Жазғы демалыс әр бір адамның, баланың асыға күтетін уақыты. Бұл кезде оқушылар демалып, денелерін шынықтырып, ойнап, жан дүниесі де тынығып, көңілі көтеріліп, алдағы оқу жылына жаңа серпінмен келеді. Бұндай нәтижеге жету үшін балалардың жазғы демалысы көңілді, ерекше ұйымдастырылуы тиіс. Осы мақсатты алдына қойған Ақмола облысы, Шортанды ауданында орналасқан біздің Шортанды №3 қазақ орта мектебі үлкен еңбек етіп жатырмыз. Демалыс орталығымыздың атауы «Күншуақ», мақсатымыз елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басшылыққа ала отырып, ел дәстүріне, тарихына деген қызығушылығын арттыру, танымын кеңейту, үш тілділікті дамыту. Мектеп басшысы Анесий Азаматтың идеясы негізінде білім ордамызда киіз үй тігіліп, балалар демалысын сонда өткізуде. (Жоспар бойынша мектеп алаңына тігілу керек еді, бірақ биылға жылғы ауа райының қолайсыздығына байланысты ғимарат ішіне тіктік.) Киіз үй өте үлкен, кең, қазақи нақышта жабдықталған. Әсіресе, біз ішінің жабдықталуына аса мән бердік. Онда ұлттық жиһаздар, текемет бұйымдар, теріден жасалған киімдер, батырлар сауыттары, ағаштан жасалған ыдыс-аяқ, күбі барлығы да бар. Бұлардың бәрін оқушылар көзбен көріп, қолдарымен ұстап, тарихын естіп, ата-баба өмірінен көптеген ақпарат алып, таң-тамаша болуда. Бүлдіршіндердің демалыс орталығынан алып жатқан әсерлерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Олар киіз үйге келген сайын алғаш келгендей, әсем бұйымдарға көздері тоймай, өз әсерлерін бір-бірімен бөлісіп, мәре-сәре болады. Демалыс орталығының жоспарын да рухани жаңғыру мен үш тілділікті негізге ала отырып құрдық. Әр апта сайын ұлттық мазмұндағы іс-шаралар өткізілуде. Атап айтсақ, «Рухани дамыған қазақ елі», «Киіз үй құрылымы және жабдықталуы», «Халық әні», «Біздің дәстүрлер», «Оюлар сыры». Балалар осы демалыс орталықтың тәрбиешілері Калемшарив Харахат, Муратай Юра, Молданхан Құндыз мұғалімдер ұйымдастырған іс-шараларға ерекше ынтамен қатысады, қазақи үлгідегі киімдерімізді киіп келеді, өнерлерін ортаға салып, ақпарат алады. Оқушыларымыз күн сайын Минат Сұңқар мұғалімнің «Мен ағылшынша сөйлеймін» атты үйірмесіне барады. Өздерінің мектептегі алған білімін толықтырып, өзара ағылшын тілінде сөйлеседі. Сонымен қатар Зайтхан Қажығали мұғалім жетекшілік ететін спорт секциясына қатысады. Онда дене шынықтырумен қатар «Арқан тартыс», «Асық» сынды ұлттық ойындар ойнайды.
Біздің Шортанды №3 қазақ орта мектебі халықаралық тәжірибе алмасу мақсатында Польша мемлекетінің «Radosina Nowina 2000» жалпы білім беру лицейімен серіктес мектеп болып жұмыс жасауда. Бұл демалыс орталығымыздың ерекше ұйымдастырылуына тағы бір септігін тигізді. Шілде айында осы серіктес мектептен волонтерлер келіп, демалыс орталығындағы оқушылардың сурет салу қырларын дамытып, ағылшын тілінен сабақтар өткізеді, мұғалімдермен өз тәжірибелерімен бөліседі. Бұл ұстаз бен оқушы үшін де, ата-аналар үшін де үлкен жаңалық, өте жақсы мүмкіндік болып отыр. Қорытындылай келе, ұстаз ретінде, ата-ана ретінде, демалыс орталығын осылайша ұйымдастырылуына өте қатты қуаныштымын. Оқушылардың көздеріндегі нұр, көнеге деген қызығушылық және біздің сол қызығушылыққа жауап бере алғанымыз, мен үшін үлкен мәртебе. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы ата-баба дәстүрін жаңғыртып, оны осы заманмен байланыстыру мақсатын орындауына біздің мектеп ұжымы жан-жақты түрде өз үлесін қосуда. Соның бірі – осы «Ақ отауда» өтіп жатқан оқушылар демалысы. Мен үшін бұл- ұлттық құндылықтарды жоғалтпау үшін ұрпақтың санасында жаққан шам- шырағымыз. Бүлдіршіндеріміз шам сәулесін өшірмей келер ұрпаққа жеткізетініне сенімім мол.
Калемшарив Харахат
Ақмола облысы
Шортанды ауданы
Шортанды №3 қазақ орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі