Home » Мақалалар » Қазақ тілі ─ қазақтың ғажап тілі

Қазақ тілі ─ қазақтың ғажап тілі

Қазақ тілінің тағдыры ─ қазақ ұлтының тағдыры. Біздің қоғамға тілдің қадір-қасиетін түсінетін, оны сақтай білетін  тіл жанашырлары керек. Өз халқын ардақтай білген жан ана тілін аялай да біледі, өзге тілді құрметтей де біледі.

Жым болып тіл тұрмайды кесілмесе,

Білім — тұл, тілден шығып есілмесе, — деп Ж.Баласағұни айтқандай, адам баласы білім арқылы ғана дүниені таниды, табиғаттың құпия сырларын ашады, ғылымды дамытады, өткен тарихты құрметтеп, болашағын болжайды, келешекке бағыт белгілейді.

Білім ана тілі арқылы игеріледі. Ана тілі — білімнің негізгі құралы.

Тіл — адамзат қоғамында қарым-қатынас, сөйлесіп пікір алысудың құралы ретінде қызмет атқаратын құбылыс. Тіл мен қоғам өзара тығыз байланысты, тілсіз ешбір қоғам өмір сүре алмайды. Яғни, қоғам — тілдің өмір сүруінің шарты. Қоғамның өмір сүруі үшін тіл қажет.

Еліміз егемендігін алып, дербес ел болғалы тіл мәселесі үнемі қозғалып келеді. Бүгінгі таңда өзге ұлт өкілдері тұрмақ, өзіміздің қазақтардың қазақ тілінде сөйлеуге ниеті жоқ екені ешкімге жасырын емес.

Қазақтың біртуар азаматы, қаһарман батыр Бауыржан Момышұлы өзінің болашаққа байланысты үш қорқынышын ортаға салып, ой тастаған еді: «Біріншіден, сәбиіне «Бесік жырын» айтып бере алмайтын аналардың көбейіп бара жатқанынан қорқам; екіншіден, немерелеріне ана тілінде ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын; үшіншіден, салт-дәстүрді қадірлемейтін жас ұрпақтың өсіп келе жатқанынан қорқамын, олардың көкірек көзі соқыр бола ма деп қорқамын. Мен жаратылысынан болған соқырларды айтып отырғаным жоқ, өсе келе пайда болған көр соқырларды айтамын. Көр соқырдың қолына пақыр берсең-ала салады, найза берсең сұға салады, намыстанбай бұға салады», — деп өз ұлтының рухани адамгершіліктен жұрдай болған адамдары жайлы сипаттай келе, ұрпағының келешегіне алаңдаулы екенін айтады.

Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретеміз деп жүріп, алдағы уақытта қазақ қазақпен қазақша сөйлеспейтін жағдайға тап боламыз ба деген қауіпте жүргеніміз де шындық.

Сауатты сөйлеу, қазақ тілінің қадірін арттыру, салт-дәстүрімізді жаңғырту,жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін тәрбиелеу, оның ұлттық дүниетанымын байыту-әрбір азаматтың ұлағатты парызы болмақ.

Ұлы мақсаттар қашанда ұлы істерге бастайды. Тіл-ұлттың тағдыры, ал ұлт- мемлекеттің тағдыры. Тағдыр тауқыметін арқалап, тағдыр тезінен шыға білген қазақ халқы-қазіргі таңда әлем жұртшылығының назарына іліге бастаған мемлекет. Сондықтан әлемдегі дамыған елу елдің қатарынан көріну тек экономикалық дамудың еншісінде ғана емес, тіл мәселесіне де қатысты екенін жадымыздан шығармауымыз керек. Себебі, тіл-адами қасиеттердің өлшеуіші десек, адам мәдениетін айқындайтын коммуникативтік қарым-қатынас сол елдің болмысынан да хабар берері сөзсіз.

                                                             Кенжалиева Гүлжанат № 7 орта мектептің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.