Home » Мақалалар » ҚАЗАҚ ЖӘНЕ АҒЫЛШЫН ТІЛДЕРІНДЕГІ ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ ТЕҢЕУЛЕРДІҢ ТОПТАЛУЫ

ҚАЗАҚ ЖӘНЕ АҒЫЛШЫН ТІЛДЕРІНДЕГІ ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ ТЕҢЕУЛЕРДІҢ ТОПТАЛУЫ

Әр ұлттың ұлттық болмысын, дүниетанымын, ұғым-түсінігін, әдет-ғұрпы мен салт-санасын айқындайтын тілдік бірліктердің бірі – фразеологиялық теңеулер болып табылады. Өйткені сол фразеологизмдерде халықтың өмірден алған білімі, тәжірибесі, дүниетанымы, ой-тұжырымдары жинақталған.

Біздің зерттеу нысанымыз болып отырған қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің басым көпшілігі «Адам» атты мағыналық макротопқа жатады, олардың мағынасы адам мен оны қоршаған әлемнің өзара әрекетін бейнелейді. Фразеологиялық теңеулердің негізінде адам өмірі мен қызметінің тұстарын бейнелейтініне байланысты екі тілде олардың төмендегідей мағыналық-тақырыптық топтары анықталды:

1. Адам мінезі мен ақыл-ой қабілетін сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: Қарабайдай қатыгез, дала бүркітіндей қырағы; Ағыл.: a memory like an elephant (сөзбе-сөз: есі пілдей), яғни еске сақтау қабілеті жоғары, тамаша, as blunt as a hammer  (сөзбе-сөз: балғадай ақымақ) яғни топас, т.б. 2. Адамның жағдай-күйіне байланысты ФТ-лер: Қаз.: сең соққан балықтай, жарасын жалаған иттей, жаралы арыстандай аласұрды; Ағыл.: as miserable as a bandicoot – (қалталы қөртышқандай) – бақытсыз, аянышты, as still as a mouse – тышқандай жасырынып тұру т.б. 3. Адамның сыртқы келбетін сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: қырмызыдай ажарлы, ақ маралдай әдемі; Ағыл.: as fair as a lily – лилия гүліндей сұлу, pale as death — өліктей бозарған т.б.  4. Адамның өмірі мен қызметін сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: түлкі қуған тазыдай соңына түсу, ит пен мысықтай өмір сүру; Ағыл.: as thick as thieves (бір-біріне ұрылардай жақын болу) – жан дос, айырылмас дос, to live like cat and dog – мысық пен иттей өмір сүру. 5. Адамның эмоциялық жағдайын сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: найза үстінде отырғандай, тышқан алған мысықтай;Ағыл.: to shake /quake/ tremble like an aspen leaf – көк теректің жапырағындай қалтырау, to sit on a powder keg – оқ-дәріге толы бөшкенің (күбінің) үстінде отырғандай. 6. Адамның басқа бір адамға немесе затқа қатынасын сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: жыландай жек көру, құлындай шыңғырту, қойдай бауыздау; Ағыл.: hate smb like poison – біреуді удай жек көру, flieng smb aside like an old boot – біреуді қажеті жоқ ескі аяқ киімдей лақтырып тастау, яғни пайдаланып алғаннан кейін өзінен алыстату, қуу. 7. Құбылыстар мен заттардың сапасын сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: көздің жасындай таза (мөлдір), жаман түйенің жабуындай (келіссіз). Ағыл.: fresh as a daisy – маргаритка гүліндей жас, жаңа, cold as a frog – құрбақадай суық. 8. Түсті сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: ақ бөкеннің таңындай, орман түлкісіндей қызыл, сүттей ақ; Ағыл.: as white as driven snow/as milk – қардай/сүттей ақ, as red as a turkey-cock – күрке тауықтың айдарындай қызыл. 9. Адамның тамақтану процесін сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: бурадай қарш-қарш шайнау, егінге түскен сиырдай жайпау; Ағыл.: eat like a pig – шошқадай ішіп-жеу, drink like a fish – балықша ішу. 10. Заттар мен құбылыстардың көлемін сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: қойдың құмалағындай, ешкінің асығындай, иненің жасуындай; Ағыл.: as light as a drum – барабандай жеңіл, thin as a lath/rake – ескектей жіңішке. 11. Арақашықтықты сипаттайтын ФТ-лер: Қаз.: есік пен төрдей, ат шаптырымдай жер, қозы/қой өрісіндей жер. Ағылшын тілінің фразеологиялық теңеулерінің біз жинаған материал ішінде бұл топқа жататындары кездеспеді. 12. Уақытты сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: бие сауымдай уақыт, сүт қайнатымдай уақыт, қас қаққандай. Аталмыш топқа да ағылшын тілінің фразеологиялық теңеулері біз қарастырған материал арасынан кездеспеді [1, 15-33].

Теңеу бейнесі қызметін орындаушы семалар негізінде қазақ және ағылшын тілдерінде фразеологиялық теңелеурдің мынадай топтары анықталды [2]:

1. Күнделікті тұтыну заттар атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: сабынша бұзылу, тозған бөздей ыдырау; Ағыл.: to fit like a glove — қолғаптай дәл), as fat as butter — сары майдай толық. 2. Үй жануарлары атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: тағасыз аттай тайғанау, егінге түскен сиырдай жайпау; Ағыл.: stubborn as a mule – есектей қиқар, squeal like a stuck pig – шала бауыздалған шошқадай шыңғыру. 3. Табиғат және қоршаған орта құбылыстарының атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: бұлттай сұрлану, жауар күндей түнеру, желдей есу; Ағыл.: look like thunder – күннің күркіреуіндей көріну, яғни ашулы, ызалы, like greased lightning –

найзағайдай шапшаң, жылдам. 4. Аң атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: қойға тиген қасқырдай, ақ маралдай керілу, жолбарыстай білекті; Ағыл.: as agile as a monkey —  маймылдай икемді, as cross as a bear – аюдай ашулы, as cunning as a fox – түлкідей айлалы. 5. Құс атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: торға түскен қырандай, бұлбұлдай сайрау, жүнін жұлған тырнадай; Ағыл.: as drunk as (a boiled) an owl – жапалақтай мас, as gay as a lark – бозторғайдай көңілді, as a mild as a dove – көгершіндей жұмсақ. 6. Жәндік атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: қара құрттай қаптау, шыбындай қырылу, аш кенедей жабысу;  Ағыл.: as merry as a grig – көк шегірткедей көңілді, ants in one’s pants – шалбар киген құмырсқадай, яғни ыңғайсыз, мазасыз сезіну. 7. Өсімдік атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: тікендей қадалау, қызыл гүлдей құлпыру, жел соққан қамыстай жапырылу; Ағыл.: grow up like mushrooms – саңырауқұлақтай өсу, көбею, shake as a leaf – жапырақтай дірілдеу, stick to smb like a bur – біреуге ошағандай жабысу. 8. Діни атауларға байланысты жасалған ФТ-лер: Қаз.: жын ұрғандай жұлқыну, көктен түскен періштедей, иманындай сақтады. Ағыл.: a certain as preachig – діни уағыздай шын, айқын, as safe as a church – шіркеудей сенімді, берік, as ugly as sin – күнәдай үрейлі, қорқынышты. 9. Азық-түлік атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: айрандай ұйып отыру, бал қаймақтай, балға ашытқан қымыздай. Ағыл.: as brown as a berry – жидектей қоңыр, яғни күнге күйген, as full as an egg is of meat – етке толы жұмыртқадай толық, толы, толтырылған. 10. Ауру атауларына байланысты жасалған ФТ-лер: Қаз.: сүзектен тұрғандай. Ағыл.: avoid like the leper – алапес ауруынан қашқандай, to avoid someone or smth like the plague – чума ауруынан қашқандай. 11. Балық атауларына байланысты жасалған ФТ-лер: Қаз.: ақ сазандай бұлқынды, тұмсығы тасқа тиген бекіредей, шабақтай шүпірлету; Ағыл.: as flat as a flounder – камбала балықтай теп-тегіс, жазық, close/dumb as an oyster – устрицадай үндемеу, мылқау, аузын ашпау, swim like a fish – балықтай жүзу. 12. Тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға байланысты жасалған ФТ-лер: Қаз.: Абылай аспас асудай, Атымтайдай жомарт, Наушаруандай әділ; Ағыл.: as game as Ned Kelly – Нед Келлидей күшті. Нед Келли атақты қарақшы, as old as Methuselah – Мафусаилдай (библия кейіпкері) кәрі, ескі, as pleased as Punch – Панчодай (көше кезіп жүретін қуыршақ театрының кейіпкері) разы, риза [3, 165-190].

Қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің жалпы мағынасы мен фразеологиялық мағынаны жасаудағы теңеу бейнесінде қолданылатын ұйытқы сөздерді зерделей келе төмендегідей тұжырым жасауға болады:

1. Мағыналық жіктелу тұрғысынан қазақ тілінде ФТ-дің 12 негізгі мағыналық тобы, ал ағылшын тілінде 10 мағыналық тобы анықталды. Ағылшын тілінде арақашықтық пен уақытты сипаттайтын ФТ-лер біз жинаған материалда кездеспеді.

2. Теңеу бейнесі қызметін атқаратын ұйытқы сөздер екі тілде де 12 тақырыптық топтың атауларынан жасалады. Дегенмен, бір тақырыптық топқа жататын ФТ-лер саны екі тілде бірдей емес. Мысалы, ағылшын тілінде өсімдік атаулары, діни атаулар, құс және жәндік атаулары көбірек кездессе, қазақ тілінде үй жануарлары, күнделікті тұтыну заттар атаулары саны жағынан ФТ-лер жасауда басымырақ қолданылады. Екі тілде де фразеологиялық теңеулер негізінде адамның өмірі мен қызметін, сипаты мен әртүрлі қасиеттерін, мінез-құлқын т.б. қасиеттерін бейнелі сипаттау үшін қолданылатыны байқалады.

3. Тілде көрініс табатын ұлттық ерекшеліктер фразеологизмнің құрамындағы ұлттық мәдени компонентімен байланысты. Мәселен, үй жануарларының тақырып тобын қарасақ, қазақ тілінің фразеологиялық теңеулерінде көбіне жылқы, қой, түйе компоненттері, ал ағылшын тілінде шошқа, тауық, қаз компоненттері жиі қолданылады, яғни кей атаулардың фразажасамдық белсенділігі қазақ тілінде жоғары, ағылшын тілінде төмен болса, ал кейбір атаулардың осы қасиеті керісінше ағылшын тілінде жоғары, қазақ тілінде төмен болып келеді.

 

Әдебиеттер:

 

1. Ағабекова Б.Н. Aғылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің ұлттық мәдени сипаты. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясының авторефераты. А., 147 б.

2. Қоңыров Т. Қазақ теңеулері. – Алматы: Мектеп, 1978. – 192 б.

3. Кунин А.В. Англо-русский фразеологический словарь.-М.: Рус.яз., 1984.-944 с.

 

Тұрдалиева Ә.Қ.

№46 мектеп-лицейі,

Шымкент қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.