Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасының стратегиялық мақсаты – білім беру процесіне барлық қатысушылардың үздік білім беру ресурстары мен технологияларға тең қолжетімділіктерін қамтамасыз ету. Жеке тұлғаның оқу үдерісінде өз бетімен білім алудағы белсенді іс-әрекетін ұйымдастыру пәндік білім мен әлеуметтік және коммуникативтік дағдылармен қатар, өзінің жеке мүдделері мен болашағын сезінуге, сындарлы шешімдер қабылдауына мүмкіндік беретін тұлғалық қасиеттерді де меңгеруге ықпал етеді. Бұл ретте мұғалім мен оқушы арасындағы өзара ынтымақтастық қарым-қатынас мұғалімнің қолдауы арқылы оқушының белсенді танымдық қабілетімен тұрақты сипатқа ие болады.
Жаңартылған білім беру бағдарламасында «Қазақ тілі» пәнін оқытудың басты ерекшелігінің бірі оқушылардың сауаттылығын арттыру және оқушы тілін дамыту мақсатында жазба жұмыстарын жүргізіп отыру болып табылады. Бастауыш мектепте «Қазақ тілі» пәнін оқытудың мақсаты – сөйлеу әрекетінің түрлерін: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылымды дамыту арқылы тіл туралы бастапқы білімді меңгерту және оны тілдік нормаларды сақтай отырып, оқу әрекеті мен күнделікті өмірде қолдану. Қазақстан Республикасаның жаңа «Білім туралы» заңы және Қазақстан Республикасында білім беруді дамытуды 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа ала отырып жұмыс жасау – бүгінгі таңдағы әрбір педагогтың міндеті. Бағдарлама аясында тілдік төрт дағдыны дамыту маңызды және мұғалімге де үздіксіз ізденісті қажет етеді.
Мазмұндама — тіл дамытудың өте маңызды әдісі. Мазмұндама жазу продуктивті дағдылар қатарына жатады. Демек, продуктивті дағды дегеніміз- тілді қолданып сөйлеу немесе жазу. Жазу арқылы өзара қарым-қатынасқа түсіп, ой алмаса келе сөйлемдерді топтастыру арқылы оқушылар өз ойларын жаза алады.
Мазмұндама оқыған мәтіннің мазмұнын ауызша әңгімелеуден басталып, жазбаша мазмұндауға ауысады. Оқушының сөйлеу тілі мен жазбаша тілін дамытады. Мәтін бойынша мазмұндама жазу үшін мәтінді ынтамен тыңдап, есте сақтауға, түсінуге тырысады. Оқушы әрекетін мәтінді түсініп, есте сақтауға бағыттайды. Бұл оқушының зейінін, ойын дамытады, оқушының іс-әрекетін ұйымдастырады. Мазмұндаманың бірнеше түрі бар: мәтінге жақын мазмұндама, қысқа мазмұндама, мәтіннің бір мәселесі бойынша мазмұндама, шығармаға жақын мазмұндама. Мәтінге жақын мазмұндамада мәтін мазмұны ретімен, жүйелі түрде толық жазылады. Мәтіндегі айтылған уақиғаларды түгел қамтып, мазмұндаманы жазуда оқушы мәтін мазмұнын ауызша әңгімелеудегі алған түсінігіне сүйенеді. Мазмұндаманың бұл түрі жазуға үйретудің алғашқы кезінде қолданылады.
Қысқа мазмұндама кейінірек қолданылады. Қысқа мазмұндамада мәтіннің негізгі мазмұны ғана жазылады, мазмұнды толықтыратын, кейбір мәселелерін түсіндіретін, анықтайтын бөліктері қысқа мазмұндамада жазылмайды. Қысқа мазмұндамада оқушының ой қорытындысы өз сөзімен жазылады. Қысқа мазмұндамада мәтінге жақын мазмұндамаға қарағанда, ауырырақ болып саналады.
Мәтіннің бір бөлігі бойынша мазмұндама жазуда мұғалім оқушының назарын негізгі мәселеге аударуды көздейді және жүйелі баяндауды талап етеді.
Мәтіндегі негізгі мәселені жақсы түсініп, толық баяндау және мәтіндегі мәселенің мазмұнын жүйелі баяндау талап етіледі.
Шығармаға жақын мазұндамада оқушы мәтіннің мазмұнын өзінше жалғастырып жазады, кейде мәтіннің басына өзіндік ой-пікірін қосады. Мәтінді кеңейтіп, өзгеріс жасайды.
- Мазмұндама оқушының жазбаша тілін дамытуда ойын мәтінге сүйеніп, жазбаша түрде білдіруге үйретеді.
Мазмұндама жазу алдында мұғалім тақырып туралы әңгіме өткізеді. Мұғалім оқушының ойын, назарын ұйымдастыру үшін қысқаша түсінік береді, мәтіннің мазмұнын түсінуге дайындайды. Бұл кіріспенің мазмұндама сапасына әсері болады.
- Мұғалім мәтінді асықпай, жағымды дауыспен, салмақпен оқиды. Оқушыларға түсініксіз сөздерді сөздік дәптеріне жазғызады, түсініксіз сөз тіркестерін түсіндіреді. Кейбір қиын жаңа сөздерді тақтаға жазып қоюға да болады. Жалпы мазмұндама жазатын мәтінде түсініксіз сөздердің болмағаны дұрыс.
- Мұғалім оқушылардың мәтін мазмұнын түсінген-түсінбегенін анықтауы қажет. Оқушылар мәтін мазмұнын түсінбесе, түсіндіру қажет.
- Оқушыларға мазмұндаманың жоспарын жасату керек. Бастауыш сыныптарда жоспарды мұғалім өзі ұсынады, кейін мұғалім көмегімен оқушы жоспарды өзі жасайды.
- Мұғалім мәтінді екінші рет өзі оқиды, не өте жақсы оқитын оқушыға оқытады. Бұдан соң жеңіл мәтін болса – бір оқушыға, қиын мәтінді 2-3 оқушыға жоспар бойынша әңгімелетеді. Оқушылар мәтіннің мазмұнын айтуда қате жіберсе, оны түзеткен соң, оқушылар мазмұндама жазуға кіріседі.
Жазба жұмыстары жазылым дағдысын дамытуға ықпал етеді:
1) оқушыларға таныс ертегі, әңгіме, өлеңдердің қысқаша мазмұнын жазу;
2) газет-журналдарға шағын хабарлама, мақала жазу;
3) белгілі оқиғаны өз ойынша өзгертіп аяқтау;
4) оқиғаны өз көзқарасымен өзгертіп аяқтау;
5) грамматикалық және ортақ тақырыптар аясында шығармашылық тапсырмалар (ребус, пиктограмма, сөзжұмбақ, сәйкестендіру және толықтыру тест тапсырмалары) құрастыру;
6) ақпаратты суреттер мен сызбалар, белгілер, пиктограммалар арқылы беру;
7) жазылуы қиын сөздер мен сөз тіркестерінен сөздік құрастыру;
8) сұхбатқа жазбаша сұрақтар дайындау.
9) диктант; грамматикалық тапсырмалар; бақылау ретіндегі көшіру; мазмұндама; шығарма; тест тапсырмалары.
Пән бойынша 2-сыныпта жүргізілетін жазба жұмыстарының көлемі:
1) сөздік диктант – 6-8 сөз;
2) диктант – 25-30 сөз;
3) мазмұндама – 40-60 сөз.
Мазмұндаманы бағалауға қойылатын талаптар:
-тақырыптың ашылуы;
-тақырып бойынша ой жүйесі;
-стилі;
-емлелік қателері;
-тыныс белгілерінің дұрыс қойылуы;
-мазмұндаманың өзіндік ерекшелігі.
Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді дамуы қолайлы оқу ортасында коммуникативті қарым-қатынасқа түсіп, жеке, жұпта, топта жұмыс жасай білуде. Сондықтан жазылым дағдысын терең меңгерген оқушы құзыреттілігі қашан да биік.
Орманова Мария Айтбайқызы
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы
Қызылорда облысы бойынша педагог
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты
Инновациялық технологиялар және ғылыми-
жаратылыстану (гуманитарлық ) пәндерді
оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы