Home » Мақалалар » Қазақ тілін оқыту барысында оқушыларды тілдік қатынасқа үйретудің маңызы

Қазақ тілін оқыту барысында оқушыларды тілдік қатынасқа үйретудің маңызы

Қазақстан тәуелсіз болғаннан бері мемлекеттік тілді оқыту, тілдік әдістемесін жетілдіру маңызды мәселелердің біріне айналды. Кең байтақ жерімізде өмір сүріп келген барлық ұлт өкілдерінің ана тілін сақтай отырып, өзара бірлігін арттырудың маңызды тірегі ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында күнделікті қолданысқа енгізу – мемлекеттің алдымызға қойып отырған басты мақсатының бірі.

Аталған мәселеде мектептің алар орны бір төбе. Бүгінгі таңда туындап отырған заман талабына орай мемлекеттік тілді меңгеруде оқытудың тиімді жолдарын, жаңа идеяларды әр сабақта жан-жақты қолдануға тиіспіз. Сондықтан мұғалімдердің күнделікті жұмысында оқушыларды тілдік қатынасқа үйрету жолында қолданып жүрген әдіс-тәсілдерінің заман талабына сәйкес болмау мәселесі туындауы мүмкін. Сол себепті мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастырған жөн.

Оқыту әдістерінің басты қызметі – оқыту, ынталандыру, дамыту, тәрбиелеу, ұйымдастыру болғандықтан, жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес өздігімен білім алуға баулу тілдік қатынасқа үйретудің тиімді жолы болып келеді. Тілді меңгеруде оқушы мен ұстаздың өзара көзбе-көз кездесу, ауызба-ауыз тілдесу маңызды. Яғни, тікелей қатынас болмаса, тілдік қатынас та іске аспайды. Осы орайда мұғалім тек сабақ аясымен ғана шектеліп қалмай сабақтан тыс оқушыға тілді меңгеруге жағдай жасауы тиіс. Тілдік қатынас аясын түрлі байқауларға, олимпиадаларға қатысу арқылы құруға болады. Оқушының жас ерекшелігін ескере отырып, өзімен тетелес, қазақ тілін жетік меңгерген балалармен диалогқа түсу оқушының қызығушылығы мен тілдік қорын арттырады. Оқушының сабақ уақытында қазақ тілінде сөйлегені бір бөлек, ал шынайы өмірде, өзімен тең балалармен қарапайым тілдесімге түскені мүлде басқа.

Өзімнің тәжірибеммен бөлісетін болсам, 2014 жылдан бастап, украин қызы, оқушым Мороз Алинамен осы әдіс арқылы тілді меңгеру жұмыстарымен айналысып келеміз. Жұмыс барысын «Абай оқулары» байқауына дайындықтан бастадық. Алина тек ақынның өлеңдерін жаттап қана қоймай, оның шығармаларының мағыналық аудармасын жасап, түсіну жолында жұмыстар жасады. Байқауға қатысушылармен тілдесу үшін қарапайым тілді қажет ететін диалогтар құруға дағдыланды. Өз алдына тек қазақ тілінде тілдесемін деген мақсат қойды. Аталған байқауға үш жыл қатарынан қатысып келеді. Осы жылдар ішінде жүлделі орындардан көрініп үлгерді. Жыл сайын өлеңдер санын ұлғайтып қана қоймай, тілдік қатынасқа түсу дағдылары да артты. Осы жұмыс барысында байқағаным, өзге ұлт өкілімен қазақ тілінде қарым-қатынасқа түскен оқушылар тарапынан да қызығушылық туындап, олар Алинаға кеңестерін беріп жатты.

Қазақ тілін меңгеру үшін байқауларға қатысудың тиімділігін сезінген оқушым мұнымен шектелмеді. Аудандық, облыстық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасына қатысып, бірінші және екінші орындарды иеленді. Өткен жылдың мамыр айында Шымкент қаласында өткен республикалық эссе байқауына қатысып, бас жүлдеге ие болды. Шымкент қаласына саяхатымыз кезінде қазақ тілінде сөйлейтін орта ерекше сезілді. Тілдік қатынасқа қазақ тілінде түсу қажеттілігі артты. Қажеттіліктің салдарынан оқушы осы уақытқа дейін жинаған бар білімін толығымен қолдануға тырысты. Өздігінен ізденуге себеп болды. Өткен оқу жылында Ақмола облыстық білім басқармасының бастамасымен өткізілген қазақ тілінде өзге ұлт өкілдері арасындағы шығармашылық байқауға қатысып, бірінші орынға ие болды. Мороз Алина бұл байқауға Фариза Оңғарсынованың «Тыңдаңдар, тірі адамдар» шығармасынан үзінді оқыды. Байқауға дайындық барысында оқушым үлкен ізденісте болды. Шығарманы таңдаудан бастап, сахналық образына, әуеніне дейін өзі дайындауға тырысты. Яғни, оқушы байқауға қатысу үшін өз бетімен жұмыс жасап, тілдік қатынас аясын кеңейтті. Бұл тілді меңгеруде таптырмас тәжірибе болып табылады.

Тілді мазмұнсыз, мағынасыз меңгеру мүмкін емес. Сондықтан оқушыға оқу үдерісі кезінде берілген білім қарапайым өмірде қолданысын табуы тиіс. Тіл арқылы қазақ халқының тарихы, әдебиеті, мәдениеті, ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, болмысы танылады. Ал бүгінгі таңда аудан, облыс, республика деңгейінде өткізіліп жатқан байқаулар тіл арқылы осы құндылықтарды меңгертуде, тілдік қатынас аясын құруда тиімді тәсілге айналып келеді.

Қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің, мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр.

Біздің мақсатымыз – өзге ұлт өкілдерін қазақ қылып шығару емес, оларға мемлекеттік тілді түсініп, әдет-ғұрпымызды сыйлап, алған білімдерін іс-жүзінде іске асыра білуге тәрбиелеу. Үйренушіге жалаң сөздер мен сөз тіркестерімен жаттанды сөйлеуге қалыптастырмай, үйренген сөздерін сөйлеуде, әңгімелескенде дұрыс қолдана білуге жаттықтыру.

Бектемирова Зарина Талгатқызы

Зеренді ауданы әкімдігінің «Садовый орта мектебі» КММ

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.