Қызылорда қаласы,
№ 261 орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Айдарбек Дамира Әбілқайырқызы
«Тіл – сарқылмас қазына» дегенді жиі айтамыз. Оған дау жоқ. Сонымен бірге, ол – жанды құбылыс. Ол – халықпен бірге дамып, елдің күнделікті қарым-қатынас ісінде, қызметтік қажеттілігіне қарай жаңа сапа иеленіп, толығып, байып отырады.
Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Өз алдына ел болуға, өзіндік тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алады» деген екен. Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігін нығайтудың, ұлтымыздың тұтастығын сақтап қалудың негізгі алғы шарттарының бірі – ана тіліміздің мерейін көтеру, аясын кеңейту болып табылады.
Қазақ тілін тереңдетіп оқыту барысында тез түсіндіретін, тауып сөйлейтін тапқыр, сөз сайысында алғыр да өткір тілімен таңқалдыратын, қарсыласқа шебер тойтарыс беретін, ақыл-ой қабілеті зор, әуезді де әсем сөйлейтін, тілі шебер де шешен, қазақ тілін сүйетін, қадірлейтін, сөз қадірін зерделейтін шығармашыл, қазақ тіл білімі салаларын меңгерген, мәдениетті сөйлейтін жеке тұлға қалыптастыруда еңбек етіп келеміз деп айта аламыз.
Мектебіміздің 10-11 сыныптар аралығында «Қазақ тілінің бүгіні мен болашағы» деген тақырыпта дөңгелек үстел мен сахналық қойылым ұйымдастырылды. Оқушылар өте белсенді түрде ат салысып, өз ойларын еркін түрде жеткізді.
«Қыран түлегіне қайырылмас қанат сыйлайды, ұстаз түлегіне алға бастырар талап сыйлайды» дейді дана халқымыз. Тәуелсіз еліміздің ертеңі болашағы білімді ұрпақтарды тәрбиелеу мұғалімдерге бұрынғыдан да зор жауапкершілікті, замана ағымына бейімділікті, жанқиярлықты талап ететінін осы саладағы педагогтар жақсы түсінері анық. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Бабаларымыздың ғұмыр тәжірибесі, дүниетанымы, мінез-құлқы, өзіндік болмыс-бітімі осы тілде қаттаулы жатыр» деген сөзін басшылыққа алуды мақсат етейік.