Home » Мақалалар » Қазақтың ұлттық дәстүрлі музыка мектебі моделінің үлгі жобасы

Қазақтың ұлттық дәстүрлі музыка мектебі моделінің үлгі жобасы

 

Қазақ әуені — ғасырлар бойы қалыптасқан құбылыс. Жаһандану үдерісі басталады дегеннің өзінде оның жойылуы да ғасырларға кетеді. Дәл бүгін — ертең төніп тұрған қауіп жоқ. Бірақ ұлттық әуен — нақышымызды қалай сақтап қалуымыз керек деген мәселені осы бастан ойластырғанымыз жөн.

Ұлттық сананы қалыптастыру ұлттық мәдениет, ұлттық өнер, ана тілі арқылы іске асырылатын күрделі үрдіс. Барлық ұлттар мен ұлыстарға тән адамгершілік қасиет нышандарын қазақ халқының мәдениетінен, дәстүрінен, әдет — ғұрпынан, дәстүрлі өнері мен тұрмыс-тіршілігінен іздеп табуға болады. Оны оқып үйрену күштеу арқылы емес, саналы түрде бала жастан  басталуы, ұйымдық және әдістемелік жағынан қамтамасыз етілуге тиіс.

Осы мақсатты көздей келе ұстазым педагогика ғылымының кандидаты Альчимбаева Айгүл Бахытжанқызымен пікірлесе отырып халқымыздың атадан балаға жалғасқан бай салт — дәстүрін зерделеп, дәстүрлі ұлттық музыка мектебінің жобасын жасадым.

Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ұлтқа пайдасы зор талай игі істер тындырылуда. Соның ішінде, әсіресе, қазақтың дәстүрлі өнерінің өркен жаюына, олардың кейінгі ұрпаққа жоғалмай жетуіне жол ашатын қомақты шаруалар жасалуда. Біздің де көздеп отырған мақсатты тілегіміз осы бағдарламаға өз идеямызды, ойымызда жүрген  перспективалық жобаны ұсыну болып табылады.

Қазіргі музыкалық мектептерде болашақ Қазақстанның азаматы ретінде жеке тұлғаның қалыптасуына, оның қабілеті мен іскерлігінің дамуына мүмкіндіктер аз. Ұлттық мәдениетті игеру, білім, білік, қоғамдық моральдық  қарым — қатынас ережелерін меңгеру, одан өзге ұлттық қолөнермен, әдебиетпен, ғылыммен айналыстыру жалпы айтқанда жеке тұлғаны мәдениеттендіру тарапынанда ешқандай ұйымдардың болмауы, өзіміздің ата — бабаларымыздың мұрасын игеруге, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, жаңғырту негізінде жұмыстардың жүргізілмеуі дәстүрлі ұлттық музыка мектебі жобасын құруға негіз болды.

Жоба ғимарат құрылысынан бастап ішкі дәрісханалардың жіктелуінен, пәндік ерекшеліктері мен негізгі дәстүрлі ұлттық музыка өнерінің түрлеріне сипаттама беру арқылы құндылығын баяндауда.

Ғимараттың  сыртқы көрінісі қазақ халқының этникалық тұрмыс — тіршілігін айқындайтын  қазақ үйі пішініне үйлестіріліп келтірілген. /Қосымшада. Кесте 1, 2/

Жобада үш қабатты оқу блогі көзделеді.

Бірінші қабатта:

  • «Киелі домбыра» мүсіні. Дәліздің дәл ортасында мектептің символы ретінде қазақ халқының өнерінің шоқтығын бейнелейтін домбыраны биікке көтеріп тұрған қазақ ұл — қызының бейнесі.
  • Әкімшілік, ұстаздар бөлмесі.
  • ОРКЕСТР залы. Залдың ішкі келбеті қазақ халқының ұлттық ою — өрнектерімен безендірілген. Өткен ғасырдағы қазақтың әйгілі күйшілері мен күйшілік өнерді насихаттаушы өнер тарландарының портреттері. Тарихи тұлғаларымыз бен күйші-композиторларымызға арналған қалқандар.
  • «Дәстүрлі өнер» концерт залы. Залдың ішкі келбеті қазақ халқының ұлттық ою — өрнектерімен безендірілген. Залда қазақтың дарабоз әнші — күйшілерінің, жыршы — термешілерінің, сыр сүлейлерінің портреттері және дәстүрлі өнерімізге арналған қалқандар еңгізілген.
  • Ұлттық киім, аспаптар қоймасы
  • Ұлттық аспаптар шеберханасы. Бұл шеберханада оқушылардың жас ерекшелігіне, физиологиялық дене құрылысына ыңғайластырып жасалған аспаптарға тапсырыс беруге мүмкіндік жасалған. Сирек кездесетін аспаптарды осы шеберханада жасатып, қол жеткізу мүмкіндігі көзделеді.
  • «Қазақ дастарханы» асханасы. Қазақ дастарханы асханасында тек қазақтың ұлттық тағамдары даярланады /бауырсақ, құрт-ірімшік, қазы-қарта т.б./. Айран, шұбат, сүт сияқты сусындардың болуы ұлттығымызды дәріптейтін ең тиімді тұсы. Себебі ұлттық тағамдарымыз тұлғаның күш — жігерінің молаюына, сергектікке, денсаулықтың мықты болуына септігін тигізері анық.
  • Фольклорлықэтнографиялық ансамбль бөлмесі. /Ішекті, ұрмалы, үрмелі, көнерген қазақ ұлттық аспаптарынан құралған ансамбль/
  • Конференция залы. Конференция залында мектепішілік ғылыми жобаларды, ізденіс жұмыстарын қорғау негізге алынған. Оқушылардың шешендік өнерге, ұшқырлық пен ұтқырлыққа бағытталған ойындар мен дебаттарды және т.б. ұйымдастыру жұмыстары іске асырылады.

Екінші қабатта:  Жеке музыка кластары

  • Домбыра класы
  • Қобыз класы
  • Ән — жыр класы
  • Жетіген класы
  • Айтыс класы
  • Ұрмалы, үрмелі, сілкімелі, тілшелі аспаптар класы
  • Қазақ музыка әдебиеті класы
  • Теориялық білім беру класы т.б.

Үшінші қабатта: Мектептің ең жоғарғы бөлігі шаңырақ пішініне келтірілген. Себебі, қазақ қашанда шаңырақтың өзін күн шапағына  теңеген. Осындай ұлылықты ескере отырып, төрт құбылаң тең болсын деген ниетпен үшінші қабаттағы бөлмелерді төрт залға топтастырдық. [11]

Оң қанатында:

  • Дәстүрлі өнер тарландарының тарихи шежіресі /көрме мұражайы/. Бұл көрме мұражайынан шоқтығы биік өнер жұлдыздарының, өнер тарландырының өмір деректері, жеткен жетістіктер мен мәртебелі беделі туралы оқып біле алады.  Атақты өнер иелерінің шәкірт тәрбиелеудегі жалғасқан шежіресін көруге болады.
  • Халық аспаптар мұражайы. Мұражайда халық аспаптарының түрлері жинақталған әрі көне үлгілерінің қаңқалары мен нобайларын ендіруге жинақталады. Аспаптардың шығу тарихы, жасалу ерекшеліктері туралы қысқаша сипаттама беріледі.

Сол қанатында:

  • Дәстүрлі музыка орталығының студиясы. Оқушылар студияда мұрағат қорында сақталған бейнетаспа, үнтаспалар арқылы белгілі орындаушының өзінің орындауындағы ән — күйлерін тыңдай алады. Сонымен қатар, өз шығармашылығын осы студияда үнтаспаларға жазып сақтайды. Студияда келесі жұмыстарды жүргізуді қамтуға болады:
    • дыбыс жазу қорына қазақтың жаңа дәстүрлі музыкалық үлгілерімен толтыру және сақтау;
    • дәстүрлі музыкалық шығармалардың үлгілерін жазу мен жинақтау;
    • фольклорлық материалдарды өңдеу, жүйелеу және музыкалық аудиотаспаларды нотаға түсіру;
    • Музыкалық мұраларды зерттеу, насихаттау және мұрағаттау мақсатында ақпараттық (жоғары) технологияны қолдану және енгізу (аудио – видео – фоно — фотомұрағаттарды сандық форматта сақтау электрондық және МетаБазалық мәліметтер арқылы жүзеге асыру;
    • Музыкалық — этнографиялық жинақтарды құрастыру және редакциялау;
    • дәстүрлі музыка саласын ғылыми — теориялық тұрғыда зерттей отырып жетекшілік ету;
  • Кітапхана, оқырмандар бөлмесі. Мұнда қазақ музыкасының мол мирасы — сирек кездесетін кітаптар мен нота жазбалары, баспасөз беттеріне жарияланған мәліметтер мен деректер, музыкалық журналдар, пәндік оқулықтар қоры сақталады. Кітапхана құрамында кішігірім ғылыми орталық ұйымдастыруға болады. Ғылыми орталық келесі жұмыстарды басқарады:
    • дәстүрлі музыканың түрлі жанрдағы (фольклорлық, кәсіби — пәндік, эпикалық және аспаптық) ноталық жинағын құру, редакциялау және шығару;
    • фольклорлық экспедициялар бойынша Семинарлар, Есептер және дәстүрлі музыка проблемалары бойынша ғылыми және ғылыми – тәжірибелік конференцияларды ұйымдастыру;
    • Дәстүрлі өнерге қатысты шағын зерттеу жұмыстарын жүрізу және насихаттау.
  • Дәстүрлі өнер тарландарының тарихи шежіресі./көрме мұражайы/.

 

Ұлттық мәдениеттің және дәстүрлі музыканың ең жақсы дәстүрлерін сақтау және дамыту жөніндегі мәселе мектепте өтілетін негізгі пәндердің саны мен сапасының арттыруына байланысты. Дәстүрлі музыкаға сүйіспеншілікті ояту мен әрекет ету механизмдерін жандандыру мақсатында мына пәндер еңгізілуі қажет деп санаймыз:

  • қазақ тілі мен әдебиеті;
  • қазақ музыкасы әдебиеті;
  • әлем музыкасы әдебиеті;
  • қазақ музыкасы тарихы;
  • жеке музыка/аспапта ойнау, ән салу және т.б./
  • актерлық шеберлік;
  • сахналық шеберлік;
  • этика, эстетика;
  • теорияық білім беру;
  • дирижерлау;
  • мәдениеттану;
  • психология.

Болашақта дәстүрлі музыка өнерінің тұлғалары осындай дайындықтан өтсе,  мәдени мұрамызбен ұлттық өнеріміздің ізін жоғалтпай сақтап қалуға негіз болар еді. Оның қазіргі заман мәдениет жүйесіндегі орны аса күрделі, кәсіби өнер аясында және халық ортасында сұранысқа ие. Себебі, ұлттық (дәстүрлі) мәдениет пен өнерді сақтау және дамыту міндеттері Қазақстанды дамыту жөніндегі Мемлекеттік бағдарламасының құрамдас бөлігі ретінде енгізілуі және еліміздің мәдени саясатының негізгі бағыттарының біріне айналуы қажет.

Бұл жоба ұлттың рухани қайта жандануына апаратын бірден бір жолы ретінде дәстүрлі мәдениет пен ұлттық музыка өнерін  қайта қалпына келтіруге септігін тигізер  деген пікірдеміз.

 

                                                                       Сәденова Гүлжаухар Өмірсерікқызы,

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы

Т. Салқынбайұлы атындағы

әуез мектебінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.