Home » Мақалалар » Қазақ тілі сабағында оқушыларды ынталандыру жолдары

Қазақ тілі сабағында оқушыларды ынталандыру жолдары

Қоғамды толғандырып отырған мәселелердің бірі – сапалы білім беру. Өйткені қарыштап дамып келе жатқан технологиялық прогресс кезеңінде өскелең ұрпақтың білім деңгейі заманауи талапқа сай болуы қажет. Сол себепті ұстаздар әр сабағын сапалы түрде ұйымдастырып, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білуі керек. Оқушылар мектепте алған білімін өмірде қолдана алатындай етіп құру мұғалімдерден көп шығармашылық ізденісті талап етеді. Ол үшін ең алдымен әр ұстаз үнемі өз білімін жетілдіру және өз шәкірттерін тұлға ретінде тану керек.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында жаһандық проблемаларға жауап бере алатындай жұмыстар республикалық деңгейде жүргізілуде. Оқу бағдарламасындағы ұлттық стандарттарға, бағалауға, оқулықтар мен оқыту әдістеріне қатысты білім беру саласындағы өзекті құндылықтар мен мақсаттар мектеп оқушыларының жалпы үлгерімін арттыруды, сондай-ақ инновация мен көшбасшылықты енгізу үшін талап етілетін дағдыларды дамытуды, мектеп мәнмәтіні арқылы ұлттық сананы қалыптастырып, іске асыруды және ауқымды халықаралық тәжірибемен өзара әрекеттесуді көздейді. Жаңартылған оқу бағдарламасы мен бағалау жүйесін енгізу аталған міндеттерді шешу үшін қабылданған шаралардың бірі болып табылады.

Оқытудың маңызды факторы оқушының тақырыптың мәнін өз бетімен меңгеруін түсінуі мен бағалай алуы болып табылады. Қазіргі сабақ беріп жүрген сыныптарда топтық және жұптық жұмыс түрлерін көп пайдаланамыз. Мұндай тәсіл оқу үдерісіне оқушының өзінің қатысуын талап етеді. Осылайша оқушы да өзінің оқуы үшін жауапты болады. Оқушы мұндай жауапкершілікті көбіне сабақ беру барысында мұғалім қалыптастыратын ортада сезініп, қабылдайды. Жаңартылған оқу бағдарламаларының мазмұндық ерекшеліктерінің бірі – шиыршықталған білім беру бағдарламасы. Яғни білім мен біліктерді арттыруда оқу материалын тігінен, сондай-ақ көлденеңінен біртіндеп кеңейту. Білім беру жүйелерін талдау оқу бағдарламасының «үйлесімділігі» бүкіл елдегі білім беру стандарттарын жетілдіру үшін аса маңызды болып табылатынын көрсетіп отыр. Демек, оқу бағдарламасының мазмұны, педагогикалық тәсілдер және бағалау тәсілдері бір мақсатқа жұмылдырылып жұмыс істеуді қажет етеді.

Оқу-тәрбие үрдісіне жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу оқушылардың білімге деген қызығушылығын, талпынысын арттырып өз бетімен ізденуге шығармашылық еңбек етуге жол салады. Пәндерді оқытуда тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, сабақты қызғылықты да тартымды өткізу мұғалімнің шеберлігіне байланысты екені баршамызға мәлім.

Қазақ тілінің жаңа оқыту әдістері арқылы біз білім деңгейі, ой-өрісі дамыған, тіл арқылы өз ойын еркін жеткізе алатын, туындаған мәселелерді шеше білетін, шынайы өмірге бейім жаңашыл ұрпақ тәрбиелейміз. Оқушылар оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым дағдыларын қалыптастыра отырып, еркін қарым-қатынас жасауға, сын тұрғысынан көзқарасын білдіруге өз ойын жеткізіп, шешім қабылдауға дағдыланады. Қазақ тілінде берілген кез келген ақпараттарды тиімді қолдана отырып, өзіне қажетті мәліметті ала алады. Әрбір оқыту әдісі белгілі бір мақсатқа жетудің құралы болып табылады.

«Қабырғадағы рөл» әдісі

Оқу мәтінінен кейіпкерлердің пішіндік бейнесін постерге салып, «кейіпкер туралы не білесіз? сіздің пікіріңіз қандай?» деген сұрақтарға жауап беріп, постерді қабырғаға апарып іледі7

«Қол белгісі» әдісі

Мұғалім оқушылардан тақырыпты түсінгендігін немесе түсінбегендігін қол белгілері арқылы арқылы көрсетуді сұрайды. «Мен түсініп отырмын және түсіндіре аламын» дегендер қолдың бас бармағын жоғары бағыттайды. «Мен әлі түсінбей отырмын» дегендер қолдың бас бармағын жанына қарай жантайтады. «Мен түсінгеніме сенімді емеспін» дегендер қолды бұлғайды. Осы белгілерге сүйеніп, мұғалім сабақтың қай деңгейде өткенін біле алады. Бұл жүйе арқылы тақырыпты пысықтауға немесе әлі де жетілдіру керектігін білуге болады.

«Үштік Одақ» әдісі

Әр топтан 3 оқушы шығады. Біреуі – бақылаушы, біреуі – тыңдаушы, біреуі – сөйлеуші. Бірінші қадамда біреуі сөйлейді, екіншісі тыңдайды, үшіншісі бақылайды. Ал екінші қадамда бірден екеуі сөйлейді. Үшіншісі бақылайды. Біреу сөйлеп, біреу тыңдаса тақырып өте жеңіл тыңдалады. Ал егер екеуі бірін-бірі тыңдамай сөйлей берсе, ол түсініксіз болар еді.

«Он сұрақ!» әдісі.

Мұғалім бір оқушыны таңдап алады және оның маңдайына негізгі сөз жазылған стикерді жапсырады – қатысушы сыныпқа 10 сұрақ қоя алады, оған жауап не ИӘ, не ЖОҚ деп беріледі.

«Жүгіру диктанты» әдісі

Әр топтан бір жүргізушіні таңдап, ортаға шығады. Ол қабырғадағы шағын әңгімемен танысады. Әр сөйлемді оқып, топқа келіп, сөйлемді айтады. Қайтадан келесі сөйлемдерді де сол тәртіппен жасайды. Мәтінді тез арада толық қағаз бетіне түсіру керек (жазу).

«Еркін жазба» әдісі. Әнді, күйді, әуенді өлеңді тыңдай отыра, өз ойларын тоқтамай жаздырту.

«Серпілген сауал» әдісі

Тақырыптың түсіну деңгейін арттыруға және талқылау дағдыларын дамытуға қол жеткізу үшін сыныптағы оқушылардың арасында сұрақтарды лақтырыңыз.

«Уақыт тізбегі» әдісі

Берілген мәтіннің оқиға желісін мазмұндап, баяндап жазып шығу.

«Сұрақтар жаңбыры»

Оқушылар топтарға өз еркімен, қалауымен бөлінеді. Әр топ параққа сұрақтар жазып, бір-біріне лақтырады. Алған сұрақтарына жауап жазып, кері лақтырады. Жауап жазылған парақты қағып алған ойыншы, сол жауаптан сұрақ тудырып, ары қарай лақтырады. Ойын осылай жалғасады.

«Шаршы» әдісі

Сабақ барысында «Мен үшін сабақта тиімділігі…», «Өзім үшін не түртіп алдым…», «Келешекте мен нені ескеруім қажет…», «Менің ұсынысым…» бағандарын толтыру арқылы кері байланыс береді.

«Детектив» әдісі

Оқушылар екі топқа біріктіріледі. Екі топқа да шытырман оқиғалы мәтін шағын бөліктерге бөлініп, қима қағаздарға жазылып беріледі. Олар 15 минут ішінде осы мәтіндегі шытырман оқиғаның шешімін табуы тиіс. Әр топ өз шешімдерін айтады. Қандай тәсілмен анықтағандары талқыланып, ақпараттармен жұмыс істеу туралы ой бөліседі.

«Коллаж әңгіме» әдісі

Оқушыларға түрлі-түсті суреттері бар журналдар беріледі. Олар журналдардан қиып алып алған суреттерін флипчартқа жабыстырып, әңгіме құрастырады.

«Қабырғадан оқу» әдісі

Қабырғаларға мәтіндер ілінеді. Сол мәтіндерді топтан бір оқушы шығып, оқып, танысып, оны топқа келіп айтады. Топ ішінде талқылағаннан кейін, бір оқушы қорғайды.

«Менің сөзім» әдісі

Сыныптан бір оқушы тұрып, сабақтан бүгінгі үйренгендерін қорытындылап айтады. Айтып болған соң, басқа бір оқушының атын атайды. Сөзді сол оқушы жалғастырып, сабаққа рефлексия жасайды. Барлық оқушы сабақты қорытындылауға осы ретпен қатысады.

«Шырша немесе фишбоун»

Бұл стратегия оқушыларды көлемі үлкен тақырыпты бірнеше себебі мен дәлелдемесі келтірілген шағын тақырыпшаларға бөлуді үйретеді.

«Жағымды, жағымсыз, даулы» әдісі

Оқушылар шағын топтарға біріктіріледі. Әр топ оқылған әңгімені немесе мәтінді «жағымды, жағымсыз, даулы» мәселелерге бөліп, талқылап, өз ойларын(идеяларын) айтады. Содан кейін әр топқа тек бір мәселені бөліп беріп, олар үлкен топқа өз ойларын (идеяларын) ұсынады, ал басқа топтар толықтырып немесе қарсы пікірлер айтуына болады.

«Суретті әңгімеле» әдісі

Оқушыларға сурет көрсетіліп, әңгімелетіледі. Қажет болған жағдайда әңгіменің жаңа сөздерін алдын ала үйретуге болады. Сурет әңгіменің бір бөлігі екені ескертіледі. Оқушыларға суретте бейнеленген сәттің алдында не болғаны және кейін не болатыны болжатылады. Оқушылардың өз әңгімелері тыңдалғаннан кейін әңгіменің толық нұсқасы оқып беріледі.

Оқушылар өздері құраған әңгіме мен әңгіменің шынайы сюжетін салыстырады. Оқушыларға әңгімедегі негізгі ойды табу тапсырылады.

«Неге? Неге? Неге?» әдісі

Оқушылар шеңбер бойымен тұрады. Жүргізуші осы сабақта не үйренгенін айтады және соңғы сөйлемін «неге?» деген сұрақпен аяқтайды. Келесі оқушы сол сұраққа жауап беріп, қасындағы әріптесіне «неге?» деген сөзі бар сұраулы сөйлем айтады. Келесі ойыншылар да осы әрекеттерді тізбек бойынша жалғастырады. Ойынның соңында оқушылар орындалған тапсырмаларды еске түсіріп, олардың түйінді тұстарымен ой бөліседі.

“3 таяқша” әдісі

Берілген тақырыпқа байланысты
1 сұрақ
1 жауап
1 идея әр топ даярлап, көпшілікке салады.

«Өзіңізді тексеріңіз» әдісі

Бұл мәлімет ШЫНДЫҚ па немесе ЖАЛҒАН ба?
Өтілген мәтін бойынша мысалдар келтіріледі. Мысалдарды оқу кезіндеоқушылар ол келтірілген мысалдың өтілген мәтін де бар, жоғын анықтайды.

«Бағдаршам»

Әрбір оқушыға бағдаршам түстеріне сәйкес карточкалар таратылады. Мұғалім олардан сабақты түсінген-түсінбегеніне сәйкес карточкаларды көтеруін сұрайды. Жасыл карточка көтерген оқушылар барлығын түсінген боп есептеледі. «Не түсіндің?» сұрағы қосымша қойылады. Сары және қызыл карточка көтергендерден не түсініксіз болғаны айқындалып, тақырып төңірегінде қосымша жұмыстар жүргізіледі.

Сабақ барысында кеңінен қолданатын тиімді әдіс- тәсілдер, ол «Сыртқы және ішкі шеңбер әдісі» уақыт үнемдеуге өте тиімді. Үй тапсырмасын тексеруде 4-5 минут уақыт жұмсауға болады.

«Он сұрақ!» әдісі

Мұғалім бір оқушыны таңдап алады және оның маңдайына негізгі сөз жазылған стикерді жапсырады – қатысушы сыныпқа 10 сұрақ қоя алады, оған жауап не ИӘ не ЖОҚ деп беріледі.

  • «Таңдау» әдісі.
  • 1. Мен сабақ қызықты _____________ қызықсыз болды деп ойлаймын.
  • 2. Мен сабақта: үйрендім көп нәрсені _____________ үйренгенім аз болды.
  • 3. Мен басқаларды мұқият ______________ зейінсіз тыңдадым.
  • 4. Мен пікірсайыстарға жиі ______________ сирек қатыстым
  • 5. Мен сабақтағы өз жетістіктеріме ризамын ____________ риза емеспін.
  • Бұл карточканы таратып бергенде оқушылар өздерінің сабаққа қатысу деңгейі мен сабаққа деген ынтасын білдіретін сөйлемдердің бірінің тұсына « +» белгісін қою тапсырылады.

«Көршіңмен сырлас»

Бұл әдіс оқушылардың өз ойын ауызша білдіруіне үйретеді. Сұрақ қойып, ойлануына уақыт беріңіз. Өз ойын көршісімен бөлісіп, ақылдасуын сұраңыз.

«3-3-1» әдісі

Берілген мәтін ішінен негізгі ойды анықтайтын 3 сөйлем, 3 сөз тіркесі, 1 түйінді сөзді жазу.

«Температура өлшеу әдісі»

Бұл әдіс топтық жұмыс барысында мұғалім топ жұмысын бақылау үшін «біз не істеп жатырмыз?» деген сұрақ қою арқылы оқушылардың жұмысы нәтижелі болу үшін бағыт береді.

Осындай әдіс-тәжірибиелерді сабақта қолдану үлкен жетістіктерге жеткізеді, бала дамуында үлкен нәтиже береді. Әр мұғалім жаңа үдерісті жатырқамай қабылдап, оны өз тәжірибесінде енгізуі тиіс. Қорыта айтқанда, аталған бағдарламаға сәйкес алынған тәсілдерді сабақта тиімді қолданысқа енгізсеңіз, ізденушілік қабілеті терең, сыни ойлау белсенділігі жоғары, өз бетінше білім алуға дағдыланған, жан-жақты дамыған, болашағы айқын, бәсекеге қабілетті рухани бай тұлға қалыптасып шығады.

                                           С.Е. Ерғалиева,

                                                             Әлкей Марғұлан атындағы

                                                     № 40 орта мектебінің

                                                                     қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің

                                                        мұғалімі,

Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.