Home » Мақалалар » ҚАЗАҚ-ТҮРІК ДОСТЫҒЫН ЖЫРЛАҒАН АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІ

ҚАЗАҚ-ТҮРІК ДОСТЫҒЫН ЖЫРЛАҒАН АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІ

Қазақ руханиятының жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың таланты мен мұрасы сан қырлы. Ол ұлт тарихын, оның іргелі оқиғалары мен тұлғаларын зерделей ұлықтауға, өткеннің тәжірибесі мен тағылымын қоғамдық санада ұялатуға мол мұра қалдырған ұлы ақын.

Мағжан жыры –таусылмайтын жыр. Ақындардың ақыны аталған жыр жасампазы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай бабамыздың рухын асқақтатып, өшпес мұрасының насихатталуына үлкен жол ашылды. Соның тағы бір айғағы Анадолы еліндегі Мағжанның мерекесінің тағы бір рет тойлануы болды. Түркия мемлекетінің Ыстамбұл шаһарындағы Мимар Синан көркем өнер университетінде «Қазақ-түрік достығын жырлаған алаш қайраткерлері Мағжан Жұмабай және шығармашылығы» тақырыбында халқаралық сиппозиумы өтті. Симпозиумды Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институты және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының мұрындық болуымен өткізді.

Симпозиум екі мемлекеттің әнұрандарының орындалуымен шымылдығын ашты. Симпозиумның ашылуында сөз алған Мимар Синан көркем өнер университетінің прфессоры, т.ғ.д. Әбдіуақап Қара Мағжан ақынның «Алыстағы бауырыма» деген өлеңін оқып күллі түркі бауырларының жүрегінен жол тапты. Симпозиум екі күн бойы 4 бағытта өз жұмысын атқарды. Халықаралық симпозиумға Қазақстан, Әзербайжан, Түркия республикаларының ғалымдары қатысып, Мағжан Жұмабаевтың ашылмаған қырлары мен ақтаңдақ беттері туралы әңгіме қозғады.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының профессоры Данагүл Махаттың «Мағжантанудың кейбір ақтаңдық беттері» деген тақырыптағы баяндамасында бұрын соңды көп айтылмаған тың деректер келтіріліп, болашақ жас ғалымдарды Мағжанның күні бүгінге дейін жарық көрмеген «Терме», «Кең дала» сияқты өлеңдерінің барын айтты. Алдағы уақыттағы зерттеулерде осы мәселе естеріңізде болсын дегенді ескертті. Ал, жас ғалым Қанай Өмірбек «Алаш ұлттық қозғалысының қытай қазақтарына әсері» деген тақырыптағы баяндамасы көрермен көзіне жас алдырды. Мағжан қазақтың ғана жырын жырлап, жоғын жоқтамағанын әр баяндамашы өз сөздерінде тілге тиек етті. Түрік ғалымдары Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» өлеңін қазақ-түрік тілдерінде оқығанда мерейіміз тасып, бағамыздың жоғарлағанын сездім. «Мағжанды сүйемін, Мағжанды сүю арқылы қазақ деген елді сүйдім», дейді Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Осман Йорұлмаз. Расында да, Мағжан Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» өлеңі қазақ-түрік арасындағы алтын көпір, әнұраны екенін тағы бір дәлелдеді.

Бауырым! Сен о жақта, мен бұ жақта

Қайғыдан қан жұтамыз. Біздің атқа,

Лайық па құл боп тұру? Жүр кетелік

Алтайға, ата мирас алтын таққа, — деген жолдарға екпін

түсіре оқып,  түбіміз бір түрікпіз деп, үлкен құрмет көрсетті. Қос елдің достығын жырлаған, түркішілдікті ту еткен Мағжан жырлары мәңгілік, жасапмаз жыр.

Көкбасқызы Жазира
«Білім айнасы»
Түркия, Ыстамбұл

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.