Білімнің шамшырағын жағып, нәрімен сусындатқан мектепті халық қашанда қадір тұтады. Тәуелсіз еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, білімді, өнерлі азамат етіп тәрбиелеуде мектептің алатын орны ерекше. Солардың бірі – ШҚО, Катонқарағай ауданы, Еңбек ауылындағы білікті ұстаз, іскер басшы Күршембаева Ғалия Сейітқұмарқызы басшылық ететін Садық Түкібаев атындағы Еңбек орта мектебі.
Иә, ауыл – қазақ халқының ұлттық негізінің мәйегі, тіл, салт-дәстүр, мемлекет іргесінің қалыптасуы мен дамуының алтын бесігі болса, мектеп ауыл жүрегінде үміт отын жағып, болашаққа деген сенімін ұялатқан білім мен мәдениеттің орталығы, ел бірлігінің алтын қазығы болып табылады. Қаймағы бұзылмаған ұлттық тәлім мен тәрбиенің қара шаңырағына айналған атаулы Еңбек орта мектебінің педагогикалық ұжымы оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде тынбай еңбек етіп келеді. Осы ретте ауыл мектебі жайында мектеп директоры Ғалия Сейітқұмарқызымен сұқбаттасқан едік.
- Ғалия Сейітқұмарқызы ең алдымен ауылдағы мәдениет ошағы саналатын мектептің тарихынан бастасаңыз?
- Мектеп тарихы ауыл тарихымен тығыз байланысты. Бастауыш мектептің негізі қаланған білім ордасына келер жылы 95 жыл толады. Қалыптасу тарихы әріден басталады. Қазіргі Еңбек ауылы алғашқы атауы Таңба деп аталатын. 1922 жылы тұңғыш Таңба ауылында бастауыш мектеп ашылды. Мектеп тарихында бұл ерекше кезең. Мектеп ашу жұмысын ұйымдастырып, оның алғашқы ұстазы атанған тұлға Садық Түкібайұлы болатын. Садық Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесін бітірген. Мектеп қос бөлмелі қарағайдан қиылған ауыл тұрғыны Қойшыбаев Қанапияның үйінде ашылды. 1922 жылдан 1928 жылға дейін оқушылар осы шағын үйде білім алды. 1928 жылы ауылда қызыл қарағайдан бастауыш сыныптарға лайықталып мектеп үйі салынды. Аталмыш мектеп ғимараты бүгінгі күні оқу-тәрбие ісіне қызмет етеді.
Таңба бастауыш мектебінің алғашқы бастауыш мектеп түлектері қатарынан Мұхтар Сахарияұлы, Нұрлан Жарылғасынұлы, Күлзада Айтбайқызы, Берікбол Қашқынбайұлы, Омар Тілеуұлы, Мырзабаек Оспанбайұлы, Солтанбек Бистаұлы тәрізді аудан-облыс көлеміне атағы белгілі азаматтар шықты. Осылай алғашқы шәкірттері ұстазы Садық Түкібайұлының жолын қуды. Таңба бастауыш мектебі 1936 жылы 7 жылдық орталау мектеп болып құрылды. 1922 жылға дейін Садық атадан басқа мұғалімдердің барлығы Семей жақтан келген мамандар болған. 1937-1938 жылдары Жұмаділ Серікбай, Сымықов Байқан, Үлкенбеков, Аханов тәрізді Семейден келген мұғалімдер қуғын – сүргіннің құрбаны болып кетті. 1936 жылдан бастап Шыңғыстай мектебі арқылы ауданның өз кадрлары шыға бастады. Сол кезде мектепте Қашқынбаев Серікбол, Әбілев Бекбау, Жәкежанов Сағымбай, Сіләмбаев Сағди, Мұханбеков Самарқан, Қанапина Күлзиға, Сахариев Әбдіразақ сияқты азаматтар ұстаздық қызмет атқарды.
Соғыстан кейін мектепті Садықов Мұсатай, Жолаушинов Тақан, Мыңбаев Бияхмет, Құмашев Қалиясқар, Нұрғазин Мәулетхан, Бүлтинов Әутәліп, Ысқақов Оқа, Балабаев Құрман, Сахариева Қатира секілді азаматтар басқарып, мектеп директоры қызметтерін атқарды. Оның ішінде Құмашев Қалиясқар 5 жыл, Балабаев Құрман 10 жыл директор болды. Мектепті ең ұзақ басқарған Төлеген Рахымжанұлы 1962-1971 жылдары оқу ісінің меңгерушісі, 1971-1978 және 1985-2000 жылдары мектеп директоры болды.
Төлеген Рахымжанұлының белсенді жұмысының арқасында орталау мектеп, 1994 жылы орта мектеп болып құрылды. Атаулы орталау мектебі қабырғасы 1970 жылы кірпіштен тұрғызылған болатын. Бұл орталау мектеп ауылға үлкен жетістік болды. Мектеп ұжымы бүгінгі уақыт сынында да табандылықпен төтеп беріп, білім беру ісіне лайықты үлесін қосуда. 1994-1995 оқу жылында орта мектеп өзінің тұңғыш түлектерін ұшырды. Мектеп ашылғаннан бері ұшқан түлектер саны 2300-ден астам. Олар әр түрлі салада қызмет атқаруда. 2000 жылы 5 сәуірде ҚР үкіметінің №523 қаулысымен мектепке осы мектептің алғашқы ұйымдастырушысы, осы ауылдың тумасы В.И Ленин орденді ұлағатты ұстаз Садық Түкібаев есімі берілді. Мектепте осыған байланысты ескерткіш тақта орнатылып, ауылда дүбірлі той өтті.
- Ауыл мақтанышына айналған ауыл мектебінен түлеп ұшқан түлектер жайлы не дейсіз?
- Дұрыс айтасыз ауылдың мақтанышына айналған мектеп түлектері де баршылық. Мектептің аты әр уақытта шәкіртімен шығады дегендей, ұстаздық жолды қуған ұстаздар әулеті де бар. Катонқарағай ауданы бойынша Жазушылар Одағының алғашқы мүшесі осы ауылымыздың мектебімізден түлеп ұшқан көрнекті ғалым, атақты аудармашы, «Қазақ Совет әдебиеті», оқулығының, «Күрескер тұлғасы» кітабының авторы, 1962-1979 жылдары М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, сыншы, Баламер Сахариев еді. Осы Сахариевтер әулетінен шыққан ақын, жазушы, журналист, «Түркістан», «Ана тілі» газетінде қызмет еткен, «Қазақстан Заман» газетінде бөлім меңгерушісі, «Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары» кітаптарының авторы — Сахариев Ермек, ШҚМУ доценті, аға оқытушы, оқытушыларға арналған бірнеше әдістемелік оқулықтың авторы — Сахариева Құралай, талантты журналист — Сахариева Арай, ветеринария ғылымының кандитаты, Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің оқытушысы, биология ғылымдарының кандидаты – Сахариянов Ақылбай, Одан кейінгі ауданға белгілі әулет: Бияровтар. техника ғылымдарының докторы, кибернетика кафедрасының профессоры, Қазақ Ұлттық Инженерлік академиясының академигі, Қазақстан Британ техникалық университетінің ақпараттық технологиялар факультетінің деканы, Қазақстандағы кибернетика мектебінің негізін қалаушы ғалым, «Өлеңге әркімнің – ақ бар таласы» жыр жинағының авторы, академик — Бияров Төлеухан, ҚР сауда — өнеркәсіп палатасының вице-президенті, Алматы қаласы сауда-өнеркәсіп палатасы президиумының төрағасы, Алматы қаласы кәсіпкерлік бойынша сарапшылар кеңесінің мүшесі, мемлекеттік дәрежедегі үлкен корпорацияның менеджменті — Бияров Мұхтархан, Гумилев атындағы Евразия университетінің механика-математика факультетінің аға оқытушы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, мемлекеттік аттестаттау комиссиясының тәуелсіз эксперт мүшесі — Бияров Базархан, ШҚМУ филология және журналистика факультетінің аға оқытушысы, филология ғылымының кандидаты, доценті — Бияров Бердібек, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы, ақын ұстаз болған Төлеген Рахымжанұлы, мұғалім әрі журналист болған Қабимолдин Мұратбек, Құрмет орденінің иегері, облыстық мәслихат депутаты, «Өскемен-құрылыс» компаниясы серіктестігінің «Көкжал» шаруа қожалығы төрағасы — Сқақов Ержан Оқаұлы. Сонымен қатар журналист, ақын, аудармашы, баспагер, Катонқарағай ауданының құрметті азаматы, баспа және полиграфия ісінің қайраткері, мәдениет атақтарының иегері, «Нұр Астана» баспасының директоры, «Таудағы таңба» кітаптарының авторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Қайырды Назырбаев, ақын, бірнеше кітаптардың авторы, Өскемендегі №20 мектептің жоғарғы санатты мұғалімі Раисова Бақытжан сынды т.б. түлектерді атап өтуге болады,-деді.
Мектеп даңқын іскер басшы шығарады
Қай білім беру ордасы болмасын, білім беру үрдісіндегі сан тарау сара жолда мектептің атақ-даңқын шығаратын директор екені анық. Олай болса мектептің директоры, химия-биология пәнінің жоғары санатты мұғалімі, бір ұл тәрбиелеп, немере сүйіп отырған үлгілі ана – Күрчембаева Ғалия Сейтқұмарқызының еңбек жолына да тоқтала кетсек.
Ол мектепке 1987 жылы келген жас маман болатын. 1988 жылдан бастап 2000 жылдың 15 ақпанына дейін оқу ісінің меңгерушісі қызметін шеберлікпен атқарды. 2000 жылдан бері мектеп директоры қызметін атқарып келеді. Содан бері он алты жыл болса да, бұл қызметтің бар жауапкершілігін абыроймен атқарып келеді. Ұлттық мүдде, ауыл мектебі дегенде осындай салиқалы ойлармен болатын іскер басшының елеулі еңбек жолына тоқталсақ, еңбегі адал, әр жылы жемісті екен. Оны басшы өз ұжымының ұлағатты істерімен байланыстырады. Ғалия Сейтқұмарқызы 1965 жылы 6 маусымда Катонқарағай ауданы Фадиха ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Өскемен педагогикалық институтына түсіп, 1987 жылы аталған институттың жаратылыстану факультетін химия-биология мамандығы бойынша бітірген. 2012 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілікті арттыру институтында «12 жылдық білім беруге көшу жағдайында биологияны оқытудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру» және 2013 жылы «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Шығыс Қазақстан облысы бойынша қызметкерлердің біліктілік арттыру институтында «Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жаратылыстану пәндерінде пайдалану», 2014 жылы «Биоақпараттану және Синергетика» тақырыптары бойынша курстрынан өткен. Мектепте шығармашылық топтың жетекшісі. Мамандығы бойынша оқытудың теориясы мен әдістемесін өте жақсы меңгерген, өзіндік талдауды жетік жүргізеді. Әр сабағын жоғарғы әдістемелік деңгейде ұйымдастырып, түрлі озық педагогикалық технологияларды тиімді пайдаланады. В.К.Дьяченконың жұптап оқыту, проблемалық оқыту, Ж.Қараевтың деңгейлеп саралап оқыту, В.Ф. Шаталовтың «Тірек-сызба» нұсқасын, топқа бөлу, іздестіру, зерттеу әдістерін қолданады. Оқушылардың танымдық, шығармашылықпен жұмыс істеу, ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамытуды басты назарға алады. «Экологиялық білім беру, тәрбиелеу және ағарту жүйесіндегі аймақтық компонент – 2013» облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, «Химия-биология пәндерінде білім беру мен тәрбиелеу іс-әрекетіндегі аймақтық компонент» тақырыбында ғылыми жоба қорғап, «Ең үздік жоба» номинациясы бойынша мақтау қағазымен марапатталған. Шәкірті Жоламанқызы Әсем 2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған «Мәңгілік ел – болашағымыздың бағдары» мектеп оқушыларының мерейтойлық аймақтық экологиялық-биологиялық конференциясына қатысып 1 орын иеленді.
Ғалия Сейітқұмарқызының көптеген шәкірттері жоғарғы оқу орындарында грант иегерлері және түрлі салада қызмет атқаруда. Мектептің шаруашылығымен қатар, оқу тәрбие жұмысында мектептің кабинеттермен жабдықталуы, шағын орталықтың толық күнді жұмысқа көшуі, шеберханасының толық жөндеуден өтуі, жыл сайын ҰБТ-де жақсы көрсеткіштерге жетуі, оқушылардың аудандық, облыстық олимпиадалардан орын алуы, мұғалімдердің сайыстардан орын алуы да басшылық қызметінің нәтижесі. Ұжымда беделді, ата-аналар мен оқушылар арасында сыйлы, іскер басшы.
- Құрметті Ғалия Сейітқұмарқызы өзіңіз басқарып отырған мектеп тынысына тоқтала кетсеңіз?
Мектепте 76 оқушы білім алуда, оларға 20 ұстаз саналы білім беруде. Мұғалімдер арасында шәкірт жүрегіне білім нұрын құя білетін, ұлағатты тәрбие бере алатын жоғары, бірінші санаттағы ұстаздар бар. Атап айтқанда Тарих пәнінің мұғалімі А.М. Қайсанова, қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі А.Е.Райсова, математика пәні мұғалімі Р.Н.Бияров, тарих пәні мұғалімі Е.А.Асылбаев, денешынықтыру пәні мұғалімі Ғ.Ж.Тарин, физика пәні мұғалімі Р.С. Болғобаева, бастауыш сынып мұғалімі Ә.Б. Сахариева, т.б. Мектеп пән мұғалімдерімен жеткілікті қамтамасыз етілген. Олардың 80% пайызы жоғары білімді. Оқу үлгерімі – 100 пайыз, білім сапасы – 49 пайыз төңірегінде. Мектепте арнайы жабдықталған информатика, шеберхана, бастауыш сынып, мультимедия, биология кабинеттері жұмыс жасайды.
Ауыл жағдайында білім беру ісінде елеулі орын алатын ұстаздардың білімділігі мен біліктілігін шыңдауға жаңаша бет бұрдық. Шынында да ұстаздардың жалпы білімін көтеру маңызды екені сөзсіз. Қазіргі таңда еліміздің келешегін, өз елін сүйетін, әдет-ғұрпын, салт-санасын қастерлейтін ұрпақты тәрбиелеу – ұстаздардың басты міндеті. Сондықтан ауылдағы мектебіміздің білім берудегі нәтижеге жетудегі, мектеп басқару, сапалы білім беру үшін әрбір атқарылар істің жан-жақты ойластырылған, нақтыланған, үйлестірілген жұмыс жоспарымызбен тығыз байланысты. Педагогикалық ұжым мектептің оқу-тәрбие үрдісіне жаңаша мазмұн беру арқылы жан-жақты дамыған, жеке тұлғаны тәрбиелеу бойынша тәрбие мен білімді ұштастырып, шығармашылықпен жұмыс істейді.
Мектепте барлық мұғалім өз мамандықтары бойынша сабақ береді және мұғалімдер білім көтеру курсына барған, педагогикалық ұжым газет-журналдарға жазылып, әдістемелік журналдарда басылып шыққан жаңалықтарды оқып, жаңа әдістемелерді сабақта қолдануға тырысады.
Мектептегі пән бірлестіктерін тәжірибелі ұстаздар басқарады. Білім берудің қай түрі болса да негізінен сабақ арқылы жүзеге асады. Жас мамандармен арнайы тәлімгерлер жұмыс атқарады. Сондықтан ұстаздардың сабақты дұрыс ұйымдастырып, жүйелі жүргізу жағына өз басым мән беремін. Педагогикалық еңбек үнемі шығармашылық ізденісті, психологиялық-педагогикалық, дидактикалық-әдістемелік жағынан өз деңгейін жетілдіруді талап етеді. Сондықтан да тәжірбиесі аз мұғалімдерге дер кезінде көмек беріп, таланттарын ұштау, әдістемелік шеберліктерін жетілдіру, сабақ барысында әдіс-тәсілдерді насихаттау, олардың ізденуіне мүмкіндік туғызу – мектептің көздеген басты мақсаты. Мектеп оқушылары жыл сайын аудандық, облыстық мәдени-бұқаралық іс-шараларға белсенді түрде қатысады. Бүгінде мектеп түлектері жоғары оқу орындарына түсіп, алдыңғы қатары бір-бір маман иесі де атанған. Педагогикалық ұжым ауылдың рухани және мәдени өмірінің ұйытқысы ретінде жергілікті халықпен тығыз байланыста қызмет атқарады,-дейді мектеп басшысы.
Шығыстағы көрікті Өр Алтайдың баурайында орналасқан Еңбек орта мектебінің директоры Ғалия Сейітқұмарқызының бойынан бүгінгі таңда ұлтымызға аса қажет болып отырған ұлтжанды, іскерлік қасиеттерді аңғарып, көңіліміз көтеріліп қалды. Жақсы адаммен сыр-сұхбат құру да бір ғанибет қой. Істің жөнін білетіні, білімдарлығы мен ой-өрісінің кеңдігі, өз жұмыс саласында айтарлықтай тәжірибесі бар қарапайым ұстаздан директорлыққа дейін көтеріліп, осы қызметте абырой-беделімен танылған Күршімбаева Ғалия Сейітқұмарқызы сынды абзал мектеп басшысының жетекшілігімен жас ұрпақты нағыз елін сүйер ұлан болуға баулып жатқан бұл ауыл мектебінің алда да айы оңынан туа береріне сеніміміз мол. Қай ауылға бара қалсаң да менмұндалап тұратын қасиетті шаңырақ ол – ауыл мектебі саналады. Осындай берекесі ұйыған салиқалы ауыл мектебі туралы, көңіліміз тоғайғанын да айта кетуіміз керек.
Сөз соңында алдағы уақытта да талай игі істердің куәсі болып, қарапайым ауылда тәрбиелі де білімді ұрпақ тәрбиелейтіндеріңізге сеніміміз мол. Бұл істе ауыл мектебі ұжымындағы мұғалімдердің білімі мен күш-қайраты жететіні сөзсіз. Аудан орталығынан шалғай орналасқан Еңбек орта мектебінің бүгінгі тыныс тіршілігі, міне, осындай. Ауыл мектебінің ұстаздар қауымына білімнің жағып шырағын, шәкірттеріңізбен биіктен көріне беріңіздер демекпіз!
Дидар ОРАЛБЕКҰЛЫ.