Күнде өзгеріп жатқан ғаламда уақыт талабынан қалмай, бәсекеге қабілетті болу үшін бүгінгі білім беру жүйесіне түбегейлі өзгерістер керек. Білім саласындағы басты өзгерістердің бірі ретінде білім мазмұнының жаңаруын айтуға болады. Бұл-уақыт талабынан шығуға деген талпыныстан туған жауапты қадам. Фундаментальды білімнен функионалды білімге ауысу кезеңінде, әрине, көзқарастар қайшылығы орын алатыны анық, дегенмен бүгінгі күннің талабы осы.
Білім мазмұнының жаңаруы өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың жаңа механизмдерін, озық тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Жас ұрпаққа сапалы білім беру,мектептің оқу үрдісін жетілдіру үшін инновациялық білім беру технологияларын пайдаланудың тиімділігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан қазақ тілін үйретудегі бастапқы мақсат – коммуникативтік бағытта оқыту деп санаймын.Осының бәрі оқушының жеке тұлга ретінде қалыптасуына әсер етеді,оқушы үшін өз ойын жеткізуде қажетті құрал болып табылады.
Коммуникативтік әдіс – оқушы мен мұғалімнің тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын, белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен әдістемелік категорияларға тән басты белгілер мен қағидалардың басты жүйесінен тұратын, тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзінде асыратын әдістің түрі.
Коммуникативтік оқыту тілдік әрекетінің барлық түрінде қалыптасады-тыңдауда да, сөйлеуде де,оқығанда да, жазғанда да, өйткені ол оның іске асуын қамтамасыз етеді.
Лингвистикалық, әдістемелік әдебиеттердің көпшілігінде сөйлесім әрекетін төрт түрге бөліп қарастыру тұрақты орын алған. Олар: сөйлеу,оқу, жазу,түсіну.
Коммуникативтік оқыту: оқу, сөйлеу, тыңдау, жазу – ауызша өзара қатынас, жазбаша өзара қатынас біркелкі, бір уақытта дамиды.
Коммуникативтік оқытудың сөйлеу әрекетінің барлық төрт түрінде де қажеттілікпен қатысып тұрғаны дұрыс. Өйткені ол ауызша да, жазбаша да қарым – қатынас жасаушылардың бір – бірін тілдік қабылдауы мен түсінігін қамтамасыз етеді.
Коммуникативтік технологияның элементтері оқушыларды бірден әлеуметтік жағдайлар арқылы сөйлеуге үйретуге мүмкіндік береді.Мұның бәрі оқушылардың тілдік белсенділігін арттырудың негізі болады,сынып алдында өздерін еркін ұстауға көмектесетіндігін дәлелдейді.Сондықтан технологияны қолданудағы мақсат–нәтижелі пайдалану.Бұл технология элементтерін енгізу үшін қолайлы жағдай жасау,жеке оқушымен жұмыс істеу. Оқу процесінің негізінде бұл технология элементтерін пайдаланып, сабақта оқушылардың білімділігін, іскерлігін, адамгершілік, эстетикалық, патриоттық сезімін дамыту. Оқушылардың танымдық белсенділігін арттырудың бір жолын тіл дамыту жұмыстары арқылы іске асыруға болады. Бір сөзбен салыстыру, жинақтау, талдау, нақтылау, жүйелеу байланыс ерекшеліктерімен осы технология элементтерін пайдалану арқылы топпен, жеке,жұппен істеу арқылы жетістіктерге жетеміз.Осы жетістіктерді сабақтарда және сыныптан тыс шаралардан көруге болады. Бүгінгі күнде біздің қоғамымызға адамдармен еркін сөйлесіп,тіл табыса алатын коммуникативті адамдар керек.
Қазіргі кезде жаңа бағдарлама бойынша грамматиканы бұрынғы деңгейде, тереңдетіп оқыта алмайтынымызға көптеген мұғалімдердің алаңдаулы екендіктері жасырын емес.
Сол себепті бүгінгі баяндамамда қазақ тілі сабақтарында мәтін талдаумен қатар, грамматиканы коммуникативтік контекстіде оқытуға тоқталғым келеді.
Бұл әдістің ерекшелігі неде?
Грамматиканы белгілі бір контекст, коммуникативтік жағдаят негізінде оқытылады.
- Грамматикалық ережені білуден гөрі орынды және дұрыс қолдануына мән беріледі.
- Мәтіндердің стилі мен жанрына байланысты, коммуникативтік жағдаятқа байланысты оқушы грамматикалық бірліктерді дұрыс таңдай алуы тиіс.
- Ауызша және жазбаша мәтін құрауда грамматикалық бірліктер мен құрылымдарды түрлендіріп қолдана білуі қажет.
Грамматикалық бірлікті түсіндіру не қайталату барысында арнайы коммуникативтік жағдаят ұсынған дұрыс. Ол мәтін не сергіту тапсырмасы түрінде болуы мүмкін. Әдетте грамматикалық бірліктердің жұмсалуын, білдіріп тұрған мағынасын сұрақтар арқылы оқушылардың өздерін (guided discovery) анықтатуға болады.
Презентация-практика-продукт тәсілі
Грамматикалық бірлікті түсіндіру не қайталату барысында арнайы коммуникативтік жағдаят ұсынған дұрыс. Ол мәтін не сергіту тапсырмасы түрінде болуы мүмкін. Әдетте грамматикалық бірліктердің жұмсалуын, білдіріп тұрған мағынасын сұрақтар арқылы оқушылардың өздерін (guided discovery) анықтатуға болады. Яғни грамматиканы коммуникативтік мәнмәтінде оқыту үш қағидатқа сүйенеді:
Мағына-Форма-Жұмсалуы.
- Оқушы мәтін, мәнмәтін арқылы мағынасымен танысады, кейін ережелер арқылы формасы, құрылымымен танысады және тапсырмалар арқылы оны орынды жұмсай білуге үйренеді.
- Ал грамматикалық ұғымды бекітуге және қайталатуға арналған практикалық тапсырмалар түрлері әдетте қысқа әрі тез орындауға мүмкіндік беретіндей болып келеді. Олар: сөйлемдегі бос орынға қажетті сөзді қою, жалғауларды дұрыс жалғау, орны ауысқан сөздерден сөйлем құрау, жабық тест, т.б.
- Грамматкалық қателерді бағалау барысында тек сабақ үйретілген ұғымдарға ғана баса назар аудару керек, Себебі бір сабақта барлық қатені жөндеу, үйрету мүмкін емес. Бұған біртіндеп келген дұрыс. Яғни бір сабақта бір ғана ереже және оған арналған бірнеше практикалық тапсырмалар.
ППП әдісі. Грамматиканы үйретудің кезеңдері:
- Грамматиканы оқытуға дайындау, грамматиканы түсіндіру (презентация)
- Грамматикалық ұғымдарды белсендіру (практика)
- Грамматикалық ұғымдарды бекіту тапсырмалары (продукт)
- Сабақ жоспарында грамматиканы үйрету кезеңдері толығымен сақталып құрылса, бір сабақты толығымен қамти алады.
Сабақ жоспарында грамматиканы үйрету кезеңдері толығымен сақталып құрылса, бір сабақты толығымен қамти алады.
- Оқушыларға тақырып бойынша жағдаят ұсынылады. Мәтін, сурет беруге болады.
- Оқушылар сурет не мәтін мазмұны бойынша сұрақтарға жауап береді, талқылайды.
- Оқушыларға үйретілетін грамматикалық бірліктерді арнайы сұрақтар ішіне қосуға болады.
- Мұғалім сурет не мәтін арқылы дайын грамматикалық бірлікке құрылған мысалдар ұсына алады.
Мұғалім бөлменің суретін көрсете отырып, жағдаятты ұсынады:
«Бүгін осы бөлмеге ұры түсті. Ол нені ұрлап кетті деп ойлайсындар?» «Ол ноутбукты ұрлап кетті … Ол әшекейлерді алды…» деген жауаптарды оқушылардан алуға тырысады.
Осы жағдаяттан соң жедел өткен шақтың жасалуын таныстыруға болады.
Болжалды келер шақты (-ар, -ер, -р) түсіндіруге арналған жағдаят:
«Ең керемет демалыс күні.
Сен үшін идеалды демалыс уақыты қандай болу керек?
Сенде сондай демалыс кезі болып көрді ме?
Төмендегілердің қайсысы болуы мүмкін?»
Грамматикалық ұғымдарды түсіндіру, белсендіру тапсырмалары арқылы жүзеге асырылады.
- Грамматикалық бірліктер мен құрылымдарды мысалдар, ереже негізінде түсіндіреді.
- Практикалық жаттығулар ұйымдастырады.
- Оқушылардың грамматикалық бірліктерді дұрыс қолдануын қадағалайды.
- Алайда тым көп теориялық ақпарат беруден абай болу керек.
Осы жұмыстарды жүргізе отырып, сабақ соңында грамматикалық ұғымдарды бекіту тапсырмаларын беру өте жемісті болады.
- Сабақтың бұл кезеңінде оқушыға ауызша не жазбаша мәтін құру тапсырмаларын беруге болады.
- Критерии ретінде сабақта өткен грамматикалық бірлікті қолдану ұсынылады.
- Оқушылар мәтін құру талаптарын орындап жұмыстарын таныстырады.
- Мұғалім мәтінді бағалай отырып, берілген грамматикалық бірліктің дұрыс қолданғанын тексереді. Басқа грамматикалық қателіктерге баса назар аудармайды.
Сабақ соңындағы бекіту тапсырмаларына мынадай жаңа әдістерді алуға болады:
ТТТ(тексеру-түсіндіру-тексеру) әдісі
Белгілі бір грамматикалық бірлік немесе пунктуациялық ережелер туралы оқушылардың алдыңғы білімін тексеру үшін ТТТ (тексеру-түсіндіру-тексеру) әдісін қолдануға болады.
Әдетте оны ауызша орындалатын жабық тест түрінде өткізуге болады. Ең алдымен оқушылардың ұсынылатын грамматикалық ұғым туралы не білетіндері тексеріледі.
Содан соң оқушылардың естеріне салып, қайта түсіндіріледі.
Практикалық тапсырмалар ұсынылады және жазылым тапсырмалары арқылы оқушылардың орынды қолдана білуі бағалады.
Сабақ соңында пысықтау сұрақтарын қойып қайта тексереді. Әдетте оқушылар сабақ басында тексерген кезде ережені ұмытып қалғандарын байқатады.
Ал бірнеше практикалық тапсырмадан соң қайта тексерген кезде сынып оқушыларын толық түсінгенін көрсетеді. Бұл әдісті кез келген грамматикалық ұғым туралы білімдерін тексеру немесе қайталату мақсаттары үшін пайданалануға болады.
Дигтоглосс тәсілі
Бұл тәсілді TBL (тапсырмаға негізделген оқыту) әдісіне жатқызады және Диктоглосс тапсырмасы өң бойында тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын кіріктіре алады.
- Тілді үйрету барысында белгілі бір грамматикалық құрылымды үйретуге арналған тәсіл.
- Шағын мәтінді ауызша оқу арқылы жүргізіледі және орындалу тәсілі жағынан мазмұндамаға ұқсайды. Алдымен мұғалім белгілі бір грамматикалық немесе пунктуациялық құрылымдар кездесетін шағын мәтінді дайындайды. Әдетте сөз көлемі 70-80 сөзден аспауы қажет. Мәтін тым көлемді болса, оқушыларға орындау қиынға соғуы мүмкін. Мұғалім мәтінді бірқалыпты темппен оқиды. Оқушылар тыңдай отырып, үлгіргенінше қажетті ақпараттарды, сөздерді жазады. Мәтін екі рет оқылады. Оқушылар жазбаларын толықтырады.
- Тапсырма аяқталған соң, оқушыларды бірнеше топқа бөледі. Оқушылар топта жазып алған сөздерді бөлісе отырып, мәтінді қайта құрастырады. Мәтін құрылымын, ой желісін сақтайды, өз ойларын қоспайды. Кейін әр топ өз жұмыстарын сынып алдына тапсырады. Диктоглосс тапсырмасында оқушылардың ойды жеткізу үшін грамматикалық форманы дұрыс қолдана білуіне назар аударылады.
Сабақтың өн бойында грамматикамен жұмысты жүйелі жүргізе отырып, оқушылардың тыңғылықты грамматикалық сауаттылықтарын қамтамасыз етуге болады.
Уасилова Ардак Болатбековна
Теміртау қаласы
№ 31 жалпы білім беретін орта мектебі
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы – Алматы, 1995
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. – Алматы, 1995
- Қазақстан Республикасының «Бала құқықтар туралы» Заңы. – Алматы, 2002
- Қазақстан Республикасының этно-мәдениетінің білім концепциясы. – Алматы, 1996
- Қазақстан Республикасының гуманитарлық білім туралы концепциясы. – Алматы, 1994
- «Мәдениетті мұра» ұзақ мерзімді бағдарламасы. – Астана, 2002
- Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы. 11.07.1997
- Қазақ тілін оқыту үшін өрісті кеңейтуінің Қауылы. 14.07.1998
- «Асыл мұра» — негізгі бағдарлама. 14.09.2001