Home » Айтарым бар » Қазақ тілі пәнінде оқушылардың қоммуникативтік құзыреттілігін дамыту

Қазақ тілі пәнінде оқушылардың қоммуникативтік құзыреттілігін дамыту

Бәсекеге қабілетті білім кеңістігін құруға бағытталған Қазақстандық Білім беру реформасының негізгі мақсаттарының бірі — жаңаша оқытудың әдіс-тәсілдері арқылы оқушының бойында шығармашылық ойлауды, бастамашылықты дамыта отырып, жеке тұлға тәрбиелеу болып отыр. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011–2020  жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мектеп қабырғасында оқушыларға нәтижеге бағытталған білім беру арқылы олардың тұлғалық ерекшеліктері мен қасиеттері ашылатын,шығармашылық ойлау, өз бетінше шешім қабылдау қабілетін қалыптастыру тұрғысындағы мемлекеттік саясаттың басты ұстанымдары айқындалған. Қазіргі таңда білім беру  саласында тұлғаның дамуына коммуникативтік құзыреттілікке баса назар аударылып отыр. Оқушылардың өздерін қоршаған ортада басқа адамдармен, топпен  қарым–қатынас орнатуға, жалпы нәтижеге қол жеткізуде өзіндік пікірін білдіруге, басқа ұлт өкілдерімен қарым–қатынас диалогына түсе алуына мүмкіндік беретін коммуникативтік құзыреттілік негізінен тіл мен әдебиет сабақтарын оқыту үрдісінде қалыптасады.

Қазіргі кезде қазақ тілін оқытатын мамандарға қойылатын талап жаңа технологиялық әдістерді қолдана отырып, оқушылардың сөздік қорын молайту, қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс оқып, айта білуге, сауатты жазуға, бір-бірімен сөйлесе білуге дағдыландыру,ойын қазақша жеткізе алатындай дәрежеге жеткізу, сапалы және терең білім беру. Өйткені, заман талабы педагог мамандардың оқушы құзыреттілігін артыруына талап қойып отыр.

Ал енді сол «құзірет» және «құзыреттілік» деген сөзге тоқтала кетсек.

Құзірет – дара тұлғаның бойындағы өзара байланысты сапалардың (білім, білік, дағды, іскерлік, әрекет тәсілі) жиынтығы.

Құзыреттілік – адамның әрекетке, оның пәніне деген жеке қатынасын қамтитын сәйкес құрауыштарды меңгеруі. Мен өзім сабақ беретін сыныптарда оқушылардың коммуникативтік және тілдік құзыреттілігінің дамуына көңіл бөлемін.

«Коммуникативтік құзыреттілік» (латынның «competere» — қол жеткізу, сәйкес келу, сөзінен  шыққан) оқушылар және қоғам үшін күнделікті оқуда, қатысымдық міндеттердің тіл арқылы шеше білу қабілеттілігі, қатысымдық мақсатты іске асыруда оқушының тіл және сөз құралдарын пайдалана алуы. Егер оқушы сол тілде сөйлеушілермен тікелей немесе аралық қарым –қатынас барысында сол тілдің нормалары мен мәдени дәстүріне сәйкес өзара түсіне алса, коммуникативтік құзыреттілікті меңгергені.

Коммуникативтік құзыреттілік – екінші тілді үйренуші оқушыларға тілдің заңдылықтарын жаттанды үйретпей, сол тілді, тілдік және қатысымдық тәсілдерді орынды қолданумен байланыстыру.

Оқушылардың  коммуникативтік құзыреттілігн қалыптастыру мәселесі өзара ортақ бағыттары мен ұстанымдарынан туындаған жаңа бағыт. Екінші тілді үйренуде сөз мағынасын қабылдауда, пайымдауда, түсінуле , танымдық ерекшеліктерін ескеру, олардың  түрлі өмірлік ситуацияларда өз ойын, пікірін жеткізу, коммуникативтік міндеттерді шешу, қатысымдық мақсатты іске асыруда тілдің заңдылықтары мен нормаларын орынды пайдалана білу дағдыларын қалыптастыру мәселелері алдыңғы орынға шығады .

Ғалым Ф.Ш. Оразбаева «коммуникация» термині туралы былай тұжырымдайды: «коммуникация» сөзінің негізгі мазмұны жалпы қарым – қатынас, араласу, хабарласу, байланыс деген сияқты мағыналарды білдіре келіп, адамдардың тіл арқылы сөйлесу процесін, тілдесу ерекшеліктерін, тілдік әлеуметтік мәні мен қоғамдық қызметін, адамдар арасындағы қарым қатынасты өзара түсінушілікті көрсетеді .

Қатысымдық құзіреттілік- қазақ тілін қатысым әдісі арқылы оқытуда меңгерілетін құзіреттіліктің бірі. Қатысымдық оқыту – тілді қарым – қатынас негізінде оқыту.  Қатысымға  негіз болатын екі  факторды  айтуға болады. Бірі —  адамның өз қабілеті, екіншісі — сыртқы  ықпал (сұраққа жауап беру). Тілді оқыту  барысында  қарым – қатынас орнату, сөйлеу жағдаятын қалыптастыру оқушылардың  өзара немесе оқытушымен сөйлесуіне, сұрақтарға жауап іздеуіне құлшынысын арттыратыны сөзсіз. Сондықтан  тілді  оқытудың қатысымдық  әдісі — қазақ тілін  меңгертуде  тиімді әдіске жатады. Бұл әдісте оқытудың диалог түріндегі және ойындық әдістері басым қолданылады.

Оқу бағдарламасында коммуникативтік құзырет деңгейіндегі диалогқа қойылатын талаптар тұрғысынан белгіленгені:

-сөйлеу мәдениетін игеру, өзінің сөзін, ойын жалғастыра алу;

-экология, тарих, өз қаласы, мәдениет тақырыптары, белгілі адамдар туралы сөйлесе алу;
— айтылған әңгіме, оқылған мәтін, кітап, өнер, кино туралы өз ойын білдіру;

Күнделікті сабақта жаңа материалдарды оқытқанда және бекіту кезінде, жаттығуларды ұйымдастыруда, оқығанды және тыңдағанды тексеру үшін диалогтік әдісті қолданамын. Осының бәрін әңгіме түрінде іске асырып отырамын. Әңгімелесе білу диалогтік тілді үйретуде соңғы нәтижеге жететін біліктілік болып табылады.

Қарым-қатынастың толық түрін коммуникативтік ойындар арқылы жүзеге асыруға болады. Себебі осы қызмет түрінде адамдар еріксіз түрде өзара әлеуметтік қарым-қатынасқа түседі. Коммуникативтік ойындар диагностика жасау, жүйелеу, логикалық ойды дамыту, назар аудару мен еске сақтау қабілеттілігін арттыру, пәнге деген қызығушылықты тәрбиелеу  сияқты мақсаттардың жүзеге асырылуына ықпал етеді.

Аталмыш ойындарды ұйымдастыру үшін құрамында 5-6 адамнан құралған микротоптардан тұратын топтық форманы аламыз. Әрқайсысына жүктелетін міндеттер айқындап, тапсырмаларды орындау барысын түсіндіреміз. Топ көшбасшысын анықтап, микротоптың жақсы эмоционалдық ахуалын қалыптастыруға тырысамыз.

Тілдік қарым-қатынас тудыру негізінде және байланыстыра оқытуда сөйлету, естіп кабылдау, оқу, жазу тілдерін пайдалану –оқытудың негізгі мәні, ерекшелігі тілдік байланыс тудыруда жүйелілік түрін (сөйлесу-диалог, әңгімелеу-монолог,  диалогтағы монолог, полилог) сактау болса, сөйлесу барысында (цикл, кезең, микродиалог) сөйлетудегі ауызекі жанры бойынша (монолог-сөйлесу, талдау, дәлелдеу пікірталасу т.б) сонымен бірге бөліп сөйлетудегі әрекет әсері және түрлі жағдай мен тақырыптар пайдалану оқытудағы түрлі өзгерістерді байқатады

Қазақ тілін оқыту барысында өзіндік ой-толғамын жеткізе алатын, кез келген адаммен тілдік қарым-қатынасқа түсе алатын, коммуникабельді, іскер азамат тәрбиелеп шығару арқылы коммуникативтік құзіреттіліктерін дамыту жолында атқарар еңбектері әлі де алда деп есептеймін.

Қорытып айтқанда, коммуникативтік оқыту арқылы оқушылардың танымдылық қабілеттері, танымдық үрдістері дамып, сөздік қоры молаяды, оқытуда жағымды әрекет қалыптасады. Бұның бәрі дамығаннан кейін оқушының қиялы мен ойлауы, есі мен қабылдауы, зейіні дамып қалыптасады

Баетова Ләззат Қихметқызы,
№ 35 мектеп-лицейдің
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі,
Астана қаласы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.