Home » Мақалалар » Қазақ тілі пәні бойынша біліктілікті арттыру курстарының ерекшеліктері

Қазақ тілі пәні бойынша біліктілікті арттыру курстарының ерекшеліктері

Қазіргі таңда жалпы қоғамдағы өзгерістер мен жаңалықтар, білім беру жүйесіндегі реформалар педагог қызметкерлердің ғылыми негізде ойлануына, жаңа идеялармен, жаңа жүйелермен жұмыс жасауына негіз болары анық. Олай болса, кез келген мемлекетте сапалы да саналы түрде білімнің берілуі білім беру жүйесіндегі жаңашыл педагогтер мен зиялы қауымның ғылыми-ізденушілік деңгейіне байланысты. Дәстүрлі білім беру жүйесінде кәсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты – мамандықты игерту болса, ал бүгінгі таңда білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі – әлемдік білім кеңістігіне ене отырып, бәсекеге қабілетті тұлға дайындауда жеке тұлғаның құзырлылық қабілеті негізінде нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну.

Бүгінгі күні «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қостанай облысы бойынша ПҚ БАИ-да қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстары Білім және Ғылым министрлігі бекіткен оқу бағдарламсы бойынша жүргізіледі. Атап айтсақ:

—  «Пәнді және тілді кіріктіріп оқыту (CLIL) білім беру үрдісінде оқушыларды екінші тілге бағыттау негізі ретінде»;

— «Қазақстан Республикасында көптілді білім беру және білім мазмұнын жаңарту жағдайында қазақ тілі пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту»;

— «Programme for International Student Assessment» халықаралық зерттеуін жүргізу аясында оқушылардың функционалдық оқу сауаттылығын дамыту».

Бағдарламалар барысында өзектілік танытатын тақырыптарға көп мән беріледі және де әр мұғалімнің таңдауы бойынша ұйымдастырылатын тақырыптар қарастырылған.

Курс барысында бағдарламаларды жүзеге асыру барысында әртүрлі вариацияларда әртүрлі үлгілермен немесе тәсілдермен аталатын әртүрлі әдістер қолданылу қажет. Жалпы білім беру пәндері бірнеше тілде оқытылады. Кейде сабақтарда басқа нәрсені айтса, ресми емес қарым-қатынас барысында – басқа нәрсе туралы айтады. Мұндай әдістер лексикалық қорды белсендіруге, толықтыруға ақпаратты барынша тиімді түрде бекітуге мүмкіндік береді.

Оқу процесін тілдік құзыреттілік тұрғысында жүзеге асыру білім берудің мазмұнына да, педагог жұмысында да айтарлықтай өзгерістерді талап етеді. Біріншіден, оқу мақсаты – таным процесінде білім алушылардың белгілі бір көрсеткіштерге қол жеткізуі болады. Екіншіден, оқыту шығармашылық сипатқа ие болады, білім алушылардың өнімді ізденуі бірінші орынға қойылады. Осыған байланысты оқу үдерісі де өзгереді, шағын топтағы оқушылардың жобалау әрекеті, жеке оқу траекториясын жасақтауы, пәнаралық байланысты қолдануы, зерттеу тақырыбын жасақтауда білім алушылардың өз бетінше білім алуы оқытудың тиімді формалары болып табылады.

Құзыреттілік әдіс – тәсілдер тұрғысынан алар болсақ, білім беру мақсаты білім алуға үйрену, яғни таным қызметінің мақсаттарын белгілеп, мақсатқа жету үшін тиімді жолдарды табу және өз қызметін ұйымдастыра алу болып табылады. Сонымен қатар, тиімді ғылыми ақпаратты қолдану арқылы ақиқат құбылыстарды, олардың мәні мен себептерін түсіндіре алу, негізгі мәселелері (экономика, саясат және т.б.) бойынша өз көзқарасы болуы мен пікірін білдіре алу іскерліктерін дамытуға септігін тигізеді. Құзыреттілікті әдіс-тәсілдерді қолдану рухани құндылықтар әлемінде бағытталушылық, түрлі әлеуметтік көлдерді жүзеге асырумен байланысты мәселелерді шешуге, түрлі кәсіби қызмет түріне қатысты мәселелерді шешуге үйретуде зор маңызға ие.

Лингвистикалық құзыреттілік жазбаша және ауызекі сөйлеуді, оның заңдылықтары мен ережелерін, құрылымын терең ұғыну, тілдік құбылыстарды талдау және топтастыру дағдылары, түрлі сөйлеу қызметі (монолог, дмалог, оқылым, жазылым) меңгеру іскерлігі, коммуникация мақсаттары үшін тілдік кодтарды жүйелі білуді білдіреді.

Интеграциялау мақсатында бір сабақта бірнеше тіл қолданылған жағдайда пән бойынша жалпы сабақтар өткізу практикада қолданыс табуда.

Көптілді білім беруде пән мен тілді кіріктіру (CLIL – тіл мен пәнді кіріктіру әдісі) тиімді саналады. Оқытудың бұл түрі екінші немесе үшінші тіл арқылы белгілі бір ғылымды үйрену, пән арқылы тілді меңгеруді көздейді, яғни бұл әдіс арқылы пәндік және тілдік мақсаттарға қатар қол жеткізіледі.

Пәндерді және екінші немесе үшінші тілдерді (CLIL) кіріктіруде:

  • Тіл пәннің мазмұнын игерудегі құрал ретінде қолданылады;
  • Тілдік дағдылар: тыңдалым, оқылым, айтылым және жазылым дамиды;
  • Мәнмәтінді түсінуде тілді қолдануға болған уәждеме күшейеді;
  • Тақырыпты талқылауда тілді қолдануға болған қызығушылық артады;
  • Тілдік ортаға бейімделеді;
  • Ойлау дағдылары қалыптасады.

Бұл әдіс 4 бағытты өз ішіне алады Content (мазмұн) пәннің мазмұны түсіндіріледі, Communication (қарым-қатынас) тілдік қарым-қатынас жүзеге асырылады, Cognition (ойлау қабілеттері) пәнді игеруде, тілді қолнуда және  Culture (мәдениеттанымдық) сөз сөйлеу, өз іс-әрекетіне баға беру, игеріліп отырған тіл тарихы, оны қолданатын ұлттың мәдениетімен танысу. Оқыту барысында пән мен тілді кіріктіру арқылы пән бойынша білім сапасын көтеру мен бір қатарда екінші немесе үшінші тілді уақытты үнемдеу арқылы үйрену, білім сапасын арттыру мүмкін болады.

Көптілді және билингвалды оқыту арқылы қандай нәтижеге жетуге болады?

  • Пәнді билингвалды оқыту өзіндік позициясы бар, түрлі мәдениеттер мен таныс полимәдени тұлғаны қалыптастырады;
  • Тілдік коммуникативтік мақсаттарға жету үшін қолдануды білетін тілдік құзыреттілігі жоғары тұлға қалыптасады;
  • Ана тілді білуде жоғары деңгейдегі құзыреттілікке ие болу басқа тілдерді тез меңгеруге негіз болады;
  • Билингвалды білім оқушылардың білім сапасының артуына ықпал етеді;
  • Көптілді білім беруде полимәдени іс-шараларға қатысу арқылы өзінің және басқа да ұлттардың мәдениеті мен танысады, төзімділікке үйренеді;
  • Әртүрлі тілдерде оқу, жазу, сөйлеуде жоғары дәрежедегі функционалдық сауаттылық қалыптасады;
  • Талдау, интерпретация, салыстыру, имправизация, синтез, когнетивтік дағдылар қалыптасады;
  • Педагогикалық ұжымда пәнаралық серіктестік қалыптасады;
  • Мұғалімдердің тілдік құзыреттілігі қалыптасады.

Біздің көзқарасымыз бойынша, қазіргі уақытта антропологиялық тіл білімінің даму кезеңінде әлеуметтік мәдени қос тілді тұлғаны зерттеу үлкен қажеттілік тудырып тұрғаны сөзсіз[1]. Әлеуметтік мәдени қос тілді тұлға байланысудың бірнеше түрлерін меңгерген, түрлі ұлттық мәдениеті, олардың дәстүрлері мен құндылықтарының ерекшеліктеріне жөнінде түсінігі мол, өзінің этникалық бірлестігімен ұқсастығын сақтушы, әрі екінші бір тілдік қауымға ықпал етуші, екі немесе бірнеше этномәдени бірлестіктердің мүшесі болып табылатын, сонымен қатар өзін сол социумның мүшесі ретінде танытқандықтан, түрлі қоғамдағы тәртіптің этникалық және әлеуметтік мәдени нормалары мен ережелерін жақсы меңгерген тұлға болып саналады.

                                                                                                                                       Жусупова Галия Сапарбековна,

«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қостанай облысы бойынша ПҚ БАИ,

мектепке дейінгі, бастауыш білім беру және тұлғаны тәрбиелеу кафедрасының меңгерушісі,

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.