Home » Мақалалар » Қазақ тілі сабағында жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалану

Қазақ тілі сабағында жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалану

Қазақ тілі пәнін оқыту әдісінің тиімділігін арттыру пән мұғалімінің жауапкершілігіне, іскерлігіне тікелей байланысты деп ойлаймын. Орыс мектептерінде орыс тілді балалар, оның ішінде қазақ балалары да қазақ тілін екінші тілі ретінде қабылдайды. Бүгінгі күні қазақ тілін үйретуде мұғалімнің ең бірінші көмекшісі – ақпараттық-техникалық құралдар. Мен де өз бетінше осы техниканы үйреніп, өз сабағымда қолдануға тырысып жүрмін. Техникалық құралдар бізге әр түрлі жұмысты тез және қысқа мерзімде, жан-жақты, көркем етіп жеткізуге жағдай жасады. Тілді үйренуге қызығушылықтарын туғызып, ауызша сөйлеу дағдыларын орнықтырып, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруда көмегі көп, соны үйрене білгенде ғана берген біліміміздің мазмұны тереңдеп, сапасы жоғарылай түседі.

Мысалы: сабақтың түрін, тақырыбын анықтап аламын, ақпарат жинап, оқу әрекетін оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастырамын, сабақты жағымды әсерлермен қанықтырамын, сабақтың мақсаты мен қорытындысының бірізділігін жоспарлаймын. Сабаққа оқушылардың құштарлығын арттыру үшін сабақтың басында түрлі ойын қолданамын, соның бірі – әрі оқу, әрі ойын(сөз айтысы). Ойынның шарты: белгілі бір сөзге дыбысталуы ұқсас, ұйқас сөз келтіру. Мысалы: родник-бұлақ, ухо-құлақ. Язык-тіл, слон-піл.

Оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыру мақсатында Е.И.Пассовтың коммуникативтік оқыту әдістерін қолданамын. Сабақ үстінде ребустар, жұмбақтар, тағы басқа қосымша материалдар беремін. Қазақ тілін оқытуда оқушылардың белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретін әдістердің бірі – интерактивті әдістер. «Ауылым – берекем» атты мультимедиалық сабақ үлгісінде осы тақырып көлемінде барынша көп ақпарат жинап, тақырыпты толық ашуға тырыстым. Ой шақыру мақсатында «Ауылдың тыныс-тіршілігі» деген атаумен фильм жасадым. Фильмде тақырыпқа байланысты көптеген суреттер жинақталған. Бұл фильмнің мақсаты – қазақ музыкасының жетегінде ауылдың тұрмыс-тіршілігінен көрініс беретін суреттерді көрсете отырып, оқушыларға ой салу оларды ойша тақырып аясына итермелеп, білетіндерін еске түсіріп, назарларын бір арнаға жүйелеу. Енді грамматикалық тақырып бойынша жаңа материалдарды түсіндіруде, дыбыс, сөздердің айтылуы, мәтіндерді оқуда активстудио бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдаландым. Қазақ халқы ұйқастап сөйлегенді жақсы көреді, бұл біздің ұлттық ерекшелігіміз десем де болады. Сондықтан, жаңа сөздермен жұмысты әсерлі болу үшін «Ұйқасты сөздік» деп алып, оқушылар мәтіндегі және тақырып аясындағы сөздерді ұйқастырып құрастырды. Дауыс ырғағын дұрыс қоя білу үшін оқушылар мәтінді тындады, кейін өздері оқыды.

Оқушының білім деңгейін бекіту үшін әр түрлі тапсырмалар қолданамын. Ақпараттық техникалық құралдар көптеген тапсырмаларды аз уақыт ішінде, орындауға мүмкіндік береді. Орыс сыныптарында қазақ тілін үйретуде рөлдік ойындарды, диалог, көрініс қою, жұмбақ, сөзжұмбақ шешу, тірек схемасын пайдаланып, жүйелі түрде әңгімелеу, «Ми шабуылы», тағы басқа әдіс-тәсілдерді сабақта пайдаланып, оқушының тілді үйренуге ынтасын арттыратынын күнделікті жұмыс барысында байқаймын. Оқушы тірек-сілтемелер арқылы ойын жинақтап, шығармашылықпен жұмыс істей алады. Сонымен бірге оқушылардың көмегімен бағдарламадан тыс материалдарды жинақтап, мультимедиа бағдарламасы бойынша репортаж дайындауға, ұйымдастыру кезеңінде олардың фотосуреттерінен галерея ұйымдастыруға болады

Оқушылардың сүйікті ойындарының бірі — «Бәйге», «Қыз қуу» ұлттық ойындары. Мақсаты – екі оқушы шығып, «Бәйге» ойыны арқылы білімдерін тексеру. Сұрақтарға кім бірінші жауап береді, соның аты алға жылжып, жеңіске шығуына ұмтылады. «Қыз қуу» ойынында қыз бен жігіт мақал-мәтел, өлең, тақпақ, секілді сайыстар арқылы жүреді. Егер де жігіт жеңіліп қалса, қыз оған сұрақ қояды. Ал, егер де қыз жеңіліп қалса, жігіт оған сыйлық береді. «Ойлан тап» ойынын мен жиі сабақтың сонында жүргіземін. Тақтаға бірнеше сурет ілінеді, бір оқушы ортаға шығып, қалған оқушыларға көрінбей тұрған суретті сұрақ қою арқылы немесе тұспалмен түсіндіреді.

Қорытындылай келе, мен өз тәжірибемде көбіне осы және тағы басқа тәсілдерді, ойындарды пайдалану арқылы оқушының қазақ тіліне деген қызығушылықтарын оятып, жақсы нәтижелерге жеттім. Мысалы бастауыш сыныпта он үш оқушының тоғызы қазақ тілінен жылдық бағасы «бес» болды.         Өткен ұрпақ үшін кітаптың маңызы қандай болса, компьютер де оқушы үшін қоршаған әлемді тану құралы болып табылады. Олай болса, барлық пәнді, соның ішінде, қазақ тілі мен әдебиеті пәні сабақтарын компьютердің қуаттауымен жүргізуді үйрену – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Оқушының ойлауына да, өз ойын еркін айтып, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін меңгеруіне де оқу мен жазу арқылы жаңа әдіс-тәсілдерді, ақпараттық құралдарды пайдалану көп көмегі тиері сөзсіз.

Бердыгужинова Ақмарал Кенжебекқызы

№ 4 орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

Қостанай қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.