Home » Мақалалар » Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында шешендік сөз өнерін оқушыларға дәріптеудің тиімді жолдары

Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында шешендік сөз өнерін оқушыларға дәріптеудің тиімді жолдары

 Мен сөз басын Елбасы Н. Назарбаевың: «Мағжанның жүрек тебірентерлік мөп-мөлдір асыл лирикасы, Мұхтардың көркем прозасы, Шоқанның барша әлемді таңқалдырған жаңалықтары, ұлы Абайдың түпсіз терең философиялық толғаулары сияқты осынша мол рухани қазына әрбір адамның ішкі жан дүниесін байытып, сана-сезімін шарықтата көтеретініне күмән келтіре алмаймыз» деген айшықты ой-пікірімен бастамақпын.

Тәрбие мен оқытуда ұлттық әрі мәдени құндылық әдебиет сабақтарында көрініс беретіндігі айқын. Ал қазақ тілі сабағында тіл тарихын, тіл мәдениетін, шешендікті дәріптеу мақсатындағы сабақтарда бұл мақсатты жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Алдымен ұлттық бағдарларды қалайша сабаққа енгізе алатындығымызға тоқталайын.

Қазақ халқының ұлттық құндылығы өзіміздің және өзге ел саясаткерлері мен ғалымдарының зерттеу нысанына алынғанына біраз уақыт болды. Негізгі мақсат – қазақ халқының ерекшелігін таныту. Негізгі ерекшелікті неден анықтауға болады?

  1. Ұлттық үрдіс
  2. Ұлттық қағидат
  3. Әлем мойындаған ЭКСПО-2017

Қазіргі таңдағы қазақ тілі мен әдебиеті сабағындағы ұлттық үрдістің бірі де бірегейі шешендік сөздерге дағдыландыру және санасына сіңіру болып табылады. Тәрбие көзінің нақты факторы болып табылатын би-шешендердің нақыл сөздері даналыққа, ойлампаздыққа, шынайылыққа, елжандылыққа жетелейді. Әлемдік деңгейдегі алдыңғы елдердің қатарында болу үшін ана тіліміздің қолдану аясын тікелей баба тілімен сөйлету нақты қадам бола алады. Бабадан балаға жеткен бай тіліміз үш тілдің қатарында ілесіп келеді.

Мектептегі берілетін факультатив қосымша сабақта «Шешендік сөз», «Жас қаламгер», «Тіл мәдениеті» тіліміздің мәртебесін көрсету үшін жасалған оқу үдерісінің нақты шынайы келбеті.

Қосымша сабақтар қалай өтілуде? Шынтуайытқа келсек, мектептегі қосымша сабақтар тақырыбы берілгенімен нақты жүйелі бірізділікпен жасалған күнтізбелік жоспар жоқтың қасы. Себебі пән мұғалімдерінің осы орайда жасалған әдістемелік құрал жинақтары қолға алынбай келеді. Қосымша факультатив сабақтар ғылыми тұрғыдан зерттеліп, авторлық жоба ретінде қорғалып, іске асырылса, ана тіліміздің алдындағы абыройы асқақтар еді. Осы орайда белгілі әдіскер мұғалім Қ. Бітібаеваның мына айшықты ойы дәлел болады.

        «Әдебиетші мұғалім, ең алдымен, көркем сөз сипатын ашатын заңдылықтарды  білуі керек. Сондай-ақ көркем туындыны  талдаудың ғылыми  әдістемелерін жетік  меңгеруі қажет. Әдеби шығармаларды талдауда мұғалім мен оқушы арасында  бірлескен еңбек, бірлескен шығармашылық, өнерпаздық орын алуға тиіс», — дейді.

Бүгінгі күндегі басты назар аударатын мәселеге тоқтала кетсек, оқушылар арасындағы сөйлеу мәдениетінің құны төмендеп бара жатыр. Ауызекі сөйлеу мәденитетінің күннен күнге нашарлап бара жатқаны баба тіліміздің, дана тіліміздің аяқ асты қалуын білдірмей ме? Бұған біз, педагогтар, қандай ұлттық қағидат ұстануымыз керек? Оқушы алдында екі сөздің басын құрап, балаға нақыл сөздермен ой тастап, мақал-мәтелмен мысал келтіріп, тіліміздің мөлдір саф алтындай қалыбын бұзбай жеткізе білсек, шешендік сөздерді санасында жаңғыртып отырсақ нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз да «Тілі жоғалған ел де жоғалады» деп сонау ғасыр басында мойындап кеткені тағы аян.

Елбасының сындарлы саясаты білім мен тәрбие көзінің өзектілігі болған 2030 стратегиясындағы «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының құндылықтары Нақты 100 қадам бағдарламасында тіліміздің әлемге әйгілі тілдер қатарына енудің сындарлы жоспарын іске асыру барысында қаншама бағдарламалар жасалуда.

Ұлттық құндылықтың бірі – айтыс өнері. Кенжелеп қалған айтыс өнері де Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай облыстық мәдениет басқарамасының бастамасымен оқушылар арасында кезең кезеңімен өткізілді. Бұл да ана тілімізге деген құрметтің белгісі, құныдылығымыздың айғағы. Бұған дәлел ауданымыздан топ жарып, Қоянды орта мектебінен 11-сынып оқушысы Талант Нұрасыл, 8-сынып оқушысы Тұрсынбек Сая Республикалық оқушылар арасындағы айтысқа үлесін қосты.

Ұлттық қағидаттың тағы бір өзегі – көненің көзі қариялар мен өнер майталмандарымен сұхбат жүргізу болып табылады. Тағы бір дәлел, өткен жылдың еншісінде болған ақын-жыршылармен мектеп оқушыларының кездесуі еді. Ақын тіл жанашыры Мұхтар Шаханов, Балғынбек Имашов сынды тіл тарландарының тұшымды тілегін естіп, шәкірттеріміз шабытына шабыт қосып, шыңдалып отырды. Оқушы көкейінде боз даланың боздағы болған зар заман ақындарының айшықты ойлары мен сөз саптау сүрлеуі жаңғырып өтетіні анық. Сөз өнерінің құдіреті оқушының тілге деген құрметтін еселеп, сүйіспеншілігін арттырып, көптің ортасында сөз саптау дағдысын қалыптастыра алады.

Көк Түрік мекен еткен Киелі қазақ даласында әлем мәдениеті мен қазақ елінің құндылығын паш еткен ЭКСПО-2017 көрмесі өтіп жатыр. Ала жаздай өткен бұл көрме дүние жүзіндегі әртүрлі елдердің этиналық мәдениетімен танысуға мол мүмкіндік болды. Сабақ барысында шет елдердің рухани мәдениетін, әр елдің нақыл сөздерін оқушы санасына сіңіре отырып, өз елінің рухани мәденитетін жаңғыртып отыратын тұлға дайындау – басты мақсатымыз екенін дағдыға айналдыру қажет.

«Біздің бүгінгі күні алдымызға қоятын негізгі мақсатымыз – тілді қадірлеп, мәдениетті да­мыта білетін, біздің жолымызды ары қарай жал­ғастырып, жаҺандану дәуіріне сәйкес жетілдіріп әкететін азаматтар дайындау. Ол үшін біз тілімізді — ұлттық қазы­на, ал әдебиетімізді – өнер деп оқытуымыз қажет», — деген әдіскер ұстаз Қ.Бітібаеваның сөзімен өз ойымды аяқтаймын.

Мекебай Назигуль,
Қоянды орта мектебі,
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі,
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.