Бүгінгі таңда қоғамда әліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер латын әліпбиінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді басқалары бұл істе асығыстық жасамайық деп айтуда. Мұндай пікірлердің орын алуы өте заңды. Соның арқасында көпшілік осы бір күрделі мәселеге орай өзінің көзқарасын қалыптастырады. Алайда анық болатын бір мәселе бар. Ол – қазақ тілі бүгін бе, ертең бе міндетті түрде латын әліпбиіне көшеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Жолдауында анық айтты. Яғни бір сұрақтың басы айқындалды. Президенттің «Қазақстан — 2050» стратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы Тәуелсіздік күні қарсаңында 14 желтоқсанда болды. Оны бәріміз тыңдадық. Жолдауда Қазақ елінің болашақ даму стратегиясы айқындалды, соның ішінде қазақ тілінің латын әліпбиіне көшетіні туралы қорытынды пікір айтылды. Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиінің 100 жылдығына орай өткен ол конференцияны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті ұйымдастыру, Елбасының өз жолдауында Қазақ елінің саяси — экономикалық, әлеуметтік — мәдени, ғылыми — ағартушылық дамуын, халықаралық кеңістіктегі орнын жан — жақты бағамдап, ішкі және сыртқы жағдайды толық ескеріп, әліпбиді қашан, қандай жолдармен ауыстыру керек, осыларға байланысты дұрыс шешім шығарды. Мен Президенттің сөзіне толық келісемін. Себебі қазір ойланып қарасақ, әліпбиді ауыстыруға ұзақ мерзім, көп қаражат, интеллектуалдық күш қажет. Көрші өзбек ағайындарымыз әліпбиін латынға баяғыда ауыстырып қойған. Алдымен бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындауымыз керек. Бәріміздің электрондық поштамыз бар. Ол поштамыз кирил, араб, немесе басқа емес, латынмен жазылған. Астымыздағы көлігіміздің нөміріндегі әріптер латынмен берілген. Куәлігіміз бен паспортымызда латын әліпбиі тұр. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Яғни латын әліпбиі бізге таңсық емес. Ол біздің қоғамға еніп кеткен. Оны еліміздегі кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз.
Біріншіден — тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.
Екіншіден — қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді.
Үшіншіден — латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады.
Төртіншіден — түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым — қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек.
Айтарлықтай үлкен кедергілер жоқ. Негізінен, осы мәселеге байланысты халықтың көзқарасы, ниеті бір болса, қиындықтарды жеңіл шешуге болады. Жастар жағы, орта буын өкілдері компьютерді толық меңгергендіктен латынды дереу үйреніп алады деп санаймын. Ал аға буынға сәл күрделі болуы мүмкін. Осы жағдайда психологиялық фактор дегенді де ескеруіміз керек. Қазақстан халқы латынды көп қиындықсыз меңгеріп кететіндігіне сенім білдіремін. Латынға көшу секілді маңызы жоғары мемлекеттік мәселеде ғалымдардың, әсіресе осы істе тәжірибесі бар түркі ағайындарының пікірлеріне құлақ артқанымыз орынды. Ол біздің мәдениетімізді көрсетеді. Иә, рас Қазақстандағы қазақтың барлығы қазақ тілінде сөйлейді, жазады, іс — қағаздарын жүргізеді деп айта алмаймыз. Ол біздің шындығымыз, керек десеңіз – тағдырымыз. Оның себебін қазатын болсақ, тереңге кетіп қаламыз. Қазақтың барлығы қазақ тілінде сөйлемеген жағдайда латынға асығыс көшудің қиындықтары болатыны белгілі. Сондықтан Президентіміз «Қазақстан — 2050» стратегиясында Қазақстандағы қазақтар ғана емес, тұтас халықтың 95 пайызы 2025 жылы мемлекеттік тілді игереді деп болжады. Демек, осы мерзімде тұтас халық тілді жаппай игеріп алған кезде, біз де латынға жеңіл көше аламыз. Бұл жағын ескергенде Елбасының үлкен көрегендігін тағы да мойындауымыз керек. Өзбекстан елінде латынды оқыту үшін мектептерде әлі уақытқа дейін екі әліпбиді қолданатын көрінеді. Жастар жағы латынға көшіп алса, орта буыннан жоғары ел азаматтары баяғыдай кирил әліпбиін пайдаланады екен. Біз қазір осы секілді өзекті мәселелерді өз елімізде ескеруіміз керек. Қазақ елі тәуелсіздік алғанына жиырма бір жыл толды. Бүгінгі жастар еліміздің өркендегенін, жылдан — жылға дамып келе жатқандығын көріп отыр. Олар азат рухта тәрбиеленіп, өздерінің бай тариыхына мақтана алатындай сезімде бой түзеуде. Сондықтан, менің пікірімше, отаршылдық санада емес, тәуелсіздік рухтағы қазіргі қазақ жастары ұлтын сүйетін патриоттық сезімде қалыптасып келеді.
Алиев Мейржан Талгатулы,
Информатика пәнінің мұғалімі,
«Шардара» мектеп – лицейі,
ОҚО, Шардара ауданы, Шардара қаласы