Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақ тілі шет тілі ретінде: коммуникативтік-прагматикалық аспект» атты республикалық дөңгелек үстел өтті.
Шетелдік студенттерге тіл үйретіп, білім беру үшін оқытушы алдымен оқу үдерісінің дұрыс жүргізілуін жетік меңгеруі керек. Бұл тұста педагогикалық қабілеттілік пен ұстаздық өрелік қажет. Мұндай кәсібилікке бірден бір себеп болатын орта – кафедра. Отыз жылдан астам уақыттан бері шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының ғылыми базасы дамып, қасиетті қарашаңырақ аясында көптеген жас мамандарының топшысын қатайтып, қияға самғатты. Бұл республикалық дөңгелек үстел кафедра жұмысының нәтижесін көпшілікке кеңінен таныстыруға зор мүмкіндік берді.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – қазақ тілін шет тілі ретінде оқытудың қазіргі жайы мен болашағын талқылау, пікір алмасу, кәсіби қолдау көрсету.
Дөңгелек үстелге Алматы, Астана, Тараз, Қызылорда, Шымкент, Ақтау қалаларының университеттерінен білікті де білгір мамандар қатысты. Республикалық дөңгелек үстелде көптеген ауқымды тақырыптар қамтыла отырып, «Қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту әдістемесіндегі дәстүрлі және инновациялық технологиялар», «Мәдениетаралық қарым-қатынас мән мәтінінде қазақ тілін оқытудың болашағы және өзекті мәселелері» және «Оқытудың сапасын көтеру жолдары» деген бағыттар бойынша ғылыми-әдістемелік талқылаулар жасалды.
Дөңгелек үстелді шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының меңгерушісі, профессор Г.Қ. Ихсангалиева ашты. Өз сөзінде қазақ тілінің шет тілі ретінде оқытылу барысы, қазіргі уақытта шетелдік азаматтарға мемлекеттік тілді кәсіби тұрғыда меңгертудің өзектілігі жайлы айтып өтті. «Бұл кафедра шетелдік жастарды тәрбиелеуде өте жоғары маңызға ие. Шетелдік азаматтарды қалай оқыту керек, студент бойына қандай қасиеттерді сіңіріп, нені үйретуді басты назарға ұстаған жөн деген сияқты тәрбие сауалдарына жауап беретін бірден бір орта. Осы кафедрада педагогика саласында әсіресе, қазақ тілінің білікті мамандарын даярлап, республикалық, әлемдік деңгейде ғалымдар қалыптастырды. Бұл кафедра білім беру мен тәрбие саласына аса мән беруімен құнды”, – деп пікір білдіріп, аталмыш кафедраның қазақ тілі мамандарының педагогика саласындағы зор еңбектерін ерекше мақтанышпен сөз етті.
Келесі кезекте шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының доценттері Г. А. Мұсаева, М.П. Ешимов, А.Е. Саденова мен Г.Ә. Машинбаеваның баяндамалары тыңдалды. Онда қазақ тілін шет тілі ретінде шетелдік тіл үйренушілерге оқытудың тиімді жақтары, осы бағытта дайындалған оқулық, оқу құралдарының сапасы, пәннің мазмұны, кәсіби бағдарлық оқытудың жүзеге асу жолдары сөз болды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Қ.С. Қалыбаева ғылыми негізі бар, көңілге қонарлық сөздер айтты. Ол «Қазақ тілі шет тілі ретінде» пәнін оқытуда шетелдік студенттерге сөйлеу мәдениетін, ғылыми пайымдауға үйрету қажеттігін атап өтті және пәнді оқыту барысында оқулық, оқу-әдістемелік құралдардың сапасын арттыру керектігін, кәсіби бағдарлы сөздіктерді көбірек дайындау да артық болмайтындығын айтты.
Барлық дөңгелек үстелге қатысушылар рет-ретімен түрлі тақырыптарда өз баяндамаларын оқыды, әртүрлі тың тақырыптар тыңдалды. Баяндамашылар баяндама барысында туындаған сұрақтарға жауап беріп, қызу талқылауға қатысты. Педагогтар жиын барысында өз тәжірибелерімен бөлісіп, мастер-класс көрсетіп, ой-пікір алмасты. Осылайша дөңгелек үстел барысында осындай өзекті де ауқымды мәселе талқыланып, мамандар өз пікірлерін білдірді. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ұсыныстар қабылданды. Белсенді және өз іс-тәжірибесімен бөліскен қатысушыларға Сертификаттар және Алғыс хаттар табысталды.
А.Е. Саденова. ф.ғ.д.,
М.П. Ешимов. Ф.ғ.к.,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру
дайындығы кафедрасының оқытушылары