Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйретуде коммуникативтік құзіреттіліктерін дамыту – оқыту үрдісіндегі ең басты міндеттердің бірі болып саналады. Ауызша, жазба тілді дамытатын әр түрлі деңгейдегі тапсырмалар, сабақ барысында қолданылатын ойын элементтері, заманауи инновациялық технологиялар, бұлардың барлығы тілді оқыту барысында үздіксіз қолданылатын құралдар. Осылардың ішінде оқушылардың коммуникативтік құзіреттіліктерін дамытуда аса маңызды роль атқаратын құрал, ол – инновациялық оқыту құралдары. Мүмкіндігі жоғары интерактивті тақта, флип-чарттар, слайдтар арқылы жүргізілген сабақтың тиімділігі мен артықшылықтарын уақыт және тәжірибе дәлелдеп отыр. Жалпы, құзіреттілік дегеніміз — оқушының алған білімі мен дағдыларын тәжірибеде, күнделікті өмірде қандай да бір практикалық және теориялық проблемаларды шешу үшін қолдана алу қабілеттілігі. Ал қазақ тілі сабақтарында оқушылардың коммуникативтік құзыреттіліктерін қалыптастыруда қатысымдық әдістің маңызы зор.
Тілдік пәнді жүргізген уақытта оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін дамыту үшін жүргізілетін жұмыс түрлері төмендегідей:
- Сұрақ – жауап (мұғалім мен оқушылар)
- Сұхбат (оқушы мен оқушы, мұғалім мен оқушы)
- Қатысым (мұғалім мен оқушылар, оқушы мен оқушы, мұғалім мен оқушы)
- Жазылым (тақырыпқа байланысты мәтінмен жұмыс)
Оқушылардың ауызша тілдерін дамыту, бір-бірімен еркін пікір алмасу, қазақ тілінде сөйлемдерді дұрыс әрі сауатты құру үшін, бір сөзбен айтқанда, коммуникативтік құзіреттіліктерін үзбей дамытып отыру үшін, сабақ барысында лексикалық тақырып бойынша сұхбат құру, мәтін бойынша сұрақтарға ауызша жауап беру, мәтіннің мазмұнын айту, суреттерді сипаттау секілді тапсырмаларды жиі орындатамын. Яғни, балалардың тілін дамытуда көбінде ауызша тапсырмалар бергенді жөн көремін. Сонымен қатар, грамматикалық тақырыптарды бекіту мақсатында жазбаша жұмыстар да жүйелі жүргізіліп отырады. Бұл сауатты оқып, жаза білудің бірден-бір шарты.
Орыс тілді аудиторияға мемлекеттік тілді меңгертуде көрнекілік принципінің жүзеге асырылуы заңды нәрсе. Сабақ барысында интерактивті тақтамен қатар, кесте, плакаттар, әр түрлі сызбалар секілді үлестірме материалдарды молынан пайдаланамын. Ал интерактивті тақтада сәйкестендіру, шымылдық, аудиожазбаларды тыңдау, жазбаша кластер дайындау, т.б. тапсырма түрлерін орындатамын. Өйткені оқушылар сабақтың материалын тыңдап қана қоймай, сонымен қатар, көріп, білулері, есте сақтаулары қажет. Бұл олардың сабақты тиімді қабылдауына тікелей әсер етеді.
Сабақ үстінде коммуникативтік құзіреттілігін дамыту мақсатында жұптық, топтық жұмысын да пайдалану жөн. Әр сабақтағы дұрыс ұйымдастырылған топтық және жұптық жұмыста оқушылар:
- Өздігінен тапсырманы орындайды, топ мүшелерімен немесе жұбымен өз пікірін бөліседі, алмасады;
- Тапсырма бойынша пікір алмасады;
- Тапсырманы қалай жасағаны және нені үйренгені туралы айта алады;
- Бір-біріне көмекке келеді, бұл олардың бірігіп жұмыс жасауын ынталандырады;
- Тапсырманы сеніммен атқара алады;
- Өз мүмкіндігін біледі, білімімен бөліседі.
Топтық жұмыстың нәтижесінде: сабаққа барлық оқушылар қатысады; әр оқушының қабілеті мен мүмкіндіктері байқалады; шығармашылық ізденіске ынталандырады; білімдерін ортаға салып, бір-бірімен пікір алмасады; бірнеше оқушыны бірден бағалау мүмкіндігі туады.
Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Бүгінгі нарық заманы бізден бәсекеге қабілетті болуымызды, дамыған елдердің қатарынан көрінуіміз үшін білімді де озық ойлы азаматтарды тәрбиелеуімізді талап етеді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев “Тілдердің үш тұғырлылығы” мәдени жобасын іске асыруды жеделдету міндетін қоя отырып, “Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі”, — деген болатын. Сондықтан, «мемлекеттік тілді білу — әрбір азаматтың міндеті» деп біле отыра, қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне сауатты түрде меңгертуде біздің жауапкершілігіміз бен үлесіміз зор болмақ.
Қолданылған әдебиеттер:
- Жаңа жоба –жаңашылдық бастауы — Алматы 2012 жыл.
- Мұғалімге арналған нұсқаулық Астана 2012 жыл.
- Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы.
- Ә. Әлметова, «Сөйлеу әрекеттері түрлеріне оқыту», А. Арыс, 2007.
Марал Асқарқызы
Солтүстік Қазақстан медицина колледжі
Қазақ тілі пәнінің оқытушысы