2018 жылдың 21 қыркүйек күні «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында» «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің сапасын арттырудағы инновациялық технологиялар: жаңа үрдіс және ұлттық сипат» атты тақырыпта облыстық дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің сапасын арттыруда қолданылатын инновациялық технологиялардың тиімділігі, жаңа үрдіс пен ұлттық сипаттың ұштасуы, оқушының функционалдық сауаттылығын дамытудағы тілдің маңыздылығын талқылау, өзара тәжірибе алмасу.
Дөңгелек үстелдің жұмысы келесі бағыттар бойынша ұйымдастырылды:
1.Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің сапасын арттыру бағытында қолданылатын қазіргі заманғы инновациялық технологиялардың тиімділігі.
- Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқыту барысында қолданылатын белсенді әдіс-тәсілдердегі ұлттық сипаттардың көрініс алуы.
- Оқушының тұлғалық қасиетін қалыптастыруда тіл мәдениетін дамытудың маңызы.
Облыстық дөңгелек үстелге Алматы облысы Қапшағай қаласы, Ұйғыр ауданы, Сарқан, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Қарасай, Іле, Райымбек, Қаратал, Кербұлақ, Кеген, аудандарының мұғалімдері мен әдіскерлері қатысты.
Облыстық дөңгелек үстелді модератор – «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, с.ғ.д., доцент Т.Қ.Ауелгазина ашып, бүгінгі таңда мемлекеттік тілді меңгеру арқылы ұлттық құндылықтарды, дәстүрлер мен инновацияларды насихаттау мәселесі өте өзекті екендігін атап өтті. Сондықтан оқу үдерісіне инновациялық технологияларды енгізудегі мақсат оқушының ой өрісін кеңейтіп, дүниетанымдық көзқарасы мен танымдық белсенділігін арттыру, зерттеушілік арқылы шығармашылық икемділігін дамытуда, тұлғаны жан жақты дамыту. Инновациялық оқыту нәтижелері оқушының өз бетінше әрекет етуі арқылы білімді меңгеруіне ықпал етеді.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда жаңа технологияларды пайдалану мұғалім үшін қандай маңызды болса, оқушы үшін одан да маңызды. Жаңа технологиялар оқушылардың білім сапасын арттыруға, өздігінен жұмыс істеу мүмкіндігін молайтуға көп көмегін тигізетіндігін тілге тиек етті.
Іс-шараға қатысушылар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің сапасын арттыруда жаңа инновациялық технологиялардың тиімділігін сөз етіп, өз тәжірибелерінде отандық әдіскер ғалымдар жасақтаған «Модульдік оқыту технологиясы»(М.Жанпейісова), «Деңгейлік тапсырмалар» (Ж.Қараев), әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарына арналған «Сатылай кешенді талдау» (Н.Оразақынова) т.б. технологияларды оқу үдерісінде қолданып жүргендерін білдірді. Сонымен қатар әдіс тәсілдерді қазақтың салт-дәстүріне қарай бейімдеп, қамшы тастау, сақина беру, белбеу, бұғынай сынды ойын түрлерінің қолдану жолдарын көрсетті. Сөздік қорды, сөйлеу мәдениетін дамыту, ұлттық құндылықтарды насихаттау, кәсіби қызметте тілдің ұтымды және тиімді пайдаланылуы және т.б. мәселелер бойынша мемлекеттік тілдің маңыздылығы мен оның бағдары жайлы ойларымен бөлісіп, пікірлерін білдірді.
Шара қорытындысы бойынша қатысушыларға «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша ПҚБАИ» Құрмет грамоталары табыс етілді
А.Болсынбаева