Home » Оқу-әдістемелік материалдар » Қазақ тілі сабақтарында коммуникативті әдісті жүзеге асыру

Қазақ тілі сабақтарында коммуникативті әдісті жүзеге асыру

            Тілді үйрену тек тұрмыстық жағдайдағы қарым-қатынасты меңгеру ғана емес, кәсіби шеберлік бағытында да дамиды. Біздің алдымыздағы міндет – құндылықтарды сақтай отырып білім алушыны үйрету. Алдымен тілдік блоктан бастауымызға болады. Бұл саналы әңгімені құрауға мүмкіндік береді, өйткені түрлі жағдаяттарда саналы және қызығушылықпен әрекет етуге ықпал етеді. Кез келген мәтінмен жұмыс жасауда білім алушыны ынталандыратын тапсырмалар орындаумен меңгеріледі.

Қарым-қатынас мақсаты – рөлдік ойындар жағдайында немесе жағдаяттар арқылы нақты ойлармен алмасу. Білім алушылардың қарым-қатынас жасау біліктерін қалыптастыру тілдік әрекеттердің барлық түрлерімен, яғни тыңдалым, айтылым, оқылым мен жазылыммен жүзеге асады. Бұл жерде тілдік әрекет қаншалықты күрделі әрі қызықты болса, соншалықты коммуникативтік функция жоғары деңгейде дамиды. Коммуникативтік дағдыларды дамытуға арналған жаттығулар ешқандай мәжбүрлеусіз және жеңіл түрде айтуға, әңгімені әдемі құрастыру білігі, тыңдау мен ести білу білігі, келісе алу білігіне бағытталған. Бұлардың барлығы жеке қатынастарда да және оқудағы жетістіктерге жетуге көмектесетін маңызды коммуникативтік дағдылар. Қатысымдық аспект жайын Г.В. Колшанский: «В самой природе языка изначально заложена его коммуникативная функция, предрешающая собственно цели и результаты, достигаемые человеком в процессе его использования» — деп түсіндіреді. [1, 11-б.] Тілдің қарым-қатынастық қызметі жайлы Ә.Тұрғынбаев пен Л.Нұсқабаева: «Тіл «дайын ойды» жеткізу құралы ғана емес. Сонымен бірге ол – ойдың пайда болу, қалыптасу құралы да. Көрнекті орыс психологы Л.С. Выготский айтқандай, ой сөз түрінде айтылып қана қоймайды, сондай-ақ сөз түрінде іске асады. Олай болса, тілдің коммуникативтік, қатынас құралы болу қызметі оның негізгі қызметімен – ой-пікірді қалыптастырушы қызметімен, яғни гносеологиялық функциясымен айырғысыз байланыста, бірлікте іске асады. [1, 21-б.]

         Қатым-қатынастың интерактивті жағы қатынас бойынша білім алушылардың өзара әрекет пен коммуникативтік рөлдердің жүйелі ауысуының үрдісін сипаттайды, яғни қарым-қатынас үрдісінде адамдар арасында өзара әрекеттесуі (біліммен, идеямен, әрекеттермен, эмоциялармен алмасу т.с.с.). Өзара қарым-қатынас үрдісінің негізгі компоненттері – білім алушылардың өзара қарым-қатынаста болуы. Қарым-қатынас ынтымақтастықта, келісімде, ассоциацияда, көмектесуде әңгімелесуге ықпал етуде көрінеді;

Қазақ тілі сабақтарында көп қолданылатын әдістердің бірнешеуіне тоқталсақ, мысалы 5-сыныптың күнтізбелік-тақырыптық жоспарының 1-бөлім: Мәдениет: тіл және қарым-қатынас. Оқу мақсаты — Тыңдалған мәтіннің мазмұнын түсіну, негізгі және қосымша ақпаратты анықтау (5.Т/А2.). Әртүрлі жанрдағы мәтіндерді талдау. (монолог) (5.Т/А3.). Оқу мақсатына байланысты «СҰРАҚТАР ШЕҢБЕРІ» әдісін қолдануға болады. Бұл әдіс білім алушылардың бойында идея білдіру, тыңдау дағдыларын дамытуға бағытталған. Білім алушылар төрт немесе бес адамнан тұратын топ құрайды. Оқушыларға «Мәдениет: тіл және қарым-қатынас» бөлімінің «Әдеп пен талғам» тақырыбы және ол бойынша ой жинақтау үшін бірнеше минут беріледі. Содан кейін талқылау басталады, әр оқушыға үздіксіз сөз сөйлеу үшін үш минутқа дейін уақыт беріледі. Бұл уақытта ешкім еш нәрсе айта алмайды. Әрқайсысы бір рет сөз сөйлегеннен кейін жалпы әңгіме жүргізу мақсатында шағын топтар шеңберінде сөз беріледі. Бұл кезеңде оқушылардың өзінің жеке идеяларын емес, біреудің айтқандарын негізге ала отырып сөйлеуге тиіс екендігі алдын ала ескертіледі. Сонымен қатар әңгімені қорытындылау кезеңінде оларға жаңа идеяларды енгізе алмайтындығы еске салынады [2, 44-бет]. «Киім. Сән.Талғам» бөлімі «Киім стилі мен сән үлгісі» тақырыбы бойынша «ГАУҺАРЛАР ИЕРАРХИЯСЫ» әдісі тиімді әдістердің бірі болып табылады. Оқу мақсаты — Тірек сөздер мен жетекші сұрақтар арқылы негізгі ойды анықтау. (Т/А4.) Жұмыс барысында қалыптастырылатын дағдылар: · басқаларман жұмыс істеу; · ойлау, шешім қабылдау. Бұл тапсырманы шағын топтар орындайды, ол ақпараттар мен идеялардың артықшылықтарын айқындауға бағытталған. «Стикерлер топтамасы» және «Идеялар тасқыны» сияқты ақпаратты жинақтауға арналған жаттығулардан кейін орындалатын жаттығу болуы мүмкін. Бұл оқушылардың белгілі бір сұрақтарды белгілі бір тәртіппен орналастырып, неге ол ретпен орналастырғанын түсіндіру дағдыларын дамытуға жәрдемдеседі. Басымдықты айқындау жөніндегі жаттығулардан «Карточкалар иерархиясын» қарастыруға болады. Білім алушылар тақтаның немесе қабырғаның жанында немесе топтар үстел басында жұмыс істей алады.

  1. Білім алушыларға карточкада немесе стикерде Қазіргі киім стилі мен сән үлгісі қандай болғаны дұрыс? деген сұраққа қатысты тоғыз идея беріледі (немесе өздері алдын ала жазады).
  2. Олар өзінің бірінші басымдық берген карточкасын жоғарыға қояды, бұдан кейін екі карточканы екінші орынға қояды, үш карточканы үшінші орынға қояды, содан соң қайтадан екі және неғұрлым төмен артықшылығы бар карточка төменге орналастырылады. Осылай гауһар тас пішіні пайда болады.
  3. Білім алушылар тақырыпқа сай жұмыс жасауда бір-бірімен бітімге, келісімге қол жеткізуге ұмтылуы тиіс. Сондықтан олар карточкалардың ретін өзара талқылап, өз пікірлерін білдіреді. [2, 10-бет]

Осы бөлімдегі «Киім – мінез айнасы» тақырыбы бойынша тірек сөздер мен жетекші сұрақтар арқылы негізгі ойды анықтау (5.Т/А4.), сюжетті суреттердің (фотосуреттер) желісі бойынша әңгіме құрастыру(5.Ж3.) –оқу мақсаттарына байланысты «Стикердегі диалог» әдісін пайдалану тиімді деп айтуға болады. Бұл көпшілік алдында «сөз сөйлеу» қажеттілігі жоқ ашық пікірталас жүргізу арқылы визуалды, кинестетикалық және тыңдау аспектілерін дамытудағы тиімді әдістердің бірі. Әр білім алушыға стикерлер беріледі. Бұл әдісті қолданудың әртүрлі жолдары бар. «Киім –мінез айнасы» тақырыбына сәйкес қабырғаға немесе тақтаға пікірлер немесе сұрақтар жазылған бірнеше түрлі-түсті қағаз ілінеді, болмаса оларды үстелдің үстіне қоюға болады. Оқушылар оларды оқып, стикерлерге өз ойларын жазып қалдырады. Екінші жолы: 3/4/5 адамнан тұратын топтар стикердегі сұрақтарға жауап береді немесе ол жөніндегі өз ойларымен бөлісіп, талқылап, стикерге өз ойларын жазады, кейін пікірлерін қорғайды. Оқушылар стикерлерде өз пікірлерін/эмоцияларын білдіре алады.

ТЫҢДАП ОТЫРҒАН ҮШТІК. Ақпарат алу, терминдерді түсінуді дамыту, алынған ақпаратты өңдеу және талдау дағдыларын, бақылаушы рөлі арқылы өзінің іс-әрекеттеріне талдау жасау дағдыларын дамытуға бағытталған тәсіл. Оқушылар үшеуден отырады, екеуі бірге, ал біреуі олардың қарсысында сәл алшақта – сөйлесуге қатыспайды, бірақ бақылайды. Оқушылар үш адамнан тұратын топта жұмыс істейді. Топтағы бір оқушы – шешен, біреуі – тілші және үшіншісі – хатшы рөлін атқарады. Шешен бір нәрсені айтады, сұрақты түсіндіреді немесе пікірін білдіреді. Тілші көмектесіп айтып отырады және түсініктеме беруді сұрайды. Хатшы қажетті жерлерін түртіп алып, әңгіме соңында қорытынды береді. Келесі жолы оқушылар рөлдерімен ауысады. [2, 36 бет]

Қорыта айтқанда, қазақ тілі сабақтарында коммуникативтік әдісті пайдалану пәнде қарастырылатын негізгі мақсаттарды өмірлік қажеттіліктерінде коммуникативтік әрекеттер түрінде (тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым) сауаттылықпен қолдану дағдыларын қалыптастыру және оларды жағдаяттарға сай дұрыс қолдана білуді үйренуді, сонымен қатар өзінің ойын ауызша және жазбаша формада сауатты құрауға, ойын сыртқа ауызша және жазбаша шығаруға әдеби тілдің нормаларын саналылықпен қолдана отырып, сөйлеу барысында тіл табысу тәсілдерін игеруді жүзеге асырады.

 

Пайдаланылған әдебиет:

Ж.Т. Ибраимова Қатысымдық мағына негіздері Оқу құралы Алматы «Қазақ университеті» 2011 ж. 11,21 беттер

Оқыту мен оқудың белсенді әдістері НЗМ Астана 2013 44,10, 36

Нуржанова Раушан Малдыбаевна,

«Өрлеу»БАҰО» АҚ филиалы

Қостанай облысы бойынша ПҚ

БАИ аға оқытушы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.