Қазіргі таңда еліміз тәуелсіздігін алғалы бері үлкен жетістіктерге жетіп келеді, әсіресе қазақ тілі өз дәрежесін берік ұстап, мәртебесі күн сайын артуда. Мәселен, қазақ тілін үйренуге деген қызығушылық әлемде жыл сайын даму үстінде, шетелде қазақ тілі бойынша жаңа орталықтар көптеп ашылуда.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақ тілі – халықаралық қарым-қатынас тілі» атты халықаралық мектебі нәтижелі жұмыс жүргізді.
«Қазақ тілі – халықаралық қарым-қатынас тілі» атты халықаралық мектебі шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасымен және көптілді білім беру ресурстық орталығы Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетімен (Ресей) бірге Қазақстан Республикасының Елбасы — Бірінші Президент Қорының қолдауымен құрылған.
Қазақ тілінің халықаралық мектебі қазақ тілін әлемге таныту, сонымен бірге шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасындағы қазақ тілін шет тілі ретінде оқытудың әдістемелік мектебінің тәжірибесімен бөлісу мақсатында жұмыс істейді.
«Қазақ тілі – халықаралық қарым-қатынас тілі» атты халықаралық мектебінің қатысушылары Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінің әлеуметтік-саяси ғылымдары институтындағы қазақ тілі екінші шет тілі ретінде 15 жыл бойы оқытылып келе жатқан қазақ тілі және мәдениеті орталығының аймақтанушы студенттері, сондай-ақ, жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің шетелдік студенттері болып табылады.
Мектеп жұмысы аясында кафедраның жетекші оқытушылары қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту әдістемесі бойынша шеберлік класын көрсетті, Қазақстанның тарихы, мәдениеті, географиясы бойынша сабақтар өтті, жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің қазақ тілін оқитын студенттерімен кездесулер болды.
Ресейлік студенттер мектеп жұмысына қызығушылықпен қатысты және қазақ тілін үйренудегі өздерінің жетістіктерін көрсете білді. Ресейден, Кореядан, Жапониядан келген студенттер қазақ тілінде тілдесті, қазақша әндер орындады, Қазақстан туралы өздерінің әсерлерімен бөлісті.
Семенова Татьяна өте пайдалы әрі қызық өткен оқытушылардың шеберлік кластарына қызығушылықпен қатысқанын сөз етті. Бобкова Арина университетті бітірген соң, Қазақстанда жұмыс істегісі келетін арманымен бөлісті. Саргсян Седа Алматыны өте қатты жақсы көріп қалғанын әрі алдағы уақытта Қазақстанға жиі келіп тұратынын жеткізді. Барлық қатысушылар мектептің бағдарламасы өте қызық болғанын және бұл бағдарлама қазақ тілінен білімдерін жоғарылатуға, Қазақстанды жаңаша жағынан көруге мүмкіндік бергенін айтып, өз ойларымен бөлісті.
Қазақ тілін оқытуға арналған «Қазақ тілі – халықаралық қарым-қатынас тілі» атты халықаралық мектебі шетелдік студенттердің өздерінің белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті, сонымен қатар мәдениетаралық коммуникация студенттерді Қазақстанның тілін, тарихын және мәдениетін құрметтеуге үйретуде өз үлесін қосты деп санауға болады.
А.Е. Саденова., ф.ғ.д.,
Ұ.Е. Мұсабекова., ф.ғ.д.,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті,
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы
кафедрасының оқытушылары