Қазақстан мен Түркия арасындағы білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында екі ел Президенттерінің тікелей қолдауымен құрылған «KATEV» халықаралық қоғамдық қоры Қазақ-түрік лицейлерінің атауын «Білім-инновация лицейі» деп атау туралы ұсыныс жасады.
«Қор басшылығының (Қордың Құрылтайшылар кеңесі мен Қордың Ғылыми-әдістемелік кеңесі), ҚТЛ білім алушыларының ата-аналар қауымдастығы, лицей директорларының шешімімен ҚТЛ атауына «ребрендинг» жасау, яғни білім беру ұйымының қоғамдағы орны мен мәртебесін жайлы жайғастыру мақсатында атын ауыстыруды, және де оны Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орайластырып, атауын «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ ЛИЦЕЙІ» деп өзгерту туралы бастама көтеріп отыр»,-деп хабарланған қордың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Қордың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып, ал ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев аталған кеңестің мүшесі атанған екен.
Айта кетейік, қазір «KATEV» ХҚҚ басқаруында 27 мемлекеттік қазақ-түрік лицейі бар. Қор Қазақстан Республикасы Заңнамасына, халықаралық нормаларға, сондай-ақ, құрылтайшылар арасындағы Жарғы ережелеріне сәйкес қызмет атқарады. Қордың құрылтайшылар құрамы үш адамнан тұрады, барлығы Қазақстан Республикасының азаматтары.
Лицей оқушыларының 2015-2016 оқу жылы жеткен жетістіктері:
Халықаралық пәндік олимпиадалар — 129;
Халықаралық ғылыми жоба жарыстары — 238;
Республикалық пәндік олимпиада — 253
Республикалық ғылыми жоба жарыстары — 62.
Ал, алдыңғы қатарлы оқу орындарына түсу бойынша 2015-2016 оқу жылында ҚР ЖОО-ына (гранттар) 821 түлек түскен. Назарбаев Университетіне — 148, ТМД және алыс шет елдердің ЖОО — 267 бітіруші қабылданған.
Еске сала кетсек, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған аталған лицейлердің түрік діндары, оппозиционер Фетхулла Гүленге тікелей қатысы барын айтып, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа оларды жабуға кеңес берген болатын.