Еліміздің мемлекеттік тілі Елбасымыз атап айтқандай: «барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы» екендігін әрқашан басты назарда ұстауымыз қажет. Мұны еліміздің ертеңі болашақ ұрпақ – оқушылардың санасына терең жеткізуіміз керек.
Ел бар жерде тіл, тіл болған жерде оның мәртебесі де болады. Ата заңымыздың 7-бабында: «1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — Қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. 3. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды» деп нақты көрсетілген.
Республика көлемінде қызу талқыланған Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы — осының айқын дәлелі деп айтсақ та болады. Сондай-ақ, Елбасымыздың бастамасымен Мемлекеттік тілді дамытудың Президенттік қоры құрылған. Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тіл комитеті тілді дамыту және енгізу жөніндегі уәкілетті орган ретінде халық тарапынан жасалатын ұсыныстар мен талап-тілектерге баса назар аударып отыр. «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру – әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны да осы бағыттағы игі істердің ұйытқысы болып отыр.
2020 жылға дейінгі мерзімге арналған Мемлекеттік бағдарлама жасау – Елбасымыздың Үкіметке берген тікелей тапсырмасы болды. Мемлекеттік бағдарламаның басты стратегиялық мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласының барлығында да батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажетіне айналдыру.
Елбасымыз: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» — деп атап баса айтқан.
Сондықтан да Мемлекеттік органдарда қазақ тілін дамыту бойынша біршама жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатыр.
Мысалы, мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді үйрету сабақтары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Осы сабақтардың нәтижесінде қазақ тілін үйренген басқа ұлт өкілдері де баршылық. Жуырда ғана Мәжіліс депуттаттығына сайланған Г.Шиповских туралы айтсақ та артық емес. Қазақ отбасында өсіп, қазақы тәрбиені бойына сіңірген халық қалаулысы қазір тек қазақ тілінде сұхбат беремін деп құлшынып жүр. Сондай-ақ қазіргі уақытта барлық құжаттар, іс-қағаздар мемлекеттік тілде орындалады.
Кез келген тілдің болашағы — балалардың, жастардың қолында екені анық нәрсе. Балалардың өз тілін білмеуі, ұмытуы — ұлтқа төнген қауіп. Әрбір
мектептегі қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі осыны басты назарда ұстағаны жөн. Осы бағытта біздің мектеп ұжымы біршама игі істердің ұйытқысы болып келеді. Әрине көңіл қуантатын жайт. Бұл ретте бала тәрбиесіне бей-жай қарамайтын ата-аналардың орны да ерекше. Сондықтан ең әуелі әрбір отбасы өз шаңырағындағы тіл саясатын түзеуі шарт деп оймаймын. Себебі, қазақ тілінің тағдыры барлығымызға ортақ нәрсе.
Орынкүл ҚОЖАМҰРАТОВА
Ж.Аймауытов атындағы №64 мектеп мұғалімі
Шымкент қаласы