ХХI ғасыр – білімділер ғасыры болмақ. Білімділерді аялап тербетер, баптап өсірер тәрбие керек. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Жолдауында: «Ертеңгі келер күннің бүгінгіден де нұрлы болуына, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән», — деп атап көрсетті.
Осы мақсатқа жету үшін қазіргі мұғалімдердің, әсіресе, мемлекеттік тілді үйретуші ұстаздардың алдында үлкен міндет тұр. Ол — білімі мен қабілеті жаңа заманға, жаңа Қазақстанға сәйкес жеке тұлғаны тәрбиелеу, қалыптастыру, рухани әлемін байыту, дарындылығын дамыту.
Осыған орай, педагогикалық ғылым алдында да нақты міндет туындауда: ол – баланың жеке тұлғасын дамытуға бағытталған жаңа оқыту технологияларын ойлап табу, яғни оқытудың жаңа инновациялық технологиясын қалыптастыру. Атақты ғалым М. Чошанов «Технология, бұл — дидактикалық жүйенің құрылымдық бөлігі» деп анықтама берген болатын.
Қазіргі таңда әлемдік оқу үрдісінің өзегі жаңа технологиялар екені мәлім. Әлемнің бірнеше елінде сынақтан өткізілген жаңаша оқыту технологиясы төрт бағытты қамтиды. Олар мыналар: модульдік технология, рейтингтік жүйе, дамыта оқыту технологиясы, сын тұрғысынан ойлау
Әрбір технология өзіндік жолда әдіс-тәсілдермен ерекшеленеді. Көрнекті ғалым В.А.Сухомлинский «Сабақ жасөспірімдердің интеллектуалды өміріне құр сабақ болып, мұғалім білімді түсіндіріп қоюшы, бақылаушы, бағалаушы емес, толық іс-әрекетті ұйымдыстыратын ұжымдық істердің ұйытқысы», — деп түсінік береді. Тек осылай оқыту ғана баланың интеллектісінің көзін ашып, шығармашылығын дамытады. Оқушы тұлғасының дамуына, қабілетінің артуына жаңа технологиялар айтарлықтай ықпал жасайтыны сөзсіз және бұл қазіргі таңдағы білім беру жүйесінің дамуындағы елеулі бағыт. Сондықтан да болар, қазіргі кезде біздің ұстаздар да осы жаңа технологиялар элементтерін өздерінің тәжірибелерінде пайдаланып жүр. Жаңа технологияның мақсаты – баланың қабілетін ашу, соның негізінде ой-өрісін дамыту, белсенділігін арттыру, өзіне деген сенімін күшейту, өзін-өзі тәрбиелеуге бағыттау.
Бүгінгі жаңа әдістемелік ақпараттар Ж. Қараевтың деңгейлік тапсырмалары, Қ.Бітібаеваның модульдік технологиясы және әлем елдерінен сынақтан өткен «Оқу мен жазуды сын тұрғысынан ойлау» технологиясы сабағымызды түрлендіреді, іс-тәжірибемізді молайтады.
Педагогикалық жаңа технологиялар мынадай қағидаларды ұсынады: оқуға шығармашылықтың енуі, мұғалім мен оқушы арасында ынтымақтастық, жеке тұлғаның дамуына жағдайдың туғызылуы, яғни жеке тұлғаға бағдарланған оқу.
Ж. Қараевтың «Деңгейлеп оқыту технологиясын» қолданудың маңызы зор. Деңгейлеп оқыту технологиясының мақсаты – әр оқушының өз даму деңгейінде оқу материалын қамтамасыз етуі. Бағдарламаға сәйкес жүргізіліп отырған оқу материалын оқушы түгелдей қабылдап, меңгере алмауы мүмкін. Себебі, әр оқушының еңбек қабілет ерекшелігі мен даму деңгейі бірдей емес. Оқушының осы ерекшеліктерін ескере отырып деңгейлік тапсырмалар беруге болады. Бұл технология оқушының есте сақтау, қайта жаңғыру, ойлау белсенділігі мен ынтасын, білімге деген құлшынысын аарттыруға көмектеседі. Деңгейлік тапсырмалар сатылау арқылы күрделене түседі. Тапсырмаларды құрастыру да күнделікті тұрмыспен байланыстыру, қызықты да күрделі материалдармен толықтыру мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Сонда ғана баланың қызығуын, белсенділігін оятуға болады. Оқушылардың арасында бәсекелестік туып, шығармашылықпен жұмыс істеуге ұмтылады.
Тапсырмалар жеңіл, қарапайым түрде ұйымдастырылады да, күрделене береді. Әр деңгейдегі тапсырмаларға қойылатын талаптардың да өзіндік айырмашылығы бар. Деңгейлеп саралау мұғалімнің де, оқушының да белсенді қызметін дамытады. Оқушының пәнге деген қызығуы, бейімділігі артады және қабілеті айқындалады, өз бетімен жұмыс істеуге үйренеді. Нақты өз деңгейінде бағаланады.
Модульдік оқыту технологиясының ерекшелігі – тұлғаның танымдық қабілеттерін және танымдық процестерді арнайы жасалған оқу және танымдық жағдайлар арқылы дамытуға, тұлғаның қажеттілігін қанағаттандыруға белсенді сөздік қорын дамытуға бағытталуы. Бұл технология тұлғаның даму ерекшеліктері туралы психологиялық ғылым мәліметтеріне, тұлғаның қызығушылық аясын дамытуға, тұлғаның танымдық құрылымын дамыту ерекшеліктеріне негізделген. Мұндағы қызығушылық немесе қызығу дегеніміз – ынталық, алғырлық, тұрақтылық және білуге құмарлық тәрізді бөліктерден тұратын, белгілі бір нәрсеге зейін қою арқылы эмоция тудырып, жүзеге асатын жеке басқа тән ерекшелік. Ал танымдық процестерге жады, ойлау, ынта, зейін, қабылдау, ес, елестету, т.б. жатады.
Модульдік технологияның оқыту мақсаты – қазақ тілінде ауызекі сөйлеуді меңгеру.
Мәселелері: модульдік технологияны нақты нәтижелерге жету үшін пайдалану,. модульдік технология оқу процесінің жоспарлылығын, жүйелілігін, тақырыпқа бөлуін талап етеді.
Жоспарлау: оқу процесін жоспарлағанда мұғалім оқыту сапасын көтеру үшін бүгін, ертең, жыл бойы қалай жұмыс істейтінін күні бұрын нақты жоспарлауы керек.
Тақырыпқа бөлу. Оқу материалын тақырыптарға бөлу. Модульдік технология нақтылы бір тақырыпты өтуді көздейді. Бір модульдің тақырыбымен тығыз байланыста болу керек.
Жүйелеу. Модульдік технология оқу процесін жүйелеп оқытуды талап етеді. Жүйелеп оқыту көптеген тақырыпшаларды бір-бірімен байланыстырып, ретке келтіреді.
Сонымен ол біртұтас грамматикалық және лексикалық блок болып табылады.
Модульдік оқыту нәтижесінде оқушы неге дағдылану керек: өзіне тілді үйрену мақсатын қою; оқу материалын қабылдау үшін ойлау қабілетін белсендіру керек. Алған білімін, талдап, жинақтау керек. Керекті сөздерді, сөз тіркестерін, сөйлемдерді есте сақтау. Тілдің 4 әрекетін пайдалану арқылы қазақ тілін үйрену. Талдаудың барлық түрлерін (морфологиялық, синтаксистік, фонетикалық) жасай білу керек. Грамматикалық және лексикалық материалдарды ауызекі сөйлеу дағдысын қалыптастыру үшін пайдаланып үйрену. Әр түрлі жазба жұмыстарын орындай білу: шығарма, мазмұндама жазу, жазба жұмыстарын орындай білу. Оқу, сауатты жазу, мәтінді түсіне білуі керек. Сөз тіркестерін, сөз тіркестерінен сөйлемдерді, сөйлемдерден сөз тәртібін сақтай отырып мәтін құруға дағдылану. Диалог құрастырып, сапалы түрде монолог айтып үйрену, Жатталған өлеңдерді, әндерді, мақал-мәтелдерді, жұмбақтарды және басқа тілдік материалдарды есте сақтау.
Келесі оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған технология — СТО (Сыни тұрғыдан ойлау).
Сын тұрғысынан ойлау технологиясының мақсаты мен міндеттері: Қазақ тілі мен әдебиет пәнінен меңгерген білімдерін еркін бағдарлай білу, өз бетінше дұрыс адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. СТО бағдарламасы арқылы оқушылардың білім, білік, дағдысын арттыру. Көркем мәтіндерді талдау барысында оның тәрбиелік құндылықтарын алып шығаруға үйрету. Ашық қоғамда өмір сүретін, сыни тұрғыдан ойлайтын тұлғаны қалыптастыру. Сын тұрғысынан ойлау – сынау емес, шыңдаған ойлау. Бұл бағдарлама арқылы оқушылар белгілі бір мазмұнға сын тұрғыдан қарап, мол ақпараттар ағымынан өзіне қажеттісін таңдап алуға, саналы шешім қабылдауға, сұрақ қоя білуге, әр кез сол сұраққа жауап іздеуге үйренеді, оқушы ойы дамиды. Ерекшелігі – оқушының қызығуын арттыра отырып, қиялын дамытуға арналған. Мұғалім оқушының білім алуға бағытталған іс-әрекетін бақылай алады, бағыт-бағдар береді. Оқушылар жаңа сабақта ақпараттарды өз бетімен меңгереді.
«Сыни тұрғыдан ойлауды дамыту» технологиясы үш кезең бойынша қолданылады: қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой толғаныс. Бұл технологияның тиімділігі: 1.Сапалы білім береді; 2. Шығармашылыққа баулиды; 3. Ұтымды әдістер қолданылады; 4.Дамыта оқытылады ;5.Жеке тұлға қалыптасады.
Осы кезеңдердің ұтымды өткізілуі мынадай нәтиже береді: оқушылар басқалармен қарым-қатынас жасай біледі; басқаларды тыңдауды, кез келген жауапқа сыйластық, түсіністікпен қарауға; өз ойын топ алдында ашық айта алу, қорғай білуге; керек кезде өз көзқарасын өзгертуге үйретеді, дамуын қамтамасыз етеді; оқушының оқу мотивациясы өзгереді, өз бетінше ізденуге үйретеді; ең бастысы сабаққа қызығушылығы артып, балалардың белсенділігі өте жоғары болады.
СТО стратегияларының кейбіріне тоқталайық.
Ассоциация (Әр оқушы жауаптарын дәптерге жазады,мұғалім тақтаға жазады,оқушылар жеке топтарға бөлінеді, әр топ өз жобасын көпшілік алдында қорғайды)
« Миға шабуыл» (проблемалық сұрақ туғызу, сұрақтарға жауап сұрау,талдау)
« Генсерт»(түртіп алу) (V, +, + -, -, ?)
«Бес жолды өлең» стратегиясы
Не? 1 зат есім
Қандай? 2 сын есім
Не істейді? 3 етістік
Идеясы 4 сөзден тұратын сөйлем
Синоним 1 сөз
Тоқтап оқу (Мәтінді бөліп, әр бөлікті жеке талдау)
Дискуссия (Берілген сұраққа екі жақты жауап беруге болады. Иә,…….Жоқ,….Әр топ өз пікірін төрт, бес сөйлеммен дәлелдейді. Басқа топтың оқушыларымен пікірлесуге түседі, мәселені талдайды.
«ВЕНН диаграммасы» стратегиясы. Тақырыпты жалпылау немесе қорытындылау кезінде кейіпкердің бойындағы қарама-қайшылықты және ұқсастықты көрсету үшін қолданылады. «Кубизм» стратегиясы тақырыпты жан-жақты қамтуға мүмкіндік туғызатын оқыту стратегиясы.
Дебаттар. Эссе. Үш қадамды сұхбат. Тірек сөздер. Даналық ағашы. «Жигсо». Еркін жазу
Қорыта келе айтарым: Мұғалімнің басты міндеті – жеке тұлғаны қалыптастыру. Демек тұлға бойындағы табиғи талантты ашу, белсенділігін, шығармашылығын дамыту – ұстазға жүктелген міндет, өйткені болашақ данышпандарды тәрбиелейтін, дарындыларды өмірге әкелетін, таланттардың көзін ашатын, сөз жоқ, ұстаздар қауымы екендігінде дау жоқ.
Хасенова Дана Қойшыбаевна
Ақмола облысы білім басқармасының
«Көкшетау қаласы, №1 құрылыс техникалық колледжі»
КММ Қазақстан қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің оқытушысы