдениеттің маңызды құрамдас бөлігі, ұлттық сана-сезімнің негізі болып табылады және ерте заманнан қалыптасқан қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетін барлық қырынан анық көрсетеді.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев бастамасымен іске асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы — халықтың үлкен мәдени мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін; ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру; ұлттық әдебиет пен жазбаның ғасырлар бойындағы тәжірибесін жалпылау; мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойлар, мәдениет және әдебиет жетістіктерінің үздіктері негізінде толымды қор жасауды зерттеу жүйесін құруды қарастырады.
Демек, біздің алдымызда, ХХІ ғасырда білімді ұрпақ тәрбиелеу, яғни дінін, тілін, елін, өз ұлтын сүйетін, ұлттық құндылықтарын қастерлейтін патриот тәрбиелеу талабы тұр. Бұл деген сөз, ұрпағымызды біліммен сусындандырып, жан-жақты тәрбиелеп, өскенде алпауыт елдермен білімі жағынан қарсыласып бәсекеге тұра алатын «мәңгілік болашақ тұлға» тәрбиелеу.
«Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата — ана үлгісі» — деп Ы. Алтынсарин атамыз айтқандай, адамгершілік тәрбиесі – әрбір азаматтың борышы.
Ал, осы адамгершілік тәрбиенің түп қазығы ұлттық тәрбиеде жатқан жоқ па? Біз балаларымыздың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңірсек, ата-бабамыздың жасаған ерліктерін, әжелеріміздің биязы, ибалылығын айтып отырсақ, оны іс жүзінде қолданып іске асырсақ, жаңа заман — тірегін тәрбиелеген боламыз. Осы ұлттық құндылықтарымызды бесік жырларын, ұлттық ойындарды, салт-дәстүрімізді, ұлттық киімдерімізді, ұлттық аспаптарымызды дәріптеу күнделікті оқу қызметінде, іс-шараларда қолданылады, яғни, баланың санасына отансүйгіштікті, патриоттық сезімді, еліне, жеріне, отбасына деген сүйіспеншілікті құямыз. Осы орайда ұлы ақын М. Жұмабаевтың сөзі ойға оралады: “Ұлттық тәрбиенiң негiзi – адамгершiлiк, еңбек тәрбиесi”.
Иә, шындығында да адамгершіліктің қайнар бұлағы – халықта, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрпында. Қазақ халқының бай салт-дәстүрі мен әдебиетінің келер ұрпаққа берер тәрбиесі көп. Соның ішінде рухани-адамгершілік құндылықтарының маңызы ерекше.
Жоғарыда айтқанымдай, қазақ халық мәдени мұралары түрлері көп. Мен соның ішінде халық ауыз әдебиетіне тоқталмақшымын. Себебі халық ауыз әдебиеті арқылы балалардың рухани-адамгершілік құндылықтарын дамытуға, мәдени мұрамызды бала бойына сіңіруге тиімді болмақ.
Халық ауыз әдебиетін балаларға ұғындыру мақсатында заманауи әдіс-тәсілдерді қолданамын, яғни оқу қызметіне кіргіземін. Олар: «Сөйлейтін таяқша» (сиқырлы таяқша) мен «сөйлейтін қаламша». Балаларға күнделікті оқу қызметі тақырыбына сай сөйлейтін қаламшаны қосып, халық жырларын, ертегілер, жаңылтпаштар, өлеңдер тыңдатамын. Балалар қызығушылықпен зейін қойып тыңдап, ертегі, халық жырларын қайталауға тырысса, өлең мен жаңылтпашты оңай жаттап алады.
Ал, «сөйлейтін қаламшамен» плакаттағы суреттерге байланысты әңгіме құрап, өз ойларын бөліседі. Бұл дегеніміз балалардың білуге деген құлшынысын арттырады.
Бала ойынмен өседі демекші, ұлттық ойындарды да кеңінен қолданып отырамын, өйткені ол халықтық рухани бай қазынасының бірі, тәрбие құралы. Ойын арқылы балалардың ойлау қабілеті тез жетіледі. Өлеңдерді, жұмбақтарды, жаңылтпаштарды жиі қолданса, балалар тез жаттап алады.
Қазақ халқының тәлімдік тиімді құралдарының бірі – ертегі, қисса. Халық ауыз әдебиетінде ерекше орны бар, баланың ойының ұшқыр қиялының өткір зерек болып, тілінің бай, еркін тілді болуына ертегілердің тигізер әсері мол. Ертегілерді әңгімелеуде де бір ғана сурет қолдануымен шектелмей әртүрлі көрнекі құралдар пайдаланып, дауыс ырғағын келтіре отырып, әңгімелеп отырса, бала есінде тез сақтап, қайталап әңгімелеп беруіне де оңай болады деген ойдамын. Осы секілді өз іс-тәжірибемнен мысалдар келтірер болсам, оқу іс-қызметі үстінде әртүрлі көрнекі құралдарды түрлендіре пайдалағанды жөн санаймын, өйткені олар арқылы балаларды қызықтырып, өзіне тарту да қиынға соқпайды. Ертегілерді әуелі әртүрлі суреттер арқылы түсіндіріп аламын, кейін ондағы кейіпкерлеріне қысқаша мінездеме бергізем. Дөңгелек үстелде отыру арқылы үстел үсті ертегісін алып, әр балаға ертегі кейіпкерін тарату арқылы тәрбиеші бастаған ертегіні жалғастырту арқылы ертегіні ойда бекітуге дағдыландырамын. Ұйымдастырылған оқу қызметінде ертегі кейіпкерін қонаққа шақыру арқылы балалардың естіген, білген ертегілерін ұмытпауға дағдыландырған жөн. Сонда баланың есте сақтау қабілеті, логикалық ойлау қабілеті арта түседі.
Мысалы: Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде.
Қырғауыл жүзі қызылда,
Бұлақ жүні ұзында
Атақты бір бай бопты
Төрт түлігі сай болыпты.
Балалар осы шумақтармен ертегілерді жатқа айтып, ертегіні бастай алады.
Ал енді халық ауыз әдебиетінің үлкен бір саласы: тұрмыс – салт жырлары. Ұлы данамыз Абай айтқандай: «Туғанда дүние есігін ашар өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп бекер айтпаса керек. Сол сан түрлі тұрмыс – салт жырларының ішіндегі бесік жырлары, тұсау кесер жырлары т.б. баланың жаттауына тез, әрі қызық болғандықтан сүйсіне жаттайды.
Мақал – мәтелдерге келер болсақ, схема бойынша жаттатуға болады.
Мысалы: 1. Ата – бәйтерек,
Бала- жапырақ.
- Батыр туса –ел ырысы,
Жаңбыр жауса – жер ырысы.
Осы сөздердің суретін іліп қойып жаттатса балалар тез жаттап алады. Өз тәжірибимде балаларға осындай мақал – мәтелдерді көп қолданамын.
Ал енді халық ауыз әдебиетінің үлкен бір саласы: тұрмыс-салт жырлары. Ұлы данамыз Абай айтқандай: «Туғанда дүние есігін ашар өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп бекер айтпаса керек. Сол сан түрлі тұрмыс-салт жырларының ішіндегі бесік жырлары, тұсау кесер жырлары т.б. баланың жаттауына тез, әрі қызық болғандықтан сүйсіне жаттайды. Осындай өлең-жырларды үйреткенде де балаларға ерінбей-жалықпай қуыршақты алып, оны бөлеп, немесе әлдилеп отырып айтқызса бала есінде сақталуы тез болмақ. Ал, сөйлейтін қаламша арқылы бесік жырын, тұрмыс салт жырларын тыңдау арқылы баланың есту қабілеті артады және бала есіткен сөздерін, әңгіме-ертегілерін тез есіне түсіре алады. Халық ауыз әдебиеті күні бүгін де өз маңызын жойған жоқ. Ол қазақ тілінің байлығын және оның шексіз эстетикалық мүмкіндіктерін тайға таңба басқандай етіп көрсетеді.
Халық тәрбиесінде баланың ақыл-ойын дамытып, ой өрісін кеңейту, тілін ширату үшін жұмбақтарды кеңінен қолданған. Сондықтан да жұмбақ арқылы балаларды тапқырлыққа, шапшаңдылыққа, ойшылдыққа үйретемін. Жұмбақтар балаларға олардың дүние тану қабілетін дамыту, тапқырлыққа баулу мақсатымен үйретіледі. Жұмбақты схема бойынша шешсе, балалардың ойлау қабілеті тез дамиды.
Мысалы: Көктемде ақ гүл оранды,
Күзде қолға доп болып оралды. (Гүлдің суретін және доптың суретін іліп қойса балалар өздері тез ойланып табады).
Балаларға арналған шығармалардың тақырыбы көбінесе табиғат әлемінен өзін қоршаған күнде көріп жүрген оқиғалардан алынады. Тілі жеңіл, сөзі ойнақы болып келеді.
Баланың қасында болған әрбір кез – тәрбие уақыты. Сондықтан да баланың қасында болған кез келген сәтте балаға халық ауыз әдебиетін қолдану арқылы жағымды қылықтарды бойларына сіңіруді көздеймін. Мысалы: бала үстелде отырғанда алақ-жұлақ етпей, аспай-саспай, төкпей-шашпай тамақтануын қадағалау.
Сорпа, көже, кеспені іш,
Сорпылдатпай етпен іш.
Алып жаймен алдына,
Үгітпей жей нанды да…
Реті келгенде «Қап, мына нанның ұсағы түсіп қалыпты ғой» деп жерден көтеріп, көркем сөздерді тақпақтап айтса баланың есінде жақсы сақталары сөзсіз.
Нан қоқымын шашпаңдар,
Жерде жатса баспаңдар,
Торғайларға тастаңдар.
Балаларды қоршаған ортаға, табиғатқа деген эстетикалық сезімге қызығушылықтарын оятуға адамгершілік тәрбие маңызды орын алады.
Балалар ортасында кеңінен мазақтамалар да қолданып отырылады. Сан ғасырлар бойы халқымыздың санасына сіңіп, екшелеп, сараланып жеткен бай дәстүрлерінің бірі – ырым ғұрыптары. Жақсылық нышандарына жоралғы, жамандыққа тыйым ретінде айтылатын ырымдар халқымыздың баладан бастап үлкенге дейін ұлағаттылыққа тәрбиелеудегі бай тәжірибесінен түйіндеген қағидасы екені даусыз.
Демек халықтық педагогика – тәлім-тәрбиелік ой пікірдің ішкі бастауы, халықтық рухани мұрасы.
Халық ауыз әдебиетінің тәрбиелік мәні зор, оны керек жерде, бір – бірімен байланыстыра отырып әрқашан пайдаланып отыру керек деген ой түйдім.
Саттарова Загипа Карабатыровна,
«Аққу — бөбекжай» тәрбиешісі
Қарағанды облысы, Абай қаласы