Тарих тереңінде қалмай, сан мәрте сындарлы кезеңнің сызатын жарып, дүние көшіне ілескен қазақ елінің өткен жолы алмағайып.
Мемлекетімізді бүкіл әлемге мойындатқан осы бір парасатты қазақ баласының үлгі тұтар қасиеті әркімге де өнеге мектебі емес пе? «Ел үмітін ер ақтар, Ер атағын ел сақтар» — деп дана халқымыз тегін айтпаған ғой, Қазақстанның Президенті – ел үмітін ақтап жүрген ер азамат, көш азамат.
Елбасы ата-бабаның 4 аманатын көзінің қарашығындай сақтап, қорғап, әлемге танытуда күш салып еңбек етуде. Ол аманат – Ел, Жер, Тіл, Тәуелсіздік. Осы аманатқа адалдық көрсетіп, бүкіл Қазақстан халқының тағдыр-талайын жауапкершілікке алды. Сондай-ақ, еліміздің қол жеткізген жетістіктері Елбасының атқарған еңбегінің көрінісі. Қазақстан Республикасының басында тұңғыш президенті — Нұрсұлтан Назарбаев Әбішұлы сияқты талантты тұлғаның, халқын сүйетін ұлтжанды азаматтың тұрғанын көрмеу, оны сезінбеу мүмкін емес. Мемлекет басшысы сөйлеген сөздерінде қалың елі қазағына тебірене тұрып – «Мен үшін елімді дамыған елдердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ» десе, «Қазақтың өзінің ұлттық қасиеттерінің қайта қалыптасуына қамқорлық жасау – Президенттік те, перзенттік парызым» деген болатын. Достықтың, бірліктің, бауырмалдықтың туын берік ұстап, Қазақстанды әлемге паш етіп отырған ғасыр куәсі болған – еліміздің президенті.
Ғасырлар бойы әбден сұрыпталған, орныққан өзіндік жол-жоралғымыз бар парасатты жұртпыз. Жаман сөз айтпауды, жаманға ермеуді, жалаңаш жүрмеуді, жағымпаз болмауды, жасқаншақ, жасық болмауды жас ұрпақтың санасына құйып отыратын тәлімді халықпыз. Жұрт алдында қасынбайтын, ел көзінше кекірмейтін, кісіге саусақ шошайтпайтын, біреуге телміріп қарамайтын, таңдай қақпайтын, түнде тырнақ алмайтын әдепке үйренген ұрпақпыз. Наданмен дос болмайтын, нақұрысқа сенбейтін, нанды лақтырмайтын, адал асты қадірлейтін момын елміз. Басынан сөз асырмайтын, намысты қолдан бермейтін, туысты қадірлейтін, үлкенді құрметтейтін иманды ұлтпыз. Мен осындай рухани бай елдің азаматшасы болғанымды мақтан етемін!
Жинақтай келгенде, ұлан-байтақ жеріміз бар, қазақты әлемге танытқан кемеңгер еріміз бар — біз қандай бақыттымыз десеңізші! Ендеше еліміздің халық санына қарамастан, жерімізге еге болып отырған елбасымызға мың алғыс!
Агмасова Айман Ибадуллаевна,
№62 Н.Төреқұлов атындағы жалпы орта мектеп,
ОҚО, Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы