Home » Мақалалар » Қазақ тіл біліміндегі терминтаным мәселелері

Қазақ тіл біліміндегі терминтаным мәселелері

Жаһандану дәуірі саналатын бүгінгі күннің кезeк күттiрмейтін өзекті мәселелерінің бірі – терминология саласы, яғни ғылым мен техникасы күн санап дамушы заманның қажеттіліктерін өтеп, термин жасау, қалыптастыру, терминологияны жүйелеу, реттеу жұмыстарын жолға қою, жaлпы ғылыми-техникалық терминолoгияның дaму бағытын белгілеу. Басқа ғылым салалары секілді қазақ терминологиясының да өзіндік даму тарихы, қалыптасу жолы бар. Оны қоғамдағы саяси-экономикалық, тарихи-әлеуметтік, рухани-мәдени өзгерістерден бөліп алып қарастыруға болмайды. Қазақ терминологиясы жөнінде сөз қозғамастан бұрын, жалпы термин мәселесі жайына тоқталсақ.

«Терминоведение» терминін 1967 жылы 30 мамыр мен 2 маусым аралығында Ленинградта өткен Екінші бүкілодақтық терминология мәселелеріне арналған мәжілісте В.П. Петушков ұсынған. Содан бастап бұл терминді одақтың көптеген тілші ғалымдары өз еңбектерінде қолдана бастады [1, 4 б.].

Кеңес дәуіріндегі термин теориясымен айналысқан ғалымдар қатарының көшін С.А.Чаплыгина, Д.С.Лотте, С.И.Коршунова, Т.Л.Канделаки, В.И.Сифорова сынды зерттеушілер бастайды. Аталмыш ғалым еңбектерінде терминология ғылымының негізгі қағидалары, теориялық тұғырнамасы жасалған.

Ал қазақ тіл біліміндегі терминология ғылымының даму кезеңі өткен ғасыpдың 30-жылдарынан басталды. Бұл жөнінде Ш.Құрманбайұлы: «Сол 30-жылдарға дейінгі жиырма жылдай уақытты қамтитын алаш оқығандарының терминологияны дамытуда ұстанған бағыт-бағдары басқа арнаға бұрылды. Ендігі жерде кеңес одағы халықтарына ортақ жалпыкеңестік терминологиялық қор құру мақсаты қойылды. Одақты құрайтын барлық ұлттық республикалар орыс тілінің терминологиясын үлгі ете отырып, ұлтаралық тіл мәртебесіне ие осы тілмен ортақтығы мол терминологиялық қор қалыптастыру көзделді. Терминологияның халықаралық сипатын арттыруға баса мән берілді», — деп аумалы-төкпелі заманда ғұмыр кешіп, «аспандағы алтын айға қол сермеп, сол жолда мерт болған», парасат-пайымы жоғары, энциклопедиялық білім иелері Әлихан мен Ахмет бастаған ұлттық құндылықтарға негізделген ғылымның өз түп-тамырынан ажырап, партия шектеуінен аса алмай қалғандығын айтады. Бұл кезеңде терминологиялық сөздіктер, термин мәселелері жөніндегі алғашқы мақалалар жарық көре бастады. Терминология ғылымы турасында сөз болғанда Ахмет Байтұрсынұлының есiмiн aтaмaй өту мүмкiн eмeс. Аталмыш кезеңде термин жасау iciмен «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған» қазақ зиялыларының барлығы дерлік айналысты. Сол бір дүбірлі заманда оқу-ғылымға, ағартушылыққа ден қойған алаш серкелері: А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Қ.Кемеңгерұлы, Б.Аспендияров, Г.Бірімжанов, Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, М.Жұмабай, Х.Досмұхамедұлы, М.Әуезов, С.Сейфуллин, К.Бегалин, С.Аманжолов сияқты т.б. көптеген ғалымдар қазақ тілінде еңбектер жаза отырып, ұлт алдында ұмытылмас игілікті істер атқарды.

Ұлт тілінде термин жасаудың тамаша үлгісін көрсеткен Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми терминологияны қалыптастырудағы қосқан үлесі зор. Алғашқы сayaт ашу құралы ретінде жазған «Оқу құралында», сонымен қатар, «Әліп-би» мен «Тіл – құрал» еңбегінде қазақ тіл біліміндегі басты, негізгі терминдерді жасады. Ғалым тілді жұмсай білу, сөзден сөз жасап шығару екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс екендігін тілге тиек еткен. Ғалымның аталмыш еңбектерінің өзінде қазіргі кезге дейін қолданылып келген зат есім, сын есім, сан есім, етістік, есімдік, шылау, жалғау, жұрнақ, т.б терминдерді жолықтыруға болады. Осы жерде айта кететін жайт – ғалым тек қазақ тіл біліміне тән термин атауларын емес, барлық ғылым салаларына тән терминдер жүйесін жасаған. Ғалымның «Әдебиет танытқыш» еңбегі жөнінде әдебиетші ғалым Р.Нұрғали мынадай пікір айтады: «…қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған» [5, 12 б.] Иә, Ахмет Байтұрсынұлы – тек қазақ тіл білімнің ғана емес, әдебиеттанудың да терминдерін ана тілімізге аударған алғашқы ғалым.

А.Байтұрсынұлының еңбектеріндегі терминология мәселелерін зерттеген Қ.Ибраимов ғалымның термин жасау барысындағы негізгі ұстанған принциптері ретінде мыналарды көрсетеді:

  1. Терминнің түсініктілігі;
  2. Терминнің ана тілі негізінде жасалуы;
  3. Көпшілік түсінбейтін, бірақ қолданыста бар арабша, парсыша терминдерді қолданыстан тыс шығару;
  4. Қажеті мол жағдайда жат тілдің терминін де қолдану (Еуропа және араб, парсы тілдерінен) [2, 5 б.].

Ғалымның бұл пікірінен аңғаратынымыз, А.Байтұрсынұлы тіл тазалығына басты назар аударған, қажетiне қарай басқа тілден терминдер алудың артықшылығына да тоқталған.

Ал ғалым Ө.Айтбаев «Қазақ сөзі» атты зерттеуінде А.Байтұрсынұлының «Тіл – құрал» атты еңбегінің қажеттілігін бағалай отырып: «А.Байтұрсынұлы жасаған терминдер жүйесі, бір қарағанда оп-оңай болып көрінгенмен, ол – өте күрделі де терең ізденістер нәтижесінде пайда болған ғылыми туынды», — деп ел арысының адал еңбегінің анық бағасын береді [2, 7 б.].

Ғалым Ө.Айтбаевтың аталмыш еңбегі – қазақ терминологиясының қалыптасуында зор рөл атқарған бірден-бір еңбек. Ғалым айтқандай, қазақ терминологиясы тарихы, оның даму, қалыптасу кезеңдері хақында сөз қозғағанда Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми шығармашылығына, қоғамдық қызметіне жан-жақты тоқталу, оны зерттеу маңызды. Осы тұрғыда ғалым А.Байтұрсынұлының жасаған термин сөздердің басты ерекшеліктерін саралай келе, мыналарды көрсетеді:

  • анықталатын ұғымның дәлдігі;
  • таңбаланған атаудың қазақилығы;
  • терминнің жалқылық сипатының болуы;
  • терминнің нақтылығы [2, 7 б.].

Қазақ тілінің терминдерін жан-жақты зерттеп, олардың табиғатын анықтауға өз үлесін қосқан ғалым – профессор Қ.Жұбанов. Ғалым «Қазақ әдебиет тілі терминдері туралы» атты мақаласында сол кездегі пуристік бағыт өкілдерінің революцияға дейінгі халықаралық орыс сөздерін қабылдағандығын және сол терминдердің көбін өзгертпей алғандығы жайлы сөз етеді. Халықаралық терминдерді аударуға қарсы екендігін айта келіп: «Термин алу мәселесінде бізде неше түрлі өрескелдік болғанын көреміз. Бізде психология демей, жан жүйесі, геометрия демей, пішіндеме деп алынған болатын. Әрине, бұл өрескелдік, аударылмайтын сөздерді, халықаралық терминдерді аударып алам деуден, аудару керек болғанда да, терминдерді емес, сөздердің лексикалық мағынасы, аударудан келіп шығатын ауру екені даусыз… Тарих дүниежүзілік мәнге ие болған күннен бастап ғылым мен революция табыстары да дүниежүзілік ғылым мен әлемдік революция табыстарына айналды. Сондықтан ғылым-техника табыстары жарыққа шығарған терминдер де әлемге ортақ халықаралық термин болып шығады», — деп өз ойын анық әрі дәл жеткізеді [2, 6 б.].

Қ.Жұбанов «Қазақ әдебиет тілі терминдері туралы» мақаласында терминжасамның негізгі 10 принципін саралап берген. Ғалым ұстанған басты бағыт – халықаралық терминдердің өзгеріссіз жазылуы, ұлт тілінде аудармалары бар терминдерді соған лайық аударып қолдану, т.б. Тілімізде мұндай принциптердің орнығуы жазудағы жүйелілікті қамтамасыз етті.

Терминдердің табиғаты жөнінде сөз қозғаған келесі айтулы ғалым – Ә.Т.Қайдар. Ғалымның «Казахская терминология», «Ғылым тілі және әдебиет тіл статусы», «Терминология көкжиегі», «Процессы взаимодействия народной и научной терминологии в казахском литературном языке» атты мақалалары бар. Терминологияның қалыптасуы жөнінде сөз ете отырып, ғалым мынадай тұжырым жасайды: «Ана тіліміздің тағдыры, оны жан-жақты дамытудың бір тетігі, демек, ғылым тіліне де байланысты – ғылым тілін зерттеу жұмысына мән беретін уақыт жеткен сияқты. Ғылым тілі тұрғысынан алып қарағанда түркі тілдерінің тағдыры ортақ. Олардың бүгінгі күндегі даму заңдылығы мен ерекшеліктері түркологтардың назарынан тыс қалмауы керек», — деп, терминологияны жалпы түркі тілдеріне ортақтау жөнінде жаңа, тың пікір ұсынады [2, 7 б.].

Ғалым Ә.Қайдар бұл тұжырымы арқылы ғылыми терминдерді зерттеп, талдаудың маңыздылығын анықтай түссе керек.

Ғалым Х.Досмұхамедұлы 1923 жылғы мақаласында өзге тілден енген термин сөздерді қабылдағанда ұлт тілінің фоно-морфологиялық заңдылықтарына сәйкестендіріп алу қажеттігі жайында айта келіп, мынадай тұжырым айтады: «Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады», — деген ойы әлі күнге дейін өз құндылығынан ажыраған жоқ [3, 81 б.].

1981 жылы наурыз айында Мәскеу қаласында терминология мәселелері турасында өткен бүкілодақтық семинарда ғалым Г.В.Степанов баяндама жасады. Осы баяндамасында ғалым терминологияны біріздендіру жұмыстарының eлeулі қиындықтарға тап болып отырғандығы жөнінде сөз қозғап, оның себебін орфографияның тіліміздің фонетикалық, фонематикалық, морфологиялық, тарихи қағидаттарына негізделуінен екендігін ашып көрсетеді.

Қазақ тіліндегі аталмыш ғалымдармен қоса қазақ терминологиясының мәселелерімен тікелей айналысып, терминжасам мәселелеріне өзіндік үлес қосқан ұлт зиялысы – М.Әуезов. М.Әуезовтің терминжасам мәселесімен айналысқанын көрсететін  бірден-бір еңбектері – «Ғылым тілі» (1917) және «Қайсысын қолданамыз?» атты мақалалары. Аталмыш мақалаларында ғалым қоғам дамыған сайын күннен-күнге мұқтаждарының көбейетіндігін айта келіп, қазіргі күнгі халық мұқтажы ғылым тілі екендігін тілге тиек етеді. Бұл мақалаларында ғалым ғылым тілін қазақша жасау мәселелерін көтере отырып, халық рухы біріксе, саясат сол халық рухына қарай бет алар болса, ғылым тілі еш уақытта өзге арнаға бұрылмайтындығын ұғынуымыз керектігін айтады.

Қазіргі қазақ тілінде терминге қатысты сан алуан анықтамалар беріліп жүр. Айталық, 2005 жылы жарық көрген «Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігінде» мынадай анықтама беріледі: «Термин – ғылым, техника, өндіріс, өнер саласындағы белгілі бір ұғымды атау үшін қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері. Мыс.: позитрон, ларингоскопия, меридиан, қосымша құн, дирижер, айналым» [4, 322 б.].

Сондай-ақ, қазақ терминологиясының жан-жақты мәселелері жөнінде С.Ақаевтың, Е.Әбдірасіловтың, И.Мұратбаеваның, Г.Бүркітбайдың, С.Исақованың зерттеу еңбектерінің алатын орны зор.

Қазақ тілінде термин жасау, жасалған терминдерді қалыптастыру – қадағалап отыруды қажет ететін мәселелердің бірі. Олай болмаған жағдайда термин жасаудағы реттілік пен жүйеліліктің бұзылары анық.

Қазіргі ұлт тілінде термин жасам мәселелері жан-жақты зерттеліп жанданып отыр. Көптеген жаңа терминдер жасалып, қолданысқа көше бастады. Бұл – ұлт тілінің ғылым саласындағы қызметінің бір көрінісі. Бірақ, түптеп келгенде, бұған дейінгі терминдердің бәрін мінсіз деп айта алмаймыз. Олардың ішінде терминологиялық принциптерге және талаптарға сай келмейтін терминдердің баршылығын айта кеткеніміз жөн. Ондай терминдердің қолданылуына жол бермеуіміз керек. Сондықтан да тілімізде терминдерді талапқа сай қолдану өзімізге тікелей байланысты.

Сыланова Динара Амитбековна,
Нұр-Сұлтан қаласы
Гуманитарлық колледжінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Ш.Құрманбайұлы «Терминтану» (Оқу құралы) — Алматы, 2006 ж.
  2. Г.Бегимова «Дипломатиялық терминдер: таным және мағына» — Алматы: «Қазақ университеті», 2012 ж. – 114 б.
  3. Ш.Құрманбайұлы «Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам тәсілдері» — Алматы, — 237 б.
  4. Қалиев Ғ. «Тіл білімі терминдерінің сөздігі» — Алматы, — 2005 ж. – 439 б.
  5. Р.Нұрғалиев «Алып бәйтерек» Алматы, — 1991 ж.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.