Ұйымдастыру кезеңі:
Оқушылар өздерін «қазақ» және «тіл» сөзін тиек ете отырып бір-бір сөз тіркесі арқылы таныстырады. Мысалы: «Мен қазақпын», «Мен тілшімін» т.б. дөңгелек үстелге жайғасады.
Мақсаты: Оқушылардың өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту. Ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету, қазақ тілінің мәртебесін көтеру. Қазақстан мемлекетінде тұратын барлық халықтардың тілдерін құрметтеу.
Әдіс-тәсілдер: Сұхбаттасу, Сұрақ – жауап, талқылау, ой — толғау т. б.
Көрнекілігі: қабырға газеттері, қанатты сөздер, ұлы тұлғалар портреті, кітаптар мен рефераттар, интерактивті тақта..
Өтілу барысы:
— Құрметті оқушылар, бүгін тіл мерекесіне орай басымызды біріктіріп отырған дөңгелек үстелге қош келдіңіздер! Көгінде көк туы желбіреген, асқақ беделі аспандаған алтын бесіктерің – Қазақстанда ғұмыр кешіп, өмір есігін ашқаннан бастап ана сүтімен нәрі сімірілген ана тілі – қазақ тілінің мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, «Тілі бірдің тілегі бір» демекші, әрқайсымыз жүректен тербеп шыққан шымыр сөздеріміз бен ұшқыр ой, ұтымды пікірлерімізді ортаға салып, бойларыңдағы қазақ деген қандарыңды қайнатып, ана тілдеріңді сайратады деген жүрек жарды лебізім мен үмітімді білдіремін.
Ендеше бүгінгі мерекелік талқы сабағымызды ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!
Дөңгелек үстел басында мынадай түйткіл мәселелер қарастырылмақ:
Тіл мәселесі – ұлт мәселесі. Осы тақырыпта оқушылар шығарма жазады.
Менің ана тілім – шексіз бай, шұрайлы, тегеуріні мықты тіл. Өйткені өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіме басты себепкер – сол ана тілім! Мынау жарық дүниеге келгеннен бастап, ананың әлдиімен бойыма сіңіріп келе жатқан тілім мен үшін ең қастерлі, ең қымбат тіл…
Білгенге маржан, білмеске арзан. Осы тақырыпта оқушылар қазақ тілі туралы тың дерекер келтіре отырып ой бөліседі.
Әлемдегі барлық тілдің жалпы санын анықтау мүмкін емес, сол себепті тілдердің жалпы саны жөнінде мәліметтер әртүрлі болып кездеседі. Бір деректерде тілдердің саны 10 000-ға жақындығы туралы айтса, бірі – 7000, ал тағы біреулер – 6500 тіл бар деп айтады. Ал әлемде сөйлеушілер саны 100 000-нан асатын небәрі 100-ге тарта тіл ғана бар екен. Ал сөйлеушілер саны 10 000 000-нан асатын тілдердің саны 40. Қуанышқа орай, дәл осы 40 тілдің құрамына қазақ тілі де енеді екен, ал бұның алдында қазақ тілі 71 ірі тілдің қатарына енген болатын…
1989ж. Алғаш рет Тіл туралы заң қабылданғаннан кейін халқымыздың арасында және өзге ұлт өкілдері арасында ана тілімізге деген құрмет артты. Иә, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Оны мойындап, мәртебесін көтеру – бізге міндет, ұрпаққа парыз!
Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы. Тіл туралы өлеңді мәнерлеп оқу және жаттау. Сыныбымыздағы Әбдіманап Тілектес, Мукашев Санжар, Серікбаев Нұрзат, Қонысбай Нұрболат бастаған ұл оқушылар қазақ тілі туралы ақындардың өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқиды…
Тіл- ұлттың жан дүниесі. Тіл туралы нақыл сөздер айту.
«Тіл адамды көкке көтереді, тіл арқылы ел бақытқа жетеді» деген Ж. Баласағұни.
Туған тіліне жаны ашымаған — жәндік (К. Паустовский)
Егер ертең туған тілім жоғалар болса, мен бүгін өлуге даярмын (Р. Гамзатов).
Үш тұғырлы тіл. Оқушылар пікірталас тудырады.
Қазір Елбасымыз үш тілді білуді міндеттеп отыр. Болашақта бұл үлкен мәселе болмақ. Менің ойымша, егер адам өзге тілді білетін болса, ол рухани бай адам деп ойлаймын. Өйткені сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді, басқа тілді үйрену арқылы танымы кеңейеді. Сондықтан мен өз замандастарымды «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қ.Мырзалиев айтқандай, басқа тілді біле отырып, ең алдымен өз ана тілімізді құрметтеуге шақырамын және бәріне:
Мейлі, сен көп тілді біл «қой» демес ем!
Пушкин, Байрон, Шекспир, Гейнеге сен.
Бірақ сені қазақ деп айта алмаймын
Туған ана тіліңде сөйлемесең, — дегім келеді.
Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте. Оқушылар қазақ тілінде және өзге тілде өлең аудармаларын оқып салыстырады және өз пікірлерін ортаға салады.
Мақалдар жарысады. Оқушылар тіл туралы мақал-мәтелдер жасырып, толықтырып жарысады.
Анам берген туған тілім,
Атам берген құрал тілім.
Ана сүті бой өсіреді,
Ана тілі ой өсіреді.
Ана тілің алпыс тілге татиды.
Тілін білмейтіндер емес, тілін білгісі келмейтіндер — мәңгүрт.
Адам көңілден азады, тілден жазады.
Адамға келген он пәленің тоғызы – тілден.
Адам көңілінен азады,
Тілінен жазады…
Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле. Оқушылар өздерін бітіруші сынып немесе үлкен азамат ретінде орынды сөйлеу, тіл мәдениеті жайлы ой толғайды.
Академик Р. Сыздықова «Тіл мәдениеті дегеніміз – сөздерді дұрыс, орнымен қолдану (лексикалық), дұрыс құрастыру (синтаксистік), дұрыс қиюластыру (морфологиялық), дұрыс дыбыстау (орфоэпиялық), сауатты жазу (орфографиялық), тілді әсерлі етіп жұмсау (лингвостилистикалық) нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру» деп сабақтаса, ғалым Н. Уәли өзінің «Сөз мәдениеті» атты еңбегінде: «Тіл мәдениеті дегеніміз – сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар айқын ойлылық, сөзді дәл айыру шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық» деп жазады.
Қандай адам болмасын, ой-өрісінің, білімінің, мәдениеті мен рухани дүниесінің қаншалықты екені оның жазған жазуынан, сөйлеген сөзінен де байқалады. «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» деп ұлы Абай тегін айтпаған. Ана тілінің мол байлығын игерген, құдіретіне түсінген, күшіне тағзым етіп, бас иген адам өзіне де, өзгеге де талап қоя алады, сөзді қалай болса солай қолдануға жол бермейді. Сөз мәдениеті мен өз мәдениетін қатар ұстап, екеуін бірге әлпештеп, қамқор болса, ана тіліне деген сүйіспеншілігі арта түсері даусыз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қорыта келіп, дөңгелек үстел басындағы барлық қатысушы оқушылар тіл туралы ой-талқыдан кейін жалпы жұртты елдікке, теңдікке, ұлтжандылыққа шақыра отырып М. Шахановтың сөзі мен әніне жазылған «рух пен тіл» атты өлеңін хор ретінде шырқайды.
Рух пен тіл. М.Шаханов
Табиғаттың өзгермейтін заңына бұр бетіңді,
Қай кезде де туған тілің туған анаң секілді.
Бабалардың арманы бар мына қызыл гүлдерде,
Олар елін, тілін қорғап жанын қиған бұл жерде.
Қайырмасы:
Ұлтсыздану заманында,
Тілің нарық табанында,
Көнбістік бар қадамыңда,
Рухыңды басып кетті қарын.
Тіліңді жоғалтсаң,
Діліңді жоғалтсаң
Жоғалтасың ² бәрін.
Адам қанша болғанымен дарынды әрі табанды,
Туған жерін сүймей тұрып сүймек емес ғаламды.
Өзге ананың мазмұнына, мерейіне тор құрар,
Алдыменен өз анасын сүйе алмаған сорлылар.
Нарық-ғасыр бәрін сатып жібере ме алтынға,
Кім қалады сол алтынға сатылмайтын қалпында?
Жалғандық бар ұлтсыздардың беделі мен даңқында,
Ана тілін сыйламаған сыйламайды халқын да.
Бейіс Бану,
«Л.Н. Толстой атындағы орта мектеп» КММ,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Іргелі ауылы