Home » Мақалалар » Қазақ тіліне деген шетелдік студенттердің қызығушылығы зор

Қазақ тіліне деген шетелдік студенттердің қызығушылығы зор

    Бүгінде тіл үйрену үшін мүмкіндіктің барлығы жасалған деуге болады. Елімізде қазақ тілін үйренушілер тек қана Қазақстан Республикасының азаматтарына ғана емес, өзге де шетелдік азаматтар үшін де жағдайлар қарастырылғанын айтып өту керек. Өйткені қазіргі таңда елімізде білім алушылар жоғары білім алумен қатар қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықтарын да көптеп танытып келеді.

Шындығында, кез келген тілді үйренудің өз қиындығы мен қызығы жетерлік жайттарға толы. Осындай мақсатты негізге алған оқу орындарының бірі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Бүгінде мұнда әлемнің әр тұсынан келіп білім алып жүрген шетелдік студенттерге қазақ тілін оқып-үйрену басты мақсаттың біріне айналған. Осы ретте университетте шетелдік білім алушыларға тіл үйрену сабақтарын практикалық қазақ тілі кафедрасының оқытушы-профессорлары жүргізетінін атап өткен жөн.

Тіл үйрену мен аталған оқу пәні жайлы және қазақ халқының қонақжайлылығы туралы айтқан шетелдік студенттердің пікірлері де осы айтылғандарды растайды деуге болады. Айталық, Ауғанстаннан келген Мұртаза Сұлтан қазақ тілінің қиындығы мен қызығушылықтарын сөз ете келе, қазақ достарының арқасында қазір тәп-тәуір сөйлей бастағандығын айтады. Ал Иран елінен келген Шейхзайнуддин Мұхаммад қазақ тілінің иран тілдерімен ұқсастығын, олардың лексикалық қорында көптеген кірме сөздердің барлығын тілге тиек ете келе, екі халықтың мәдени жақындығын да атап өтеді. Оған қоса, тілді меңгеру барысында жалпы түркі тілдері жайлы да көптеген мәліметтер алуға болатындығын білдірді.      

Бүгінде елімізде үш тұғырлы тіл бағдарламасы қолға алынған тұста шетелден келген студенттер ағылшын, испан, алман т.б. тілдерін білетіндерін сөз ете келе, оған қосымша орыс және қазақ тілдерін меңгерсе, болашақта өте білікті әрі қажетті маман болатындықтарын ерекше сезінгендей. Бұл жайлы Өзбекстаннан келген Индира Тулаева сөзінен ұққанымыз халықтың қонақжайлығын, тарихын, мәдениетін үйрене келе жалпыхалықтың қандай екендігін тани білуге болатындығын жеткізді. Сондай-ақ ол қазақ және өзбек тілдерінің ұқсастықтарынан да мысалдар келтірді. Екі халықтың арасындағы мәдениеттердің де жақындығы мен ұқсастықтарын аңғарғандығын тіл білудің нәтижесінде үйренгендігін жасырмады.

Әлизада Мұхаммадриза (Иран елінің азаматы) өзінің мектеп қабырғасында жүрген кезде Қазақстан жайлы көп естігенін және осында білім алу үшін барлық жағдайлар жасалғандығын айтты. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім беру ісі де жақсы жолға қойылғандығын және қазақ тілін үйрену үшін де студенттерге барлық жағдай жасалғандығына ризашылығын білдірді. Міне, сондықтан мен де Еуразия ұлттық университетіне оқуға түстім. Университет оқытушыларының, студенттерінің білімдері өте жоғары екендігін сезіндім. Қазақстанға келген кезде маған ең қиыны қазақ тілін үйрену болған. Алайда қазір оқытушылар мен қазақ достарымның арқасында қазақ тілін жақсы меңгеріп келемін. Маған Қазақстан Республикасында  Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқыған ұнайды деп ой түйді.

Медина Есикбаева өзін Қырғызстан азаматшасымын деп санайды. Бірақ менің ұлтым – қазақ. Сонда өстім, оқыдым. Сондықтан мен болашағымды тарихи Отаным – Қазақстанмен байланыстыруды жөн санаймын. Мен оқу орнын іздегенде Қазақстандағы біден-бір үздік оқу орны Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін таңдадым. Өйткені, бұл университет ең үздік  жоғары оқу орындарының бірі, сонымен қатар кітапхана қоры бай, студенттердің жатақханалары жаңа заманға сай жабдықталған, білім алушылардың көптеген жетістіктері бар кемел оқу орны. Мұндай университетке оқуға түсу – мен үшін үлкен мақтаныш. Қазақстанға оқуға келудегі ең бірінші мақсатым – ана тілім — қазақ тілін үйрену. Қазіргі таңда студент достарыммен қазақша еркін тілдесе алуды мақсат етіп, өз ана тілімде ой бөлісе алатындығыма қол жеткізгім келеді дейді ол. Дегенмен, тілдік тұрғыда жетістіктерім де жаман емес. Алдағы уақыттарда өте жақсы көрсеткіштерге жетуге ұмтыламын дейді Медина Есикбаева.

Сөз жоқ, қазақ тілін жетік меңгеру үшін әр студентке сабақтан қалмай, университеттің кітапхана қорындағы қазақша оқулықтарды барынша пайдаланып, қазақ студенттерімен етене жақын араласып, қазақ киноларымен, қазақша әндермен танысып, мәдениет, әдебиет, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерін де меңгерген кезде кез келген шетелдік азаматтар мен азаматшалар жақсы нәтижелерге қол жеткізе алады. Ол үшін тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік те қатар жүруі керек. Сонда ғана әр шетелдік студент қазақ тілін қызыға игере алады. Бұл олардың келешекте жақсы маман иелерінің аталуына септігін тигізеді. Мүмкін міне осы шетелдік студенттер Қазақстанның сыртқы қарым-қатынасының да жақсаруына уақыт жете өз үлестерін қосатын болар деп білеміз.    

 

        Н.Мансұров, Т.Ғабдірахман,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университетінің оқытушылары

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.