Home » Мақалалар » Қазақ тілі сабағының берілу жолдары

Қазақ тілі сабағының берілу жолдары

Қазіргі жылдам өзгеріп жатқан заманда біздің алдымызда жас ұрпақты болашақ өмірге және еңбек етуге тиісті деңгейде даярлап, оқушылардың бойында дағдыларды қалыптастыру міндеті тұр. Дағдылар пән бойынша білім, нақты дағдылар, сауаттылық пен тәжірибені қамтиды. Сонымен қатар тиісті мемлекеттік білім беру стандартымен, бағалау жүйесімен және оқу бағдарламаларымен, оқыту жүйесімен, кәсіби даму және оқу ортасымен қабысып жатса, оқушылар оқу үдерісіне барынша тартылып, мектеп бітірген кезде қазіргі жаһандық экономика жағдайында еңбек етуге мейлінше дайын болмақ.

Енді 5-7 сыныптарда өзім беріп жүрген қазақ тілі сабағының берілуіне тоқталсам. Әдістемелік нұсқау хатта функционалды сауаттылықтың қазақ тілі пәні бойынша оқу сауаттылығы бағаланады. Оқу сауаттылығы – білім алушылардың мәтін мазмұнын түсіне білу және оларға ой жүгірте білу, мәтін мазмұнын өз мақсаттарына жету үшін пайдалана білу, қоғам өмірінде белсенділік таныту мақсатында білімдері мен мүмкіндіктерін дамыту қабілеттері. Осы күнге дейін бағаланып келген оқу жылдамдығы мен дәлме-дәл түсіну бағаланбайды, мәтінге арналған рефлексия мен ұғым, оқылғанды өмірлік мақсаттарды жүзеге асыруы үшін пайдалануы бағаланады.

Қазақ тілінде сөйлеу әрекетінің 4 түрін бағалаймыз. Олар тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым. І тоқсанның басында тыңдалым дағдысы бойынша қиналдық, әрбір оқушыға 5 минут уақыт бөліп, тыңдау қажет болатын. Дегенмен ол қиындықтан шығу жолдарын да таба білдік. Негізі іздеген, талпынған адамда шешілмейтін мәселе жоқ екен.

Тыңдалым дағдысы. Тыңдалымның тиімді жағы – мәтіндерді тыңдау арқылы мазмұнын түсіну және олардан негізгі ақпаратты бөліп алу, сөйлеушінің пікірін түсіну, сөздердің мағынасын анықтау. Кедергілер де кездесіп жатты, мәселен 5-сыныпта бірінші бөлім бойынша тыңдалым алынғанда оқушылардың көбі бір рет тыңдалған мәтінді түсінбеді. Қайта тыңдатуға тура келді. Себебі оқушылар бұл жұмыс түріне дағдыланбаған, ал екінші тыңдалымда оқушыларға бір рет қана тыңдатылды да жұмыс ары қарай өрбіді.

Айтылым дағдысы көбіне сұхбаттасу арқылы, өз пікірін айту, бір-біріне күрделі сұрақтар қою арқылы, күтпеген түсінікке жауап беру, тапсырманы орындау барысында құрдастарымен қарым-қатынас жасау, хикаялар мен оқиғаларды мазмұндау. 5-сыныпта «Менің дизайнер болғым келеді» сабағында сұхбаттасу әдісін қолдандым. Сабақ барысында бірі тілші, бірі дизайнер болып, бір-бірімен сұхбаттасты. Тыңдалым дағдысы бойынша 7-сыныптарда «Көшпенділер мәдениеті» тақырыбында интербелсенді тақта арқылы бейнебаян тыңдатылды.

Оқылым арқылы оқу бағдарламасы аясындағы түрлі тақырыптардағы әдеби және ғылыми мәтіндердің негізгі мазмұнын түсіну және олардан негізгі ақпаратты белгілеу, автордың қарым-қатынасын және пікірін түсіну, оқығанды терең түсіну үшін қағаз және электронды тасымалдағыштарды, түрлі дереккөздерді қолдану.

Жазылымда түрлі тақырыптарға байланысты жазбаша жұмыстарды жоспарлау, жазу, түзету, нақты және ойдан шығарылған оқиғалар туралы жаза білу, оқылғаны туралы сыни пікірлер беру, орфографиялық және грамматикалық қателер жібермей барынша сауатты жазу, белгілі стильді ұстану.

Кері байланыс

5-сыныпта сабақ соңында кері байланыста сұхбат алу «мен үшін жаңа ақпарат», «сұхбат алған топпен жұмыс қиын болғандығын», «қажет» дегенге «уақытты үнемдей алмадым» деп жазған.

7-сыныпта «Денсаулық және қоршаған орта» тақырыбы берілген мәтінмен жұмыс барысында оқушылар 3 «Қ» әдісімен кері байланыс бергенде «Денсаулық туралы маңызды кеңестер айтып, жазғандары» «Қызық» болғандығын, «Қиын» «мәтінге сұрақтар қою мен оларды шынайы өмірмен байланыстырып, дәлелдер келтіру», ал «Қажет» дегенге «мәтінде айтылған кеңестерді орындау қажет және денсаулық туралы тағы да көп оқу керек» деген.

Жаңартылған білім беру бағдарламасының әр күн сайын дамып келе жатқан жеке тұлғалар үшін берері мол екендігіне сабақ берген сайын көзім жетіп, қуана-қуана сабақ өтемін. Оқушыларымыз осы бағдарламаның арқасында өмірдің кез-келген қиындығына төтеп бере алатын, өз ойын еркін әрі ашық етіп айта алатын тұлғалар өсіп келеді.

Тельгозина Роза Сәрсенбайқызы,
Әлкей Марғұлан атындағы № 40 орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Астана қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.