Қазіргі кезде тіл мамандары мен әдіскерлерді оқыту үдерісінде дидактикалық мақсатты шешуде оқыту әдістемесінің белсенді түрлеріне бет бұруда. Оқытушының тіл үйренушілермен педагогикалық қатынасты ұйымдастыра алу қабілеті бүгінгі таңдағы тілді оқыту үдерісінің тиімділігін арттырады, ол оқушының жеке тұлға ретінде ерекшеліктерін ашуға және тілді меңгерудегі мәдениетаралық қарым-қатынас құралы ретінде меңгеруіне бағытталады. Аталған мәселені шешу үшін педагогтар мен әдіскерлер оқыту үдерісінде оқытудың белсенді түрлерін қолдануды көздейді.Сол себепті қысқа мерзімде ақпараттың көлемді бөлігін тиімді түрде ұсынатын, сол ақпаратты жоғарғы деңгейде игеретін және практикада бекіте алатын әдістерді қолдануды талап етеді. Бұл талап білім саласында инновациялық өзгерістерге әкеліп, оқыту мен үйретудің негізі ретінде тұлғалық дамуды қарастыру, себебі динамика мен өзгерістерге толы ақпараттық кезең адамның білімді әрі білікті тұлғасына тәуелді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2011 жылғы Қазақстан халқына «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» Жолдауында «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс» деп бекер айтпаған болар.
«Өмір бойы білім алу» тұжырымдамасының негізгі қағидалары нәтижеге және оқушыға бағытталады.[2;15]Өмір бойы оқып-үйрену дегеніміз тұлғаның әлеуметтік, азаматтық тұрғыдан жарқын болашаққа жету мақсатында өзінің білім, білік, машық, дағды, құзіреттіліктерін үнемі жетілдіруі.
Өмір бойы оқып-үйрену келесі шарттарды ұстану арқылы жүзеге асырылады:
- үнемі жаңа білім игеру мен иемденуге ұмтылу;
- оқытуда жаңашыл және интербелсенді әдістерді қолдану;
- оқытуды бағалау.
Қазіргі күні әрекеттік педагогика ең танымал оқу жүйесіне айналған, яғни мектепте оқу процесінің негізінде интербелсенді әдістемелер керек: әрбір мұғалім әрбір сабақта интербелсенді әдістер, құралдар мен тәсілдерді қолдануы қажет.
Интербелсенді оқыту бірінші кезекте білім игеру процесінде қатысушылардың тиімді қарым-қатынасына негізделеді. Ағылшын тілінен келген «интерактив» сөзі де осы ұғымды білдіреді: «inter» дегеніміз «өзара» мағынасында, ал «act» -«әрекет жасау» дегенді білдіреді. Басқаша сөзбен айтқанда, «интербелсенді» дегеніміз біреумен тығыз қарым-қатынаста болу, онымен бірлесе әрекет жасау, диалог құру.
Интербелсенді оқыту көптеген жұмыс түрлері мен әрекеттері арқылы жүзеге асырылады: бірлескен жұмыстар, жеке және бірлескен ізденіс пен зерттеу жұмыстары, ситуативтік және рөлдік ойындар, ақпараттың әртүрлі көздерімен жұмыс жасау, шығармашылық жұмыстар, т.б.
Интербелсенді оқуда білім алушылар мынадай білім, білік, дағды, құзырлылық, машықтарды иемденеді: терең және жүйелі ойлану; ақпаратты өздігінен түсініп, оны таразылап, екшеп, оның ішінен керектісін таңдап алу; ақпаратты жан-жақты талдау және бағалау; өздігімен жаңа түсінік пен білім құрастыру; пікірталастарға қатысып, өз ойы мен пікірлерін дәлелдеу; басқалармен тиімді қарым-қатынас құру.
Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда мен инновациялық технологиялар ішінен «Қазақ тілі сабағында интербелсенді тәсілдерді қолдану жолдары» тақырыбын алдым.
Негізгі мақсат — оқушылар арасында еркін, ашық шығармашылық қарым-қатынас орнату, оқушыларға білімді өз бетімен ізденуге бағыт-бағдар сілтеу, оқушыларға қажетті білік-дағдыларды қалыптастыру, белсенділікті дамыту;
Аталған мақсатты жүзеге асыруда алдыма қойған міндеттерім:
• Зерттеу жүргізу және жоспарлау, сабақта интербелсенді оқыту технологиясының әдіс-тәсілдерін қолдану;
• Оқушыларды өз бетімен білімді игеруге, бір-бірімен қарым-қатынас жасауға, сыни тұрғыдан ойланып, проблемаларды шешуге дағдыландыру;
• Қазіргі заманғы жаңа техникаларды қолдана білу білімдерімен және дағдыларымен қаруландыру, оқу үрдісінде кеңінен қолдану;
Күтілетін нәтиже: еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, белсенді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы қалыптасады.
«Интербелсенді» дегеніміз біреумен қоян-қолтық қарым-қатынаста болу, онымен бірлесе әрекет жасау, диалог құру. Ал «интербелсенді оқу» дегеніміз өзара қарым-қатынасқа негізделген оқыту, диалог арқылы үйрету.
Интербелсенді оқыту үйренушілердің оқу процесіндегі белсенді әрекеттерін үйренудің негізгі құралдары мен тәсілдері ретінде таниды. Сондықтан да интербелсенді оқыту оқу процесінің тиімділігі мен нәтижелігін үйренушілердің есте сақтау дәрежесімен өлшемей, олардың әрекеттерімен бағалайды, тек әрекет арқылы ғана үйрену ықтимал деген қағида ұстанады.
Осы қағиданы ұстанған мұғалім оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтып, сабақтарында оқушы бойындағы идеясы мен білім – біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруды талап етеді.
Интербелсенді оқытудың негізгі қағидалары:
• Орта қалыптастыру
• Әрекет арқылы үйрету
• Өмірмен байланыстыру
• Өзінділік пен дербестікке баулу.[6;7]
Интербелсенді оқыту технологиясының аса көп мөлшері белгілі. Әр ұстаз өз бетінше сыныппен жұмыстың жаңа формаларын ойлап таба алады. Оқушылар бір-біріне сұрақ қойып және оған жауап беруді үйрететін, жұптасып жұмыс істеу әдісін сабақтарда жиі қолданылады.
Интербелсенді оқудың әдістері:
• Интербелсенді лекциялар мен семинарлар;
• Броундық қозғалыс;
• Пікірталастар ;
• Ойындар (оқу, рөлдік, іскерлік, өндірістік, имитациялық және т.б.);
• Тренингтер;
• Оқытудың компьютерлік технологиялары;
• Жұптасып жұмыс істеу;
• Сұрақтар қоюда ынталандыру (СТО — ға үйрету);
• Шағын топтармен жұмыс;
• Аяқталмаған сөйлем;
• Есептеу ағашы;
• Өз атынан сот;
• Ролдік /іскерлік/ ойын;
• Өз позицияңды ұстан;
• Дискуссия;
• Дебаттар.
Сабақтың қызықты өтуі мұғалімнің үнемі іздену, ұтымды әдіс-тәсілдерді қолдану, оқыту әдістемесін жаңартып отыруына байланысты.Сондықтан қазіргі таңдағы педагогика жаңалықтарын қазіргі қолданып жүрген пән ерекшеліктеріне қарай қолдана білу – оқыту мақсатына жетудің бірден-бір жолы.
Мақсатқа жету оқушының өзі арқылы жүзеге асады. Мұғалім- ұйымдастырушы, бағыт беруші. Оқушылардың дербес ізденісі жаңа білімді өз белсенділіктерімен алу іс-әрекеттерін үйымдастыруға көмектеседі. Оқытудың интербелсенді әдіс-тәсілдерін сабақ барысында пайдалану арқылы сабақтың сапалы, қызықты өтетіндігін байқадым.
Білім беру процесінде ізденістің алар орны ерекше. Құр дайынды көшіру оқушының шығармашылық ойлау қабілетін, талабын өшіреді. Сондықтан әр түрлі әдіс-тәсілдерді оқыту барысында жиі қолдануға тырысамын.
Интербелсенді оқытудың теориясындағы жетістікке жетелейтін әдіс-тәсілдер арқылы жүргізілген тәжірибеме тоқталып өтейін:
«Диалог негізінде оқыту және оқу» және «Қалай оқыту керектігін үйрету» деген атауларға негіз болып саналады. Оқушыны өз бетімен білім алуға, ол үшін ізденуге, терең ойлауға, зерттеуге дағдыларын қалыптастыру қажет екенін аңғара отырып, жаңа білімді меңгерту үшін ең тиімді әдіс сұрақ–жауап, әңгімелесу, диалог болып табылады.[8;30-36]Менің әр сабағым диалогтан құрылады, себебі тіл үйрету ауызша болғандықтан көбінесе оқушылардың сөйлеуіне мән беремін. Диалогтық оқытуда қолданып жүрген тәсілдерім: «дискуссия», «дебат», «іскерлік ойын»ашық сұрақ және жабық сұрақ қою, «рөлдік қойылым»т.б. Мысалы: ертегі кейіпкерлеріне дебат әдісі арқылы баға беруге болады. Әсіресе, жағымсыз кейіпкерлерге талдау жасағанда, жақтаушы, даттаушы бола отырып, ол бейненің жағымды жақтарын да анықтауға болады. Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету — Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік. Сын тұрғысынан ойлаудың 60-тан астам стратегиялары бар. Өз іс-тәжірибемде болжау, Т-кестесі, инсерт, кластер, ассоциация, венн диаграммасы, семантикалық карта, джигсо, мозаика, ыстық орындық, ақылдың 6 қалпағы, дананың кілті, БҮҮ, РАФТ, 5 тармақ, екі жақты күнделік, кубизм т.б. стратегияларын кеңінен қолданып, сын тұрғысынан ойлауды қарастыруға болатын ойлау дағдыларының иерархиялық моделі Блум таксономиясы арқылы жоспарлап өткізудемін.
«Миға шабуыл» әдісі – қойылған проблеманы оқушылардың шығармашылық белсенділігіне сүйене отырып шешуге бағытталған, оқушыларға проблеманы шешуде жауап нұсқасын таңдауға еркіндік беріліп, оны шешудің неғұрлым көп жолдарын көрсетуге негізделген. Кейін ең жақсы идеялар, шешімдер таңдалынып алынады. Мысалы: 3-сыныпта «Отбасы мерекелері» тақырыбы бойынша оқушылар отбасы туралы мәтінді тыңдап, бұрыннан таныс білімдерін жан-жақты еске түсірді. Бұл мәтінде кім туралы айтылып тұр? Әр отбасында мерекелердің атап өту ерекшеліктері? Сендерге басқа отбасындағы мерекені өткізу дәстүрі ұнады ма? Неге? т.б сұрақтарға жауап береді.
Топтық жұмыс.Топтық жұмыс арқылы бірлесе әрекеттенген тиімді. Бұл үшін мұғалім топқа бөлудің қызықты тәсілдерін қолдану керек. Оқушыларды топқа бөлудің қызықты, әрі танымды тәсілін олардың алдағы жұмысқа деген ықыласын арттырады. Топпен жұмыс істегенде уақытша болса да бастарын біріктіреді, араларында бір-біріне деген жылы сезімдер орнайды. Мысалы:
6-сыныптағы «Көліктер» тақырыбындағы сабақта оқушылар 3 топқа бөлініп, әр түрлі тапсырмалар беріледі. І-топ «Суда жүретін көліктер», ІІ -топ «Жерде жүретін көліктер», ІІІ -топ «Ұшатын көліктер».
Жобалау технологиясы қазіргі таңдағы білімнің мақсат, міндеттеріне сәйкес табиғаттың шынайы заңдылықтарын танып білуде мәселені өзіндік жоспарлап жоба ретінде шешімін табады. Бұл технологияның оқу процесіндегі ерекшелігі өз жобасын құрып, әрекетін ұйымдастырып шығармашылықпен айналысуында. Үйге берілген «Наурыз мерекесі» бойынша оқушылар «Ұлыстың ұлы күні», «Наурызкөже» атты жобаларын қорғады. Қосымша мәлімет алып келеді, бұл жерде айта кететін жәйт жобаларын интерактивті тақта арқылы қорғайды, оқушылардың ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдану деңгейі анықталады.
Сондай-ақ, қазақ тілі сабағында «Аяқталмаған сөйлем» әдісін қолдануға болады. Мысалы, үйге берілген тапсырмаларды тексеру барысында сөйлемнің басы беріліп, оны аяқтау оқушыға тапсырылады.
Броундық қозғалыста оқушылар бүкіл сынып ішінде қозғала жүріп, берілген тақырыбы бойынша ақпарат жинайды.
Есептеу ағашы – сынып сандары бірдей 3 немесе 4 топқа бөлінеді. Әр топ өз сұрақтарын талдап, ағаштың өздеріне тиісті тармағына жауап жазады, содан соң топтар орындарын ауыстырып, көршісінің ағашына өз идеяларын жазады.
«Өз позицияңды ұстан» деп аталатын интеграцияның да пайдасы бар. Қандай да бір ұйғарым, көзқарас оқылады, содан кейін оқушылар «Иә» немесе «Жоқ» деген аймаққа бөлінген тақтаға (плакатқа) барады. Мүмкіндігінше олар өз позицияларын түсіндіргені дұрыс, әсіресе кейіпкерлерге, олардың іс-әрекеттеріне қатысты пайданалануға болады.
Бағалау. Рефлексия. Оқушылар өз білім деңгейін білді, нені үйренгені
туралы айта алды. Әр адамның пікірі құнды екенін түсініп, өздерін
және өзара критериалды бағалауды үйренді.
«Детальдарын қосу» әдісі. Топта жұмыс істеу кезінде оқушы алынған білімдерін көрсету үшін сөйлемді кеңейтуі қажет. Сөйлемі барынша дұрыс және нақты болса сол топ сыйлық алады. Бастапқы сөйлемнің мысалы:
Сабақ басталды. Кеңейтілген сөйлемнің мысалы:
Қазақ тілі сабағы басталып, мұғалім оқушыларды түгендей бастады.
Интербелсенді әдіс-тәсілдер арқылы өткізген сабақтар барысында төмендегідей өзгерістер орын алды:
— Диалогтық оқытуда өз ойларын жарыса айтып, қызу пікірталас тудыра алды және өз ойларын дәлелдеуге тырысты.
— Сөйлеу мәдениеті қалыптасып, ойын жеткізуге дағдыланды.
— Тілдік қорын толықтыра отырып, көркем әдебиет оқу қажеттігін түсінді.
— Дәстүрлі сабақ барысында томаға тұйық отырған бірқатар балалар ашылып сөйлеп, өзіндік пікірлерін білдіргені қуантарлық жағдай болды.
Қорыта айтқанда, диалогтық оқытудың маңыздылығы оқушы «Көре, көре көсем, сөйлей, сөйлей шешен» болады деген тұжырым жасауға негіз бар. Ал сын тұрғысынан ойлауға үйрету модульдері стратегиялары арқылы сыныпта ынтымақтастық атмосферасы қалыптасты, оқушылармен кері байланыс орнатылды. Топтық жұмыстар негізінде барлық оқушы жұмыспен қамтылып, көптеген оқушылардың қабілеттері ашыла түсті. Әдебиеттегі тұлғаларды сомдау арқылы импровизациялық қабілеттері дамыды. Сұрақтар қоюды, соның ішінде ашық және жабық сұрақтарды ажырата білуді үйренді. Постер қорғай отырып, дарынды оқушылармен бір топтағы оқушылар белсенділік танытып, ашыла түсті. Сабақты өздері түсіндіріп, өз қолдарымен жасағанда есте жақсы қалатынын мойындады. Ең бастысы өз білімдері мен ұстанымдары жайында ойланып, білімін толықтырып, белгілі бір тақырыпты оқып білу кезеңінде өз түсінігін өзгерте білді және білімді саналы түрде меңгеруге бейімделді.
Мұғалім жаңаша оқыту тәжірибесін пайдалана отырып, өз білімін өзара байланыстырып ұйымдастыра білсе, әр түрлі базалық мәліметтерді іздестіре отырып, технологиялар мен ақпараттарды қолданып, икемділік танытса және де еңбекте ынтымақтастықта болып, келіспеушілік пен әр түрлі көзқарастылыққа көрегенділік танытса, жетістікке жететіні сөзсіз.
Оқу-тәрбие үрдісінде интербелсенді әдістерді қолдану арқылы оқушылардың білім сапа көрсеткіштері де артты.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050″ стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды» — деп мақсат қойып отыр. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың жаңа педагогикалық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты білгір маман болу мүмкін емес. Заман талабына сай білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқытудың озық технологиялары мен инновациялық әдістерді сабақ үрдісінде тиімді пайдалана алатын білігі мен білімі жоғары ұлағатты ұстаз болу керек деген сөз. Сондықтан да мұнымен шектеліп қалмай алдағы уақыттарда да өз білімімді жетілдіріп, жаңа технологияның тағы да белсенді, тиімді жолдарын білуге, сонымен жұмыстануға әрекеттенемін.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының Білім туралы заңы;
2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Астана, 2012 ж. 14 желтоқсан;
3. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы — 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Астана, 2014 ж. 17 қаңтар;
4. Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2010 жылғы 7 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасында бiлiм берудi дамытудың 2011 — 2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы»
5. «Жаңаша оқыту – заман талабы» Ғ.Сұлтанова, З.Сатқаева, Алматы, 2011 ж. (7-17б.);
6. «Оқыту ізденіс ретінде және ізденіс оқыту ретінде» С.Мирсеитова, Қарағанды, 2011 ж. (45-б.);
7. «Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер» «Қазақстан мектебі» журналы №3, 2012 ж. (18-б.);
8. «Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі» Н.С.Байжуманова «Білім әлемінде» журналы № 5, 2008 ж. (33-36-б.)
9. «Оқу мен оқыту – оқушылар арқылы жүруі керек» Б.А.Қағазов, «Айқын» газеті, 2013 ж. 4 сәуір (11-б.);
Енсегенова Акмарал Акмурзаевна
Атырау қаласы Жалпы білім беретін
№21 Жамбыл атындағы орта мектебінің
орыс сыныптарындағы қазақ тілі
мен әдебиеті пәні мұғалімі